ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 2-4 қыркүйек аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 2-4 қыркүйек аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі


ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

27 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында молдовада «кодры-2011» атты апаттар салдарын жою жөніндегі НАТО жаттығулары өтеді. Оған 30 елдің өкілдері, соның ішінде қазақстандық мамандар да қатысады.

ӘЛЕМ

26 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Варна қаласында (Болгария) «Махаббат - бұл есуастық» атты ХІХ халықаралық кинофестиваль өтеді.

2-7 қыркүйек аралығында Берлинде (Германия) халықаралық ірі IFA-2011 тұрмыстық электроника көрмесі өтеді.

СПОРТ

2 қыркүйекте «Нұр Отан» ХДП үстел теннисінен тірек-қозғалу мүшелері кемтар мүгедек-спортшылар арасында ҚР чемпионатын өткізуге арналған брифингі ұйымдастырады.

2 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда 2013 жылы жастар арасында өтетін футболдан жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі өтеді.

2 қыркүйекте Алматы әуежайында К2 шыңын бағындырған қазақстандық альпинистер М.Жұмаев пен В.Пивцовты салтанатты қарсы алу рәсімі өтеді.

АСТАНА

2 қыркүйекте Астана қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі балаларға ақшалай сертификаттар тапсырады.

АЛМАТЫ

2 қыркүйекте «Rixos Almaty» қонақүйінде «Халықаралық салық салу - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру факторы» атты конференция өтеді.

2 қыркүйекте «Old Square» бизнес-орталығында «Тетра Пак сүт өнімдері нарығының 2010 жылғы индексі» атты баспасөз мәслихаты өтеді.

ҚОҒАМ

2 қыркүйекте KAZENERGY қауымдастығы арнаулы түзету мектеп-интернатында қайырымдылық акциясын өткізеді.

2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтуде .

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтуде.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

15 шілде мен 15 қыркүйек аралығында Қостанайда «мектепке жол» акциясы өтуде.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

15 тамыздан бастап Қарағанды облысында «Әрбір бала білім алуға құқылы» атты әлеуметтік SMS-акция жүргізіледі. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасуда.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

2011 ЖЫЛҒЫ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА:

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

295 жыл бұрын (1716) қазақ ханы Қайып Сібір генерал-губернаторына Бекболат Екешұлы мен Байдәулет Бөріұлы бастаған елшілігін жіберді. Ол бұл елшілікке өзінің Ресеймен бейбіт қарым-қатынаста болуды, жоңғарларға қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келісімге келуді қалайтынын жеткізуді тапсырды. Сонымен бірге елшілік Қайып ханның екі ел арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін жағдайларды болдырмауға тырысатынын, Қазақ Ордасының Ресеймен сауда-саттық жасауға мүдделі екенін жеткізді.

90 жыл бұрын (1921) Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты өз қызметін Орынбор қаласында 1921 жылы бастаған. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты - еліміздегі ең алғаш Қазақстанның даму тарихы құжаттарын жүйелеп, бір қалыпқа келтіріп жинақтаған мұрағат. Мұрағат XVIII-ші ғасырдың орта кезеңінен бастау алған революцияға дейінгі құжаттардан бастап осы кезеңге дейінгі құжаттарды сақтауда. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты Қазақстан тарихының үш кезеңінің: кеңестік дәуірге дейінгі, кеңестік дәуір мен еліміздің тәуелсіздігі кезеңіндегі құжаттарды сақтап отырған бірден бір мұрағат. Қазіргі таңда мұрағат 1 миллион 300 шамасындай құжаттар сақтап отыр.

70 жыл бұрын (1941) қазақ ақыны Жамбыл неміс фашистерінің қоршауында қалған Ленинград қаласының қорғаушыларына «Ленинградтық өрендерім!» өлеңін арнады. Ақынның бұл жыры майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады, рух берді.

50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерінің әскери апталық «Қалқан-Щит» газеті шыға бастады. Бастапқыда «На боевом посту» және «Дзержинец» деген атаулармен шыққан. Ұзақ жылдар бойы жабық басылым болып, «Бөлімнен шығарылмасын» деген белгі қойылып отырған. Газет құрылымында әскери қызмет және әзірлік, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, хат-хабар және бұқаралық жұмыс бөлімдері бар. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің тыныс-тіршілігін жазатын бұл басылым қазақ және орыс тілдерінде Астана қаласынан шығады.

10 жыл бұрын (2001) Астана қаласында «Шежіре» галереясының алғашқы экспозициялық жұмыстары Әбдірашит Садыхановтың жеке сурет көрмесінен басталды. Содан бері аталмыш галереяның көрмелері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Галереяның ашылуындағы басты мақсат - Қазақстан суретшілерінің туындыларын, ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттап, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу. Галереяда қазақстандық және шетел бейнелеу өнер шеберлерінің, атап айтқанда Марат Бекеевтің «Смута», Гүлмира Телғазиеваның «Сәукеле», апалы-сіңлілі Габолардың «Аромат Востока», т.б. жаңа ізденістерге толы туындылары болды.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 2-І, ЖҰМА

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні (1939-1945). Дәл осы күні 2-ші дүниежүзілік соғыстағы не бары үш аптаға созылған аса маңызды операциялардың бірі сәтті аяқталып, Жапонияның сөзсіз тізе бүккендігі жөніндегі Актіге қол қойылды. Ұлы Отан соғысында әбден шыңдалған кеңес армиясы мақтаулы Квантун армиясының тас-талқанын шығарды.

Ресей Ұланының күні. 2000 жылғы желтоқсандағы РФ Президентінің Жарлығымен бекітілген. Ресей Императорлық Гвардиясы Петр бірінші билік еткен тұстарда Преображенский және Семенов полктері негізінде құрылған болатын. Бұл полктер 1918 жылы таратылып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қайта құрылды. 1941 жылы Смоленск түбіндегі ұрыстарда ерекше көзге түскен төрт атқыштар дивизиясы Сталиннің бұйрығымен гвардия атауын алды. «Гвардия» атағы кеңес Қарулы Күштерінің Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлік көрсетіп, көзге түскен әскери бөлімдеріне, кемелеріне, құрамаларына және құрамдарына берілді. Әскери құрамалар гвардия туын, ал жеке құрамдар гвардия туы мен төс белгісін алды.

Вьетнамның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1945). Вьетнам - Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігі Қытаймен, батысы Камбоджа және Лаоспен, шығысы мен оңтүстігі Оңтүстік-Қытай теңізімен шектесіп жатыр. Астанасы - Ханой қаласы. Мемлекеттік тілі - вьетнам тілі. Ақша бірлігі - жаңа донг.

Қазақстан Республикасы мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 29-ында орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1994) Алматыда Райымбек батыр кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі болды.

17 жыл бұрын (1994) Қазақстандағы консалтинг қызметі нарығының көшбасшыларының бірі «Tenir Project» ЖШС-і құрылды.

16 жыл бұрын (1995) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жазушы Морис Давидович Симашко «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алды.

Симашко Морис Давидович (1924-2000) - Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері. Одесса педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы шығармаларының басты тақырыбы - Қазақстан, Ресей, Орталық Азия және Таяу Шығыстың тарихы мен ежелгі мәдениеті болды. Көркем аударма саласында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын, тағы басқалардың шығармаларын орыс тіліне тәржімалады.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Казахстан: история успеха глазами мирового сообщества» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті

Ұйымдастырушысы - Қазақстанның Атамекен жалпы ұлттық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы.

Бұл Қазақстан туралы басқа мемлекеттер басшыларының, беделді саясаткерлердің, ғалымдардың, бизнесмендер мен журналисттердің айтқан пікірлері жинақталған бірінші кең көлемді жинақ болып отыр. «Казахстан: история успеха глазами мирового сообщества» атты кітабын жазу идеясы жалпы ұлттық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының шағын және орта бизнестің жаңа идеологиясын іздестіру кезінде пайда болды.

Кітап қазақ және орыс тілдерінде Алматының «Таймас» баспа үйінен басып шығарылған.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстанда алғашқы рет күрт тілінің оқулығы жарық көрді.

Авторы - «Барбанг» күрттер қауымдастығының президенті Князь Мирзоев.

Қазақстанда қазіргі кезде күрт ұлттының 50000 өкілі тұрып жатыр. Күрт ұлтты өкілдерінің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалған. Аталмыш жерлерде күрт ұлтының мәдениет орталықтары және күрт тілінде оқытатын мектептер ашылып жатыр. Республикамыздың Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында ұлттық-мәдениет орталықтары жұмыс істейді, орыс тілінде ай сайынғы «Курде Зана» газеті шығады. Жұмыс істеп тұрған «Барбанг» Қазақстандағы күрттер қауымдастығы Қазақстан халқы ассамблеясына бірінші болып кірген қоғамдық ұйым болып табылады.

4 жыл бұрын (2007) Алматы қаласының орталық көрме залында «Мәскеу. 10 жылдық өрлеу кезеңі» атты көрме ашылды.

Бұл бұрынғы кеңестік ресупубликалар арасындағы өзара көрмелер алмасу жөніндегі іскерлік келісім-шарт бойынша алғаш рет жүзеге асып отырған шара болып саналады. Онда 140 ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған 13 миллионнан астам тұрғыны бар қала тарихынан сыр шертетін фотосуреттер топтамасы көрермен назарына ұсынылды. 1990 жылдардың бас кезінде Мәскеу өмірінде мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда түбегейлі өзгерістер болды. Ресей астанасы бұл күнде жаңару кезеңін бастан кешуде. Қалада іскерлік орталықтар, кеңселік кешендер мен сауда және ойын-сауық орталықтары бой түзеуде.

2 жыл бұрын (2009) Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алу құрметіне обелиск орнатты.

Жамбыл ауданнының орталығы Пресновкада ескерткіш орнату туралы шешім офицерлер жиналысында қабылданған болатын, ал қаржыны полицейлердің өзі жинады.

Сергей Васильченко, Ерік Оспанов, Александр Гордеевтердің есімін ауданның әрбір тұрғыны біледі. Олар - әр жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полицейлер.

Обелискінің ашылу рәсіміне аудан басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, қаза болған қызметкерлердің туыстары шақырылды. Бір минуттық үнсіздіктен және үш дүркін оқ атылған соң ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

40 жыл бұрын (1971) Біріккен Араб Республикасы өзінің тарихи атауы Мысырды қайта алды.

15 жыл бұрын (1996) Украинада жаңа валюта гривна енгізілді.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1997) тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстанда геомеханиканың негізін салушы, мектебін құрушы, жазушы МАШАНОВ Ақжан Жақсыбекұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде, Геология ғылымдары институтында, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ политехникалық институтында ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты.

Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы - кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған. Ол геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология тәрізді пәндердің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Сөйтіп, өз алдына дербес ғылым саласының ортақ өзегін іздеу барысында Эйлер теориясын жаңғыртатын жаңалық жасады. Ғалым тау-кен өндірісінде геомеханика заңдарын іс жүзінде қолдана отырып, бір-біріне қарама-қарсы екі мәселені шешуді мақсат етті: 1) тау жыныстарының кернеулі-деформация күйінің теориялық негізін анықтау; 2) тау-кен жұмыстары кезінде күрделі кен қазбаларының, жер бетінің орнықтылығын және жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жасау. Осы мәселелерді біріктіре шешу - тау жыныстарының жер қойнауындағы жай-күйін, құрылымдық ерекшеліктерін және беріктілік қасиеттерін зерттеуге негізделген. Жер астындағы кеннің геологиялық құрылымын анықтау үшін алғаш рет жер қойнауының геометриясы әдісін қолдана отырып, Ақбастау-Құсмұрын кен өрісін ашты. Қазақстанда геомеханика мектебін құруға және соғыс жылдарында Лениногор, Зырьян, Торғай, Жезқазған, Қаратау кен орындарын ашуға қатысты. Ақжан Машанов геология, тау-кен ісі, маркшейдерия ғылымдарының мемлекеттік тілде дамуына ерекше көңіл бөліп, қазақ тілінде оқулықтар мен сөздіктер шығарды. Жаратылыстану ғылымдарындағы ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, гуманитарлық мазмұн-сипатта дамытуда көп іс атқарды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғылыми-көпшілік, фантастикалық жанрларына да үлес қосты. Оның «Жер астына саяхат» атты кітабы көптеген оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты.

Машанов әл-Фараби еңбектерін түп нұсқасында оқу үшін 60 жасқа таяған шағында араб тілін меңгеріп, ғұлама ғалым еңбектерін тереңінен зерделеуге мүмкіндік алады. Иоганн Кеплердің «Аспан музыкасы» деген кітабындағы көп деректердің әл-Фарабидің «Астрологиялық трактаттарынан» алынғандығына көз жеткізеді. Осы жөніндегі өз ғылыми тұжырымдамасын «Орта Азияның мәдениет шамшырақтары» мақаласында түйіндеп, оны 1972 жылы Кувейтте жарық көретін «әл-Фараби» журналында жариялайды. Артынша Кувейттің белгілі ғалымдары «жұлдыздар туралы алғашқы ғылыми пікір білдірген Әбу Насыр әл-Фараби екенін қазақстандық Ақжан әл-Машани мырза толық дәлелдеді» деп жазды. Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар еңбегі ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеп, оның Отырар өлкесінің перзенті, қазақ екендігін дүниежүзі ғалымдарына мойындатқаны еді. Бұл жолда ол Батыс Еуропа, Азия елдерінің, Лиссабон, Лондон, Париж, Берлин, Қазан қалаларындағы кітапханалардан әл-Фараби еңбектерін жинады. 1968 жылы Дамаск қаласындағы зираттан әл-Фараби жерленген қабірді тауып, 1978 жылы Алматыда бабамыздың 1100 жылдығына арналған халықаралық конференцияны өткізудің көшбасшысы болды. Ол әл-Фараби мұрасын ислам дінімен және қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде фарабитанудың негізін салушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды. «Әл-Фараби» тарихи романында оның көркем бейнесін сомдаса, «әл-Фараби және Абай» еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, ислам ғылымын зерттеуде де көп тер төкті. 1984 жылы Кувейтте шығатын «әл-Ғараб» мерзімдік басылымында «әл-Машани» бүркеншік атымен өзінің зерттеулерін жариялады. Машанов 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық, және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырды. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Жаратылыстану институтына әл-Машани аты беріліп, әл-Машани мұраларын зерттейтін орталық пен Машани аудиториясы ұйымдастырылды.

85 жыл бұрын (1926-1983) кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері ҚАРСАҚБАЕВ Абдолла дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1947-1983 жылдары - «Қазақфильм» студиясында режиссер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де...» (реж. Сұлтан Қожықовпен бірге), «Қанатты сыйлық» (Александр Слободник және Эмир Файкпен бірге), «Ботагөз» (Ефим Аронмен бірге) атты көркем фильмдерді қоюға қатысты. Тарихи тақырыпқа арналған «Қилы кезең», «Даладағы қуғын» секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шеті», «Ақтөбе», т.б. деректі фильмдер қойған.

65 жыл бұрын (1946) «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының корреспондент мүшесі, милиция полковнигі ҚОНЫСБАЕВ Айтбай Мамышұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында туған. Семей қаржы экономика техникумын, КСРО Ішкі істер министрлігі Омбы жоғары милиция мектебін бітірген. 1969-1990 жылдары - Семей облыстық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының тергеушісі, аса ерекше істер жөніндегі тергеушісі, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, бастығы, басқарма бастығының орынбасары. 1990-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі комитетінің мүшесі, Экономикалық реформа, қаржы және бюджет мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. 1994 жылы - «Қазметалл» АҚ-ының бас заңгер-консультанты. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Жоғарғы Кеңестегі өкілі. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметінің Парламенттегі өкілі. 1999 жылы - Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі. 1999-2005 жылдары - Қазақстан азаматтық патиясы Орталық комитеті аппаратының Астана қаласындағы өкілдігінің басшысы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Парламентінде «Атамекен» одағының өкілі. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасының Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті. 2001 жылдың ақпанынан зейнеткерлік демалыста.

Медальдармен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 3-І, СЕНБІ

Катар Мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1971). Катар - Парсы шығанағының Катар түбегінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Доха қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - Катар риалы. Мемлекеттің саяси құрылымы - абсолютті монархия. 1971 жылы Катар тәуелсіз мемлекет болып жарияланып, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасына қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас1993 жылғы шілденің 1-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы туралы» Жарлығы жарық көрді.

6 жыл бұрын (2005) «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы мен Қазақ мәдени орталығының қолдауымен Нью-Йоркте белгілі қазақстандық суретші, кітап безендіру шебері Ғали Мырзашевтің көрмесі ашылды. Түрлі халықаралық байқаулардың лауреаты, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтының түлегі Ғали Мырзашев американдық өнер әуесқойларының назарына «Уақыт жолдары» деген атпен өз туындыларының топтамасын ұсынды. Қазақстанмен бейтаныс американдық өнерсүйер қауым ұлттық мәдениеттің байлығы мен өзіндік бейнесіне бейжай қалмады.

4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы халықаралық республикалық қазақ-түрік лицейі салтанатты түрде ашылды.

Мектепте керемет жабдықталған спортзал, бассейн, конференц- және акт залдары, кабинеттерге мультимедиа жабдықтары орнатылған. Мектеп 1 000 оқушыға есептелген. Гуманитарлық сабақтары қазақ тілінде, ал техникалық сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Орташа есеппен алғанда оқудың жылдық құны 4000 АҚШ доллары.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстан тарихында тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандық оқушылар үшін «Жаңа Қазақстан - жаңа әлемде» интерактивті сабағын өткізді. On-line режимінде өткен сабаққа республика бойынша мыңдаған оқушылар қатысты.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола облысының Щучье ауданы Бурабай ауданы деп өзгертілді.

2 жыл бұрын (2009) Атырауда әлемдік мұнай индустриясы туралы бірінші қазақстандық «Мұнай: кеше, бүгін, ертең» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Осы ғылыми-танымал басылым мұнай туралы ғаламдық, әлемдік ауқымда біздің еліміздегі көмірсутек ресурстарын өнеркәсіптік өндірудің ғасырлық тарихын қамтитын қазақстандық автормен жазылған энциклопедиялық сипаттағы бірінші зерттеу жұмысы болып табылады.

Авторы - экономика ғылымдарының докторы, профессор, Минералдық ресурстар халықаралық академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының және Еуразия экономикалық академиясының академигі Равиль Тәжіқараұлы Шырдабаев. Әр түрлі уақытта Украинада және Молдовада елші, Атырау облысы әкімшілігінің басшысы, Тәуелсіз Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібінің тұңғыш министрі қызметтерін атқарған.

35 жыл бұрын (1976) Марс беті тұңғыш рет түрлі-түсті суретке түсірілді.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1951) Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бастығы ШЕРУБАЕВ Айтқазы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1978-1980 жылдары - Шығысмашзауытының инженері, құрастырушысы, сектор меңгерушісі. 1980-1981 жылдары - Үлбі жылу желілері кәсіпорынының шебері, бастықтың міндетін атқарушы. 1981-1986 жылдары - Өскемен жылу желілері кәсіпорынының бас инженері. 1986-1988 жылдары - «Электросантехмонтаж» құрылыс басқармасының бастығы. 1988-1993 жылдары - Үлбі аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық кеңестің төрағасы, аудан әкімдігінің басшысы. 1993-1997 жылдары - Өскемен қаласы әкімдігі басшысының, әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2008 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық Еңбек, халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы, Шығыс Қазақстан облыстық Халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың шілдесінен бастап істейді.

50 жыл бұрын (1961) «Астана» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері ОҢҒАРБАЕВ Еркін Әнуарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебін, КСРО Ішкі істер министрлігі Мәскеу жоғары мектебінің адъюнктурасын бітірген. Қарағанды жоғары мектебі комсомол комитетінің хатшысы, оқытушы, аға оқытушы доцент, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің маңызды істер жөніндегі аға инспекторы. 1998-1999 жылдары - Қарағанды жоғары мектебі бастығының орынбасары. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оқу орындары басқармасының бастығы, бас кеңесші. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі. 2003-2007 жылдары - Қазақ мемлекеттік заң академиясының - Қазақ мемлекеттік заң университетінің проректоры, бірінші проректоры, вице-президенті. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы. 2010 жылдың қаңтарынан «Парасат» «Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ының басқарушы директоры - басқарма мүшесі болған. 2011 жылдан - қазіргі қызметінде істейді.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 4-І, ЖЕКСЕНБІ

Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес қыркүйектің бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа да мерекелердің тізімі бекітілді. Осы Жарлыққа сай Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні - қыркүйек айының бірінші жексенбісі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

58 жыл бұрын (1953) Қарағанды политехникалық институты ашылды. Қазіргі таңда аталмыш білім ордасы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті деп аталады. 2002 жылы Францияда Қазақстанның өнеркәсібіне арнайы мамандар даярлаудағы жоғары сапасы үшін Өнеркәсіпке жәрдемдесу қауымдастығының Алтын медаліне ие болды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басылымы «Сақшы» газеті қазақ тілінде шыға бастады.

6 жыл бұрын (2005) Сеулде Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты (ҚМПҚИ) мен Корея Республикасының Каннам университеті (КУ) арасында Академиялық алмасулар және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Каннам университеті Оңтүстік Кореяның мәртебелі оқу орындарының бірі. Бүгінгі таңда бұл жоғары оқу орны гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарға мамандануда. Іргесі 1886 жылы қаланған Ихва білім ордасы - әлемдегі аса ірі университеттердің бірі болып табылады. Оның құрамында 14 колледж бар, 21 мың студент оқиды.

4 жыл бұрын (2007) елордадағы «Оберег» ұлттық-мәдени орталығының қолдау көрсетуімен Қазақстандағы украин диаспорасына арналған «Вести Украины» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Басылым айына екі рет, сенбі күндері 4 мың данамен өз оқырмандарына ұсынылады.

2 жыл бұрын (2009) Прагада Чех Республикасында Қазақстан халқының мәдениет күндері ресми түрде ашылды.

Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Елшілігі, «Елім-ай» қазақстандық мәдениет орталығы, Ресей мәдениет орталығы.

Чех Республикасында Қазақстан халқының мәдениет күндері аясында біздің еліміз туралы деректі фильмдер көрсетілді, «Қазіргі Қазақстан» және «Елім-ай - төрт жыл» фотокөрмелері, «Қазақстан - Менің Отаным» балалар суретінің көрмесі болып өтті.

2 жыл бұрын (2009) Астанада «Самұрық-энерго» АҚ мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасы электр энергиясын алу үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, сондай-ақ Қазақстанда жел және күн электр стансаларын салу жобаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум бойынша, тараптардың жұмысы Қазақстанда аталған энергетиканың техникалық базасына ұсыныстар жасауға, қажетті талдау шараларын жүргізуге бағытталатын болады, енді Жоңғар қақпасы ауданында, Шелек дәлізінде, Форт-Шевченко аумағында жел электр стансалары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалмақ.

2 жыл бұрын (2009) Астана қаласының ескі орталық алаңынан «Халықтар достастығы 2009» ұранымен V халықаралық автожорық сапарға аттанды. Автокөліктер Астана-Бурабай-Көкшетау-Қостанай-Ақтөбе-Орал бағыттарымен жалпы ұзындығы 2086 шақырым жолды еңсеретін болады. Автожорықты орайластырып, ұйымдастырған «Mercur auto» компаниясы мен Volkswagen AG концерні.

40 жыл бұрын (1971) Аляска тауларына «Боинг - 727» ұшағы соқтығысып, апат салдарынан 110 адам көз жұмды.

20 жыл бұрын (1991) Қырымның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды.

20 жыл бұрын (1991) Екатеринбург қаласы тарихи атауын қайта алды. Қаланың іргетасы В.Татищевтің бастамасымен 1723 жылы металлургиялық зауыт құрылысының басталуына орай қаланып, императрица Екатерина біріншінің құрметіне аталған.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-1997) қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СИТЬКО Александр Тимофеевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Алтай аймағында туған. Томск мемлекеттік университетін бітірген. 1950-1970 жылдары - Орталық Қазақстан геологиялық басқармасының бас инженері, геологиялық барлау партиясының бастығы, бөлім бастығы, басқарма бастығы. 1971-1974 жылдары - Қазақ КСР Геология министрі. 1974-1981 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары. 1982 жылы зейнет демалысына шығып, Республикалық геологиялық қоры бастығы қызметін атқарған.

Ленин, Қазан төңкерісі ордендерімен, медальдармен марапатталған.