ҚазАқпарат-Анонс: 31 желтоқсан - 2011 жылғы 2 қаңтар аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None

АСТАНА

31 желтоқсанда Астана қаласының «Көңілді тапқырлар» театры, жаңажылдық концерт, Конгресс-холл

31 желтоқсанда «Жаңа жылды қарсы алар кез келді!» атты жаңажылдық мереке. Қала әкімдігі алдындағы алаң.

31 желтоқсанда қоғамдық дауыс беру аяқталады, оның нәтижелері бойынша Қазақстанда «Sport Review» журналының версиясы бойынша жылдың үздік споршы қызы мен спортшы ер азаматы анықталады. Олардың есімдері 2011 жылдың 12 қаңтарында жария етіледі.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

31 желтоқсанда сағат 12.00-де голливудтық режиссер Тимур Бекмамбетовпен жедел желі өткізіледі, оның барысында ол Қазақстанның ірі блогы арқылы (www.yvision.kz ) интернет-пайдаланушыларының сұрақтарына жауап береді.

ТМД

Польшадағы Еуро-2012 дайындау жергілікті ұйымдастыру комитеті жанкүйерлер арасында «Біздің құрама үшін жанкүйер бол - біз тарихты бірге жасаймыз» байқауын жариялады. Оның жеңімпаздары «Еуро-2012 достары» атанады. 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылатын байқауға 16 жасқа толған адамдар қатыса алады.

2011 жылдың 1 қаңтарында Кеден одағында транзит декларациясы мен тауарлар декларациясының жаңа формасы енгізіледі.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 31-І, ЖҰМА

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстандағы Шүлбі кентінде жаңа балалар үйі ашылды.

20 мың шаршы метрден астам ауданды құрайтын балалар үйі 160 орындыққа есептелген.

1 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда алғаш рет жалпы көлемі 1,505 мың шаршы метрді құрайтын, республикалық бюджет есебінен салынған 20 пәтерлі үй жалға берілді.

Жалдамалы үйден аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері мен ұзақ жылдар бойы үйдің кезегінде тұрған азаматтар пәтер алды. Коммуналдық төлемдерді есептемегенде пәтерді жалға алу құны 4 мыңнан 12 мың теңгеге дейінгі аралықта.

1 жыл бұрын (2009) Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Үміткер аулындағы мектепке ғалым-агроном Қылыш Бабаевтың есімі берілді

Қылыш Бабаев (1913-1948) - ауыл шаруашылығы саласындағы ғылым қайраткері. 1943 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағын алды. В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1925-1997) музыкатанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері РСАЛДИН Жиенбек Жұманбайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Жаңарақа ауданында туған. Қарағанды педагогикалық институтын, Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) және оның аспирантурасын бітірген.

1958-1966 жылдары - Қазақ телевизиясы мен радиосының музыкалық редакторы, бас редакторы және көркемдік жетекшісі. 1966-1968 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Әдебиет жене өнер институтының кіші ғылыми қызметкері. 1968-1971 жылдары - Қазақ энциклопедиясы Өнер және сәулет редакциясының меңгерушісі. 1971-1975 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің нұсқаушысы. 1975-1984 жылдары - Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің директоры. 1984 жылдан Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік мұражайының музыка мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Мәдениет саласы бойынша ғылыми-зерттеу еңбектердің, кітаптардың, брошюра, мақалардың авторы. Біржан сал, Құрманғазы сияқты әнші, күйшілердің шығармаларын зерттеген. «Қазақстан композиторларының ән творчествосы», «Ахмет Жұбанов», «Алтыншаш», «Қыз Жібек», «Әннен-операға», «Әнші бақыты» атты еңбектері жарық көрген.

60 жыл бұрын (1950) Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымының докторы ИБРАЕВ Шәкір дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын Қазақ КСР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аға лаборанты, кіші ғылыми қызметкері болып бастаған. 1982-1989 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті. 1989-1995 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институты жанындағы Ғылыми қолжазбалар орталығының жетекшісі. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры. 2000-2001 жылдары - Эгей университетінің профессоры (Түркия). 2001-2003 жылдары - Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті (проректоры). 2003-2007 жылдары - Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы ғылыми орталықтың директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдың наурыз айынан - қазіргі қызметінде.

«Қазақ эпосы», «Эпос әлемі», «Қорқыт ата кітабы» атты кітаптардың және 60-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.

«Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері, Халықаралық Шығыстану қоғамдастығының мүшесі, Халықаралық Фольклор комитетінің мүшесі. 2002 жылдан «Түркология» халықаралық журналының бас редакторы, Шыңғыс Айтматов Халықаралық қоғамдық академиясының нақты мүшесі, 2004 жылдан Түрік әлемі қауымдастығының атқарушы директоры. 2010 жылдың 10 қарашасында Халықаралық түркі академиясының президенті болып сайланды.

20-дан астам Халықаралық конгресстер мен ғылыми-теориялық конференцияларға қатысқан. 120-дан астам ғылыми мақалалары мен баяндамаларының, 7 монографияның авторы, 10-нан астам ғылыми жинақтарды басып шығарған.

2011 жыл

Желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 1-не қараған түні әлемнің көптеген елдері Жаңа Жылды қарсы алады. Биыл шығыс күнтізбесі бойынша Барыс жылының аяқталып, Қоян жылының басталатыны мезгілі.

Қоян жылы 2011 жылдың ақпан айының 3-нен басталып 2012 жылдың қаңтар айының 22-іне дейін созылады. 2011 жылдың ғарыштық элементі - металл, түсі - ақ.

Қоян - отбасылық жануар, ол тыныштылықтың, жемістіліктің және ұрпақтың символы. 2011 жыл - дарынды өнер адамдарының, зиялы қауымның жылы. Бұл жылы туылған адамдар қоршағандардың сеніміне тез кіреді, және олардан жиі ақыл-кеңес сұрайды.

Қоян - ашықтық белгісі. Осы жылы көптеген достық отырыстарды күтіңіз. Бірлескен сапарлар мен уақыт өткізулер жемісті болмақ. Қоян жылы көптеген тұрақты қарым-қатынас, келіссөздер, мәмілелер және кездесулер өтпек. Сонымен Қоян дипломат болғандықтан ол барлығымен еш қиындықсыз мәмілеге келеді, сондықтан бұл жылы барлық келеңсіз жәйттар азаяды.

Қоян (Мысық) өте ұялшақ болып келеді, бірақ ол өзінің ұялшақтығына қарамастан, өте қонақжай және ол үй жайлылығы мен әсемдікті қадырлейтін жануар. 2011 жылы дүниеге келген балалар өте зерек және жақсылық тілеуші болады.

Биылғы 2011 жылы мерекелік дастарханда не болғаны дұрыс?

Мерекелiк дастарханда мiндеттi түрде алма және тары болғаны дұрыс. Дастарханға ешқандай қоян етін қоймау керек. Негізі вегетариандық тамақтарға көп көңіл бөлген абзал. Әр түрлі көкөністер, әсіресе көк пияз, аскөк, ақжелкен, салат жапырақтарын көбірек қою керек.

2011 жылдың басты атрибуты - Металл болғандықтан, үйдің ішіне металдан жасалған әшекейлерді (мысалы, металдан дайындалған құмыралар немесе шырағдан қойғыштарды) әр жерлерге қойып қойыңыз, және әдемі металдан жасалған ыдыс-аяқты қолданыңыз.

2011 жылдың символын қуанту үшін, жаңажылдық шыршаның астына қойылған сыйлықтармен қатар бір бума сәбізді қоюға да болады.

Қоян жылын қарсы алу қажет. Егер сіздің биылғы жылдың иесімен ортақ тіл тапқыңыз келсе, жаңа жылды атап өтетін түні сіз міндетті түрде ақ, сұрғылт, қоңыр, қара және сары түсті киімдерді киіп жүруіңіз керек. Бәрінен де, қоян немесе мысық костюмдерін киіп алған дұрыс.

ЖАҢА ЖЫЛДАРЫҢЫЗБЕН!

2011 жыл

2010-2020 жылдары Жол қозғалысы қауіпсіздігінің онжылдығы

Халықаралық жастар жылы: сұхбат және өзара түсіністік (2010 жылдың тамыз айының 12-нен 2011 жылдың тамыз айының 12-не дейін)

Халықаралық орман жылы

Халықаралық химия жылы

БҰҰ Бас Ассамблеясы мүше-мемлекеттерге 2011 жылы Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының жиырма жылдығын ядролық сынақ зардабы адам денсаулығы үшін және қоршаған орта үшін зиян екені туралы халықаралық қоғамдастыққа жеткізу үшін шаралар мен кездесулер арқылы атап өтуді ұсынды.

Сонымен бірге 2010 жылдың тамыз айының 12-нен 2011 жылдың тамыз айының 12-не дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Халықаралық жастар жылы өтеді. Халықаралық жастар жылының негізгі тақырыбы «Сұхбат және өзара түсіністік» деп аталады. Халықаралық жастар жылының басты мақсаты - әлем мұраттарының серпінді ілгері басуы, бостандық, ынтымақтастық сияқты идеялар мен жастар құқықтарының іске асуына кепілдік беру және интеллектуалды әлеуетіне жәрдемдесу болып табылады.

Бағдарлама 15 бағыттан тұрады (білім, жұмыспен, қамту, аштық пен қайыршылық, денсаулық, қоршаған орта, есірткі қолданудың алдын алу, балалар қылмыстық ісі, бос уақыт пен демалыс, жаһандану, СПИД және т.б.).

2011 жыл Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерi арасында Мәдени мұра жылы болып жарияланған, осыған байланысты ақпарат агенттіктері жетекшілерінің кеңесі өзінің іс-шаралық бағдарламасын жасап шығару керек. Атап айтқанда «Достастыққа - 20 жыл» атты бірлескен фотокөрме ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл хабарландыру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері жетекшілері кеңесінің ХІІ отырысында айтылды.

Сонымен бірге 2011 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Буэнос-Айрес (Аргентина) қаласы Бүкіләлемдік кітаптар астанасы болады.

Буэнос-Айрес қаласы Бүкіләлемдік кітаптар астанасының он бірінші қаласы болып жарияланды. Оған дейін бұл атақ Мадрид (2001), Александрия (2002), Нью-Дели (2003), Антверпен (2004), Монреаль (2005), Турин (2006), Боготе (2007), Амстердам (2008), Бейрут (2009) және Люблян (2010) қалаларына берілген. Буэнос-Айрес қаласы ұсынған бағдарламалар тізімі алуантүрлі болғандықтан және ол сапа белгісі ретінде де іріктеліп алынды. Құрметті атаққа жеті үміткердің арасынан африкадағы Сахараның оңтүстігінде орналасқан Лагос және Порто Ново қалалары үміт артқан болатын. Бүкіләлемдік кітаптар және авторлық құқық күні (23 сәуір) шешім өз күшіне енеді, және бір жыл ішінде жеңімпаздың атағы сақталады.

2011 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА:

2011 жыл Қазақстанда тәуелсіздіктің 20-жылдығы шеңберінде өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

«Алдағы мерейтой Қазақстан тарихында айтулы оқиға болып, мемлекеттілікті нығайтуы, халықты құндылықтар төңірегінде шоғырландыруы тиіс. Біздің жақын жылдардағы басты міндетіміз Қазақстанды серпінді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға болады. Экономиканы инновациялық жаңғырту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті - бұл болашақта елдің мызғымастығы мәселесі. Бұл - Тәуелсіздіктің синономі. Бұл - көптеген ондаған жылдар бұрынға арналған ұлттық күн тәртібінің мәселесі. Міне, нақ осындай ойлармен және істермен біз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын қарсы алып, жаңа ғасырдағы жолымызды жалғастыруға тиіспіз» - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алматыдағы Республика сарайында 1991 жылдың желтоқсан айының 10-ында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Ант берді. Анттан кейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Президент өз қызметіне кірісті деп есептелінді. Дәл осы күні Жоғарғы Кенестің Жетінші сессиясы Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасына өзгерту туралы шешім қабылдады. Қазақстанда желтоқсан айының 16-ында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды.

Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.

Қазақстан әлемдік қауымдастықтың және Еуроодақ, Еуропалық Қайта құру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры, МАГАТЭ, Қызыл крест және Қызыл жарты ай, ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО сынды көптеген халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналды. Қазақстан 1992 жылы БҰҰ-ға мүше болып, 120-дан астам мемлекетпен мойындалды және олармен дипломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстан 40-тан астам көп жақты және 700 екі жақты келісімдер мен келісім-шарттарына қосылды

Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық аренада және дүниежүзілік экономикалық жүйе арасында сенімді орын алды.

Сонымен бірге 2011 жылы Қазақстанда Оңтүстік Кореяның жылы өтеді.

Оңтүстік Кореяның Президенті Ли Мен Бактың айтуынша, Қазақстанда Оңтүстік Кореяның жылы аясында, екі ел халықтарының өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған әр түрлі шаралар өткізіледі.

«2012 жылы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толады, осы орайда екі ел арасындағы байланыс жоғары дәрежеде дамитынына сенемін», - деді Ли Мен Бак.

2011 жылы Қазақстанда өтетін атаулы оқиғалардың бірі VІІ қысқы Азия ойындары.

Қысқы Азия ойындары 1986 жылы басталған. Қысқы олимпиадалық ойындарды күні бүгінге дейін тек Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер ғана ұйымдастырып келген. Ең алғашқы І Қысқы Азия ойындары жапондық Саппоро қаласында 1986 жылы басталған. Оған әлемнің жеті елінен командалар сайысқа түскен. ІІ Қысқы Азия ойындары екінші рет 1990 жылы Саппорода өткен. Үшінші қысқы Азия ойындары 1996 жылы қытайлық Харбин қаласында өтті. ІІІ Қысқы Азия ойындарына Қазақстан мен Өзбекстан командалары алғаш рет қатысты. Осы жолы қазақстандықтар қытайдан кейінгі екінші орынға ие болды. ІV Қысқы Азия ойындары 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Кангвон провинциясында өтті. Бұл жолы қытайлықтар басымдық танытып, қазақстандық команда үшінші орынға ие болды.V Қысқы Азия ойындары 2003 жылы Жапонияның Аомори қаласында өтіп, бұл жылы да Қазақстан құрама командасы үшінші орынды иеленді.

VІ Қысқы Азия ойындары 2007 жылы қытайлық Чангун қаласында өтіп 26 елдің 1100 спортшылары қатысқан. Бұл қысқы ойындарда Қазақстан құрама командасы төртінші орынды иеленді.

2006 жылы 5 қаңтарда Алматы қаласы ойындар өткізу орны ретінде қабылданды, ал 2007 жылғы 29 қазанда жарыстардың бір бөлігі Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

2006 жылдың 4 наурызында Азиялық Олимпиада Кеңесі, Қазақстан Республикасының

Ұлттық Олимпиада комитеті және Алматы қаласы әкімдігі арасында Қазақстан Республикасында, Алматы қаласында VІІ қысқы Азия ойындарын өткізу туралы келісімге қол қойылды.

2007 жылы экономикалық және саяси себептерге байланысты Қазақстан Республикасы үкіметі Азиялық Олимпиада Кеңесіне VІІ қысқы Азия ойындарын Қазақстанның екі негізгі қалаларында Қазақстанның елордасы Астана мен Алматы қаласында өткізуді ұсынды.

2010 жылдың қаңтар айында Астана қаласы әкімдігінің №35-25т қаулысымен 2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарына дайындық және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның құрамына барлық қалалық құрылым басшылары кіреді. Қаланың Азия ойындарын өткізу жөніндегі дайындығы бойынша елордалық құрылымның жоспары жасалынып, бекітілді. Ойын дайындығы жөніндегі жалпы үйлестіру жұмыстары қысқы Азия ойындарының астаналық Дирекциясына жүктелді.

VІІ қысқы Азия ойындарының ресми бөлігі 2011 жылы 30 қаңтар мен ақпанның 6-сы аралығында Астана мен Алматы қалаларында өтеді.

2011 жылғы 11 қаңтарда Эл-Кувейтте Азиада алауы тұтанып. 12 қаңтар күні Алматы қаласына әкелінеді. Алау Эстафетасын салтанатты қарсы алудан соң Оңтүстік астананың көшелерін бойлай жүріп, онан соң аймақтарға жіберіледі. Алау 20 күн бойы Қазақстанды аралап, соңында Астанаға - Азия ойындарының ашылу салтанатына жеткізіледі.

Алау құтысының дизайны біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғасырға жататын сақтардың жарықтандырғыш құралы негізінде жасалған. Оны айнала Азиада символы болып табылатын - қанатты барстардың мүсіндері бедерленген.

VІІ қысқы Азия ойындары барысында 69 медаль сарапқа салынатыны белгілі. Медальдар Қазақстанның монета сарайында жасап шығарылды. Оларда ойындардың логотипі бейнеленген, ал жібек асқышында ұлттық нақыштар суреттелген.

Астаналық Дирекция Астанада «Мәдени Азиада» деп аталатын үлкен жоба бойынша қосымша мәдени шаралар өткізгелі отыр.

Мәдени Азиада - бұл жарыс емес. Бұл Ойын идеясын одан әрі жандандыра түсетін локомотив және де барлығына мәдениеттің түсінікті тілінде спорттық басты оқиғаларды жүргізеді.

Мәдени Азиада қазақтың мәдени мұралары мен Қазақстанның жаңа мәдениетінің алға басуындағы жоба болып қалмақ. Мұның барлығы Республикамызды және оның астанасын барлық елге таныту үшін жасалынуда.

Азия ойындарының жалпы жарыстар бағдарламасы спорттың 11 түрімен беріледі: конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, «бенди» добымен хоккей, шаңғы жарыстары, биатлон, шаңғымен трамплиннен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғыда қысқы бейімделген спорт түрі.

Азия ойындарына шамамен 30 Азия елі қатысады деп жоспарланып отыр.

Бұдан басқа Ойындар өткізу шегінде Азиялық Олимпиада Кеңесінің кезекті Бас Ассамблеясы өтеді, оған 45 азия елдерінің спорт қозғалысы басшылары қатысады.

2011 жылы болатын VІІ Қысқы Азия ойындары барысында 11 спорт түрі сайысқа түсіп, 69 комплект медаль жасалмақ. Аталған ойынға әлемнің 31 елінен 1000-нан астам спортшылар, 700 тарта жаттықтырушылар, 1000 Бұқаралық ақпарат өкілдері, 700-ге тарта волонтерлер, 1500 қызмет көрсетуші тұлғалар, 60 мыңға жуық туристер қатысады деп жоспарлануда.

Қазақстан 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді.

Қазақстан Республикасы 1995 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына кіріп, оның көпқырлы қызметі мен шараларына қатысуда, Ислам Конференциясы Ұйымының рөлі мен маңызын нығайту ісіне зор үлес қосып келеді. Біз Исламды бейбітшілік пен ілгерілеушілік діні ретінде таныту

барысында Ислам Конференциясы Ұйымының мұсылман әлемінің тиімді әрі беделді форумы болып қайта өрлеуін қолдаймыз.

1926 жылы «Дүние жүзі ислам конференциясы» құрылып, оның алғашқы отырысы Мекке қаласында өткізілгені белгілі. Одан кейінгі сессиялар Иерусалим, Карачи және Могадишо қалаларында болды. Мұндай форумдардың өткізілу жиілігі тұрақты болмағанымен, олардың барысында болашақ ұйымның сипаты мен беделді ұстанымы анықтала бастады. 1953 жылы бұл ұйымның орнына «Ислам конференциясы форумы» құрылды. Содан кейін, 1955 жылы «Жалпы ортақ ислам конференциясы» құрылып, Конференция шеңберінде бірқатар өзге ұйымдар мен құрылымдар пайда болды. Дегенмен, құрылған ұйымдардың бір де біреуі бірқатар объективті себептерден халықаралық саяси үдерістерге тиісті ықпал ете алмады. Бұл кезең ұйым қызметінің рәсімдерін келісу және өзара әрекеттесу тетіктерін іздестіру мен қалыптастыру кезі болды.

1962 жыл Ұйым тарихында маңызды оқиғаларға бай болды. Белгісіз біреулер Иерусалимдегі барша мұсылман үшін қасиетті Әл-Ақса мешітін өртеді. Бұл жағдай бүкіл ислам әлеміне әсер етіп, сол жылдың қыркүйек айында Сауд Арабиясының Королі Фейсалдың бастамасымен Рабатта (Марокко) 26 мұсылман елінің басшылары жиналды. Олар қасиетті мешітке жасалған қастандықты әшкерелеп, бүкіл әлемде Исламды қолдау, Палестина халқының, сондай-ақ жалпы мұсылман Уммасының құқықтарын мен мүдделерін бірігіп қорғау мақсатымен жаңа құрылымды құру туралы шешімге келді. Қиын келіссөздер қорытындылары бойынша, 1970 жылғы отырыс барысында жаңа халықаралық құрылым ресми түрде бекітіліп, Ислам Конференциясы Ұйымы деп аталды.

Ислам Конференциясы Ұйымының негізгі мақсаттары қандай? Олар ислам ынтымақтастығын нығайту бойынша біріккен әрекеттер мен ұйымға мүше мемлекеттердің саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы кең ауқымды ынтымақтасуы, ислам құндылықтарын сақтауға бағытталған және оның негізгі ережелерінен шыққан бейбіт сүйгіш саясатын жүргізуі, сондай-ақ бостандық пен тәуелсіздікті сақтаудағы мұсылман халықтарын қолдауы болып табылады. Палестина халқына өзінің тәуелсіз мемлекетін құрып, қасиетті жерлерін сақтау ісінде қолдау көрсету де осы мақсаттардың қатарына кіреді. Баршаға белгілі болғандай, бұл мәселелер әлі күнге дейін өздерінің өзектілігін жоғалтпай, қазіргі жаһандану жағдайында халықаралық күн тәртібінің төрінен орын табуда. Ислам Конференциясы Ұйымының негізгі ұстанымдары Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметінің негізгі қағидаларымен үйлеседі, олар: толық тепе-теңдік, әр халықтың өзін-өзі билеуге құқығын сыйлау, ішкі істерге араласпау, мемлекет егемендігін, тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын қадірлеу, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөздер, делдалдық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу, күш немесе күш қолдану қатерін қолданбау. Бүгінгі күнде Ислам Конференциясы Ұйымы халықаралық ұйымдардың ішінде ең ірі әрі ықпалды үкіметаралық мұсылман ұйымы болып табылады. Қазіргі кезде ол халқы 1,4 млрд.-тан астам адам санын құрайтын 57 елді біріктіреді. Ислам Конференциясы Ұйымы Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейін мүше мемлекеттер саны бойынша әлемде екінші орын алады. Ислам Конференциясы Ұйымының қызметі Біріккен Ұлттар Ұйымытарапынан мойындалып, ол Бас Ассамблеяның жұмысы мен отырыстарына бақылаушы ретінде шақырылған болатын. Екі ұйым ынтымақтастығының бас аспектілерінің бірі біріккен бітімгершілік шараларына қатысу болып табылады.

Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі саяси шешімдер қабылдап, саммиттер үшін құжаттар мен қарарлар дайындайтын Ұйымның негізгі әрекет етуші органы болып табылады. Сол себепті, Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде төрағалық ету маңызды, әрі құрметті іс. Ол үлкен жұмысты талап етеді, әрі бұл жұмыс Джидда (Сауд Арабиясы) қаласында орналасқан Бас хатшылық арқылы үйлестірілуі тиіс.

Ислам Конференциясы Ұйымына Ұйым қарарларында көрінісін тапқан халықаралық күн тәртібінің барлық өзекті мәселелері бойынша мұсылман елдердің көпшілігінің топтастырылған ұстанымы болып табылатын саяси пікірді әзірлейді.

Угандада болып өткен министрлердің соңғы кеңесі барысында мұсылман елдерінің бірауызды қолдауымен 38-ші Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Астанада өтіп, республикамыз 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде төрағалық ететін болды.

2011 жылғы 7-9 маусым күндері Астана қаласында VII Бүкіләлемдік Ислам Экономикалық форумы өтеді.

Астаналық форумның тақырыбы - «Жаһандандыру: мұсұлман және мұсұлман емес елдерді қарым-қатынастың ашық арналары мен жан жақты стратегиялық ынтымақтастығы арқылы үлкен экономикалық тәуелсіздікке жұмылдыру үшін өзара байланыс, бәсекелестік, ынтымақтастық».

2011 ЖЫЛЫ:

ОҚИҒАЛАР

500 жыл бұрын (1511) Қазақ хандығы билігіне Қасым хан келді. Оның тұсында қазақтар Батыс Еуропаға дербес этникалық қауым ретінде танылып, Қазақ хандығының орыс мемлекетімен елшілік байланысы басталды. Сондай-ақ қазақтардың «Қасым ханның қасқа жолы» деген заңдары Қасым ханның есімімен байланысты айтылады.

285 жыл бұрын (1726) Ордабасы жиынында бүкіл қазақ қолы біріктіріліп, бас қолбасшылыққа Кіші жүз ханы Әбілхайыр баһадүр сайланды. Ұлы жүз сарбаздарын - Ошақты Саңырақ, орта жүзді - Қанжығалы Бөгенбай, Кіші жүзді - Тайлақ батыр басқарды.

100 жыл бұрын (1911-1915) Троицк қаласынан «Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналы жарыққа шықты. Алғашқы редакторы - Мұхаммеджан Сералин. «Айқап» қазақтың қоғамдық ой-пікірінің оянуы мен ұлттық мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Журналда қазақ ауылындағы оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі, отырықшылық тұрмысқа көшу, т.б. тақырыптар мен Мемлекеттік Думаға қатысу сияқты саяси мәселелер көтерілді. Журналды шығаруға Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Беймбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев сынды қаламгерлер қатысты. Журналда Шоқан, Абай, Ыбырай шығармаларымен бірге ауыз әдебиетінің үлгілері, шығыс, орыс және Еуропа халықтарының туындылары да басылып тұрған.

90 жыл бұрын (1921) Әулиеатада (қазіргі Тараз қаласы) Қосшы одағы құрылып, оның құрамына ауыл, қыстақ кедей шаруалары кірді. Одақтың Ташкент қаласында өткен 1-ші өлкелік съезінде оның міндеттері белгіленіп, Орталық комитеті сайланды. Қосшы ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер-су реформаларын жүзеге асыру үшін кедейлерді таптық тұрғыдан тәрбиелеу, кооперацияға біріктіру, оларды құрал-сайманмен жабдықтап, малмен қамтамасыз ету, азық-түлік салығын жинау, т.б. мәселелермен шұғылданды. Мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізіп, кеңес мекемелерінің жұмыстарына араласты, ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеуге қатысты. 1930 жылғы қаңтардың 17-індегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы бекіткен «Кедей одағын ұйымдастыру жөніндегі ережеге» сәйкес сол жылғы қаңтардың 29-ында Қосшы одағы өз қызметін тоқтатты.

90 жыл бұрын (1921) Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан бүкіл Республикаға трансляция беріле бастады. 1927 жылдың 23 наурызында эфирде бірінші рет қазақ тілінің дауысы естілді.

Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы - еліміздің ең ірі жүйесі болып табылады. Ұлттық арна республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғыстанның шекаралық аймақтарына жетеді. Қазақ радиосының хабарларын Он-лайн режимінде де тыңдауға болады.

Егемен Қазақстандағы демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді шынайы тұрғыда көрсету Ұлттық арна ретінде Қазақ радиосының басым бағыты болып саналады. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа бейнесін жасау Қазақ радиосының негізгі міндетіне жатады. Бұл арнаның алдында мемлекеттік саясатты елді мекендердің барлығына, алыс түпкірлерге шапшаң жеткізу міндеті тұр. Сол сияқты көпшіліктің ой-пікірлері мен ұсыныстарын билік басындағы құрылымдарға батыл жеткізу де жұмысымыздың негізгі арқауына айналған.

Қазақ радиосы жас мемлекеттің құрылысы мәселесіне жете көңіл бөліп келеді. Мұнда ең әуелі жаңа жұмыс орындары, отандық өндірістің дамуы, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес мәселелері, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан экономикасының ілгері басуы және отандастарымыздың тұрмыс-жағдайының жақсарып келе жатқандығы жан-жақты әңгімеленеді.

Қазақ радиосынан қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдеріндегі бағдарламалары әуе толқынына шығады.

Бұл радио әр сағаттың басында берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөледі. Тыңдаушылар арасында күн сайын қазақша және орысша берілетін таңдамалы бағдарламалар, Қазақстанда шығатын газеттер мен журналдарға жасалатын шолулар кеңінен танымал.

Бүгінгі таңда Қазақ радиосы өзінің форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция болып отырғаны радиотыңдаушы қауымға белгілі. Тек қазақ радиосында ғана саясат, экономика, халықаралық келісім, мәдениет және білім тақырыбына байланысты бағдарламаларды екі тілде тыңдай алады.

Қазақ радиосы - журналистер кадрының ұстаханасы: бұл жерде көптеген қазақстан журналистер саңлақтары тәрбиеленген.

Қазақ радиосының музыкалық форматы - ұлттық және Қазақстандық музыкадан тұрады. Бұл формат қазақстандық вокал мен операның шеберлерін ғана емес, әлемдік классика мен бүгінгі таңдағы музыканың барлық бағыттарын рок, кантри, джаз, хит сөз ететін музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергі келтірмейді.

80 жыл бұрын (1931) Алматы қаласында Алматы мәсі-аяқ киім фабрикасы құрылды. Алғашында шәркейлер, балалар және әйелдер аяқ киімі, спорттық аяқ киімдер, былғары қолғаптар және тағы басқа тауарлар шығарды. 1940 жылы фабрика өнімі 3 есе өсіп, Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлерге арналған аяқ киімдер шығарды. 1975 жылы «Жетісу» аяқ киім өндірістік бірлестігі болып атауы өзгерді. 1990 жылы бірлестік құрамында өзгерістер басталып, 4 филиалдың орнына 3 фабрика бөлініп шықты. Өндіріс цехтары тиімді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаңа технологиялар енгізілді. Кәсіпорын өнімдері Франция, АҚШ, Англия, Жапония елдерінде көрмелерге қойылды. Нарықтық қатынастарға байланысты үш акционерлік қоғамға бөлініп, соның ішінде «NAR» акционерлік қоғамы алты жыл тоқтап тұрған өндірісті іске қайта қосып, жаңа үлгідегі аяқ киім шығару үшін жаңа материалдар мен қалыптар сатып алды.

80 жыл бұрын (1931) Іле Алатауының орталық бөлігіндегі табиғат байлығын қорғау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Алматы қорығы құрылды. Ауданы 73,34 мың гектар. Оның құрамына теңіз деңгейінен 1400-5017 метр биіктікте орналасқан Талғар тау жоталары кіреді. Қорықта өсімдіктердің 1300-ден аса түрі кездеседі, оның 112 түрі ағаштар мен бұталар. Қорық жануарлар дүниесіне де бай. Онда сүтқоректілердің 40, құстардың 200-дей түрі бар.

75 жыл бұрын (1936) Алматы қаласында «Ковровщица» артелі негізінде кілем және тоқыма бұйымдарын шығаратын кәсіпорын құрылды. 1960 жылы Алматы кілем-тоқыма фабрикасы, 1972 жылы Алматы кілем фабрикасы болып өзгертілді. Фабриканың 7 негізгі және қосалқы цехтары бар. 1962 жылы қол тоқыма станоктары механикалық тоқыма станоктарымен алмастырылды. Негізгі өнім түрлері машинамен тоқылатын ірі өрнекті кілемдер, қолмен тоқылатын түкті кілемдер, төсеніш кілемшелер. Сондай-ақ арнайы тапсырмалар бойынша Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, т.б. әдебиет және өнер қайраткерлері бейнеленген портретті кілемдерді де шығарып келеді. Кәсіпорын 1992 жылы «Алматы кілем» акционерлік қоғамы

болып қайта құрылды. Өнімдері шет елдерге де шығарылады.

ЕСІМДЕР

435 жыл бұрын (1576-1656) мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би, Әйтеке бидің үлкен атасы ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР Сейітқұлұлы дүниеге келді.

Әкесі Сейітқұл өзіне қарасты алшындармен Нұрата өңіріндегі өзбек, қарақалпақтардың басын біріктіріп хан сайланғаннан кейін, алғыр да зерек Жалаңтөс баһадүрді Нұратадағы мешітке оқуға береді. Мешітте батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шыңдап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды. Баласының зеректігін байқаған әкесі оны Бұқар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі әскери мектебіне жібереді. Осы жерде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алады. 1626 жылы Имамқұл хан Бұқар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған бас қолбасшысы Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды. Ол дарынды қолбасшы ғана емес, ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы болған. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырып, 1646 жылы осы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастайды, бірақ бұл медресенің құрылысы 1660 жылы ол қайтыс болғаннан кейін ғана аяқталған.

205 жыл бұрын (1906-1867) халық ақыны, Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысушы ЖАРЫЛҒАСҰЛЫ Шернияз дүниеге келді.

Оның жырларында көтеріліс тақырыбы басты орын алған. Ақын көтеріліс жеңіліске ұшырап, оның басшысы Исатай мерт болса да, азаттық, бостандық тақырыбын асқақ үнмен жырлап, сол арқылы Исатайдың батырлық бейнесін жасаған «Па, шіркін Исатайдай сабаз тумас», «Ақ алмас алтын сапты, қылышым-ай», «Исатай ел еркесі, ел серкесі», т.б өлеңдері бар. Оның «Ай, Қазы би, Қазы би», «Тостағанды қолға алып», «Ай, жігіттер», «Сөз сөйлеймін бөлмелеп», т.б. өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігі, өмірдің өзгермелілігі мен оның мән-мағынасы үлкен ой елегінен өткізіле жырланады. Жалпы, Шернияз поэзиясы мазмұндық сипаты, стильдік айқындығы көркемдік бейнелеу нақыштарының шеберлігімен ерекшеленеді. Оның өлеңдері үш нұсқада (Алыш ақын, Мәшһүр Жүсіп, Омарбек нұсқалары) кездеседі.

125 жыл бұрын (1886-1948) классикалық күрестің шебері, қазақтың атақты палуаны МҰҢАЙТПАСОВ Мұқан (Қажымұқан) дүниеге келді.

1904 жылы цирк труппасының құрамында өнер көрсетіп жүрген орыстың танымал палуандарының бірі А.Н.Злобинмен танысып, соның тікелей көмегімен Петербургтегі циркке палуан даярлайтын И.В.Лебедевтің мектебінде оқиды. Оны бітіргеннен кейін дүние жүзіне есімі белгілі палуан Георг Лурих ұйымдастырған цирк труппасына қосылып, көптеген қалаларда күш өнерін көрсетті. «Ямагата - Муханура», «Қара Мұстафа», «Махмут», т.б. бүркеншік есімімен французша және еркін күрестен халықаралық жарыстарға қатысты. 1908-1916 жылдары Саратов, Қазан, Омбы, Троицк, Уфа, т.б. қалаларда өткен турнирлерде, Мәскеу, Киев, Рига, Минск, Париж, Варшава, Харбин қалаларында болған халықаралық чемпионаттарда жеңімпаз, жүлдегер атанды. Америкада, таяу және Орта Шығыс елдерінде болып, ондағы палуандармен күш сынасқан. 1909 жылы Швецияның Гетеборг қаласында французша күрестен өткен дүниежүзілік біріншіліктің алтын медалін жеңіп алған.

Қазан революциясынан кейінгі жылдары Қазақстанның мәдени өміріне белсенді араласып, көшпелі цирктер ұйымдастырған. 1927 жылы Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті

Төралқасының арнайы шешімімен оған «Қазақ даласының батыры» атағы берілген. Отан соғысы жылдары жасының егде тартып қалғанына қарамастан ел аралап, өнер көрсетті. Одан жиналған қаржыны Қорғаныс қорына аударып, ұшақ жасатты. Қажымұқан жайында 1978 жылы «Қазақфильм» киностудиясында «Қажымұқан» атты екі бөлімді деректі фильм, ал 1985 жылы «Күш атасын танымас» атты көркем фильм түсірілді.

Алматы, Астана, Семей қалаларының орталық көшелеріне және стадиондарына есімі берілген. Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан елді-мекенінде мемориалдық мұражай-үйі бар. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

125 жыл бұрын (1886-1982) шежіреші ҚҰЛБАЙҰЛЫ Ыбырайым аһун дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. Ол Батыс Қазақстан өңірі мен Шымкент, Жамбыл, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және қарақалпақ еліне кеңінен танымал тұлға болған. Ол араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Оның «Адам-ата - Әнес сахаба», «Қазақ шежіресі», «Кіші жүз қазақтарының шежіресі», «Қазақ тегі», «Маңғыстау тарихы» секілді ірі тарихи дастандары бар. Өз шығармаларында халық өмірін, тарихы мен әлеуметтік хал-ахуалын, мәдениетін, өнерін, демографиялық өсіп өркендеуін, этнографиясы мен салт-дәстүрін зерттеген. 37-ші жылдары Ыбырайым аһун қудалауға ұшырайды. Кудалау кезінде Ауғанстан, Иран арқылы жер ауып, Өзбекстан жеріне келіп тұрақтаған. Өзбекстан Республикасы Жызақ облысының Гагарин қаласындағы бір көше аһун атымен аталады. 1994 жылы «Арыс» баспасынан «Алтынды орда конған жер» атты жинағы жарық көрді. Туған ауылы - Жарлы ауылында бір көшеге аты берілген.

120 жыл бұрын (1891-1970) қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, математика саласы бойынша қазақ зиялылары арасынан шыққан тұңғыш профессор ЕРМЕКОВ Әлімхан Әбуұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Томск технология институтын бітірген. Ол қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда ерекше рөл атқарған. 1921-1924 жылдары - Семей губерниялық атқару комитеті, губерниялық жоспарлау басқармасы, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі, 1927-1935 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының оқытушысы, доценті, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» атты кітабын жариялап, 1936 жылы өзінің ұстаздық тәжірибесі негізінде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарды. 1935-1937 жылдары Алматы кен-металлургия институты математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болды. 1930-1947 жылдары аралығында ол «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл», «халық жауы» аталып, үш рет сотталған. 20 жылдан астам өмірін абақты мен саяси қуғын-сүргінде өткізіп, азап шегіп, аса ауыр моральдік соққыға ұшырады. Кеңес өкіметінің жазалау органдарының қудалауында ұзақ жылдар болғанына қарамастан ол адамгершілік қасиеттерін, ұлтжандық ұстанымын, ғалымдық, ұстаздық іс-әрекетін кір шалдырмай сақтай білді. Ол 1955 жылы наурыздың 7-інде КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылы қарашаның 26-ында толық ақталды. Ғалым өмірінің соңына дейін Қарағанды тау-кен институтында ұстаздық етті. Ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыттары - ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері.

115жыл бұрын (1896-1943) Қазақстандағы азамат соғысына, социалистік құрылыс ісіне белсене қатысқан партия, кеңес қайраткері АЛМАНОВ Баймен Алманұлы дүниеге келді.

Ырғыз қаласындағы екі класстық орыс-қазақ училищесін, Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген. Ырғыз өлкесіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқаны және 1917 жылғы уақытша үкіметке қарсы үгіт жүргізгені үшін жер аударылған. 1918-1920 жылдары қызыл партизандар отряды командирлерінің бірі, Қарабұтақ депутаттары кеңесінің және РК /б/П Ырғыз уездік комитетінің төрағасы, Ырғыз уезі төтенше комиссиясының және ревкомының төрағасы, Қазақ АКСР кеңестерінің I-ІІ-ші съездерінде Орталық Атқару Комитеті хатшысы болып сайланды. 1922-1923 жылдары Адай ревкомының төрағасы ретінде Қазақстан шекарасын межелеуге белсене қатысты. 1925-1926 жылдары Қазақ акционерлік сауда қоғамы басқармасының төрағасы, 1927-1931 жылдары БК /б/П Алматы облыстық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақ өлкелік партия комитетінің нұсқаушысы, 1931-1938 жылдары Қазақ педагогика институтының және Ұлт мәдениеті ғылыми-зертттеу институтының директоры, Қазақ КСР Ғылым комитетінің және Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1937-1938 жылдары Кеңестік зобалаңның құрбандары қатарында сотталып, 1943 жылы түрмеде қайтыс болды. Ырғыз ауылындағы бір көшеге оның есімі беріліп, Қызылжар ауылында мүсіні орнатылды.

100 жыл бұрын (1911-1955) - қазақтың халық ақыны, көркем аударма өнерінің үздік шебері АМАНЖОЛОВ Қасым Рахымжанұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Семейдегі бастауыш мектеп-интернатында оқып, Семей мал-дәрігерлік техникумын бітірген.

1930 жылы Алматыдағы «Леніншіл жас» газетінде, Оралдағы «Екпенді құрылыс» газетінде жұмыс істеген. Алғашқы өлеңдерін Семейде жазған. 1930 жылы жазған өлеңдері өзі қызмет істеп жүрген «Лениншіл жас», «Қызыл әскер» және «Пионер» газеттерінде жарияланған. 1936-1941 жылдары Қ.Аманжолов Алматыға барып, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызметтер атқарған. Бұл кездері ол өлеңмен қатар әр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады. 1939-1941 жылдары шығармашылық елеулі өрлеу дәуірі басталады. Осы кездерде жазған «Нар тәуекел», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Заула, заула Түрксіб», «Сұлтанмахмұт туралы баллада» сияқты өлеңдерінде өрісті ойлар, терең сезім қуаты, өткір тіл байлығы байқалады. Қасым қалың жұртшылыққа өзінің ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнімен, домбра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемі өнерімен де танылған. Ол өз өлеңіне ән шығаруды өте қызық көрген. «Дариға», «Туған ел» атты өлеңдері бүгінгі жақсы әндер тізіміне қосылады. Қасым Аманжоловтың бірінші өлеңдер жинағы 1938 жылы «Өмір сыры» деген атпен шыққан. 1940 жылы Қасым Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып 1941 жылы «Бар дауыспен» деген атпен жеке жинақ етіп жариялаған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, жауға қарсы қолындағы қаруымен де, қаламымен де белсене күресті. Соғысқа аттанар алдында ақын «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» сияқты патриоттық өлеңдерін жазады. Соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалы өлең жазған. «Үстімде сұр шинелім», «Мартбек», «Жеңіс дауысы», «Орал», «Ертіс», «Сибирь», «Сарыарқа» сияқты өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін, соғыс өмірін суреттейді. Ал «Елге хат», «Достар қайда жүрсіңдер?», «Ағайға» деген өлеңдері туған елді, дос жорандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлайды. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Қасым майдан өлеңдерін газет-журналдарға көптеп бастырумен қатар жаңа өлеңдер жазды. Осы кездері оның «Ақын өлімі туралы аңыз», «Біздің дастан» поэмасы жазылып, таңдамалары өлеңдер жинағы «Дауыл» деген атпен жарық көрді. А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийлердің шығармаларына аудармалар жасаған. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділдә Тәжібаев «Социалистік Қазақстан» газетінде «Дауылды жырлар» деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. 1949-1952 жылдары Қ.Аманжоловтың «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтары «Таңдамалы шығармалар» жинағы басылып шықты. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі «Өзім туралы»толғауын аяқтаған. Оның шығармалары орыс және басқа да халықтардың тілдеріне аударылған. Қарағандыда Қасым Аманжолов құрметіне көше аталған. Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозына Қасым Аманжолов есімі берілген.

ҚАҢТАРДЫҢ 1-І, СЕНБІ

Бейбітшілік күні. Бүкіләлемдік бейбітшілікке ғибадат ету күні.

1967 жылғы желтоқсанның 8-інде Рим Папасы Павел VI жаңа - «Дүниежүзілік бейбітшілік күні» мейрамын жариялады.

1969 жылы жетоқсанның 17-інде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы аталмыш мерекені ресми түрде жариялады.

Судан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1956). Африканың солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Хартум қаласы. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - 1 палаталы парламент (Ұлттық ассамблея). Атқарушы органы - Министр Кеңесі. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - судан динары.

Куба Республикасының Ұлттық мейрамы - Азаттық күні. Куба революциясының жеңісі (1959). 1956 жылы Фидель Кастро бастаған қарулы көтерілісшілер ұлт-азаттық күресін бастады. 1959 жылғы қаңтардың 1-де үш жылға созылған Куба революциясы жеңіске жетті.

Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-де орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1931) ұзындығы 1444 шақырымға созылған Түркістан-Сібір темір жол магистралі тұрақты пайдалануға берілді. Түрксіб Орта Азия мен Сібір аудандарын жалғастырып, экономиканың өрлеуіне өз үлесін қосты. Сонымен қатар темір жол бойларында жаңа жұмыс орындары ашылды.

210 жыл бұрын (1801) палермолық астроном Пиацци тұңғыш астероидты ашты. Кейінен Церер деп аталған бұл аспан денесі - ең үлкен астероид.

3 жыл бұрын (2008) Қырғызстанда біраз уақыттан кейін қағаз ақшаларды толығымен алмастыратын номиналы 10 және 50 тиындық, тағы да 1,3, және 5 сомдық металлдан жасалған ақшалар айналымға енгізілді.

Ақшаларды көрші республика үшін Қазақстандағы «Монета сарайы» атты республикалық кәсіпорында жасап шығарылған.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-1970) композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Композиторлар одағының мүшесі МУСИН Қапан Әубәкірұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясын, Алматы консерваториясын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1943-1953 жылдары - Қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері болған. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық еткен. Оның шығармаларының көпшілігі симфониялық туындылар, тақырыбының негізгі арқауы - Отан, еңбек адамдары. «Жайлауда», «Халықтар бақыты», «Мерекелік» атты симфониялық поэмалары, 3 симфониясы, музыкалық-хореграфиялық композициясы, ұлт аспаптары оркестріне арналған поэмасы, шекті аспаптарға арналған 2-і квартеті, скрипка мен фортепьяно үшін И.В.Панфиловқа арналып жазылған сонатасы, т.б. камералық, драмалық қойылымдарға жазған музыкалары қазақ музыкасының озық үлгілері болып табылады. Сонымен қатар, оның камералық, вокалдық-хор, ән-романс жанрларына жазылған шығармалары ел ішіне, кәсіби музыканттар арасына кеңінен тараған. Оның «Сайра, бұлбұл», «Қыз әзілі», «Жас түлек», «Жеңеше» сияқты ән мұралары да бар. Олардың қатарына аяқталмай қалған «Таң шолпаны», «Жаяу Мұса» операларын қосуға болады.

90 жыл бұрын (1921-1990) Кеңес Одағының Батыры ГОЛОВЧЕНКО Василий Евстафьевич дүниеге келді.

Зайсан қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы әскери училищесін бітіргеннен кейін Солтүстік-Батыс майданға аттанып, Мәскеуді қорғауға қатысқан. 1943 жылы әскери іс-қимылдарды жақсы меңгерген майор Головченко батальон штабының бастығы, атқыштар батальонының командирі болып тағайындалды. 1944 жылы қыркүйекте, ол басқарған батальон басшылықтың бұйрығымен Литва КСР-інің Юртбург қаласы маңында жаудың ту сыртына шығып, Неман өзенін кесіп өтті. Екі күн бойы негізгі күш келіп жеткенше басып алған плацдармды ұстап тұрды. Осы операцияны тыңғылықты орындағаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейінгі жылдары Қостанай қаласында тұрып, жұмыс істеген.

Қызыл Жұлдыз, I-II-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің, «Достық» депутаттық тобының, ЕурАзЭҚ Парламентаралық ассамблеясы Кеден одағының Құқықтық база жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының, «Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Ақмола Шахмат федерациясының президенті, Астана қаласының құрметті азаматы БӨЛЕКПАЕВ Аманжол Қуанышұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Целиноград ауданында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сакен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген.

1987-1991 жылдары - Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1991-1992 жылдары - Целиноград қалалық кеңесінің және қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1992-1997 жылдары - Ақмола қаласы әкімшілігінің басшысы, әкімі. 1997-1999 жылдары «Ақмола» қалалық кеден басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1999-2005 жылдары - Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

2007 жылдан бастап - Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

«Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, және төрт медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) Қазақстан Республикасының инфекционист-дәрігерлер қауымдастығының президенті, ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау ісінің үздігі ҚҰРМАНОВА Күләш Байсейханқызы дүниеге келді.

Алматы облысы Қапал ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Қазақ Ұлттық медицина университеті) бітірген.

1970-1991 жылдары - Эпидомиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға ғылыми қызметкері, бруцеллёз клиникасының меңгерушісі. 1991-2002 жылдары - Санжар Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. 2002 жылдан бастап - Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры.

11 ғылым кандидатын, 3 ғылым докторын даярлаған. 277-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 4 монографияның және 2 авторлық куәліктің иегері.

Негізгі ғылыми бағыты сарып ауруының белгісін анықтау және оны емдеу әдістерін жетілдіруге арналған. Ол клиникалық және теориялық инфектологияның дамуына үлкен үлес қосты. Сарып, лептоспироз, оба ауруларының клиникалық-эпидемиологиялық сипаттарын зерттеді. Сондай-ақ жұқпалы ауруларды емдеу әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ ғалымы.

60 жыл бұрын (1951) Павлодар облысы Павлодар ауданының әкімі БАСТЕНОВ Төлеген Қаратайұлы дүниеге келді.

Павлодар облысы Қашыр ауданында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген. 1982-1997 жылдары - «Павлодарбалық» бірлестігі бастығының орынбасары, бастығы, «Павлодарбалықпром» акционерлік қоғамының бас директоры. 1997-2000 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, іс басқарушысы, әкім аппараты басшысының орынбасары. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі «Сардар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның директоры. 2002-2003 жылдары - «Альтаир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 2003-2006 жылдары - Павлодар облысы Павлодар ауданының әкімі. 2006-2008 жылдары - Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2008 жылдың қараша айынан бастап - қазіргі қызметінде.

55 жыл бұрын (1956-2006) 1-ші дәрежелі маман-фотограф НҰРЖАНОВ Еркебұлан Құрмашұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев атындағы ауданында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сакен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген.

Жоғары оқу орнында оқи жүріп «Целиноградская правда», «Коммунизм нұры», «Фройндшафт» және басқа да газеттерде фототілші болып істеген. 1977-1978 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Таман дивизиясы атындағы кеңшардың агрономы. 1978-1990 жылдары - Солтүстік Қазақстан аудандық «Совхозная жизнь», облыстық «Ленин туы» газеттерінің фототілшісі болды. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына іссапарға жіберілген. 1990-1997 жылдары - ҚазТАГ-тың Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша фототілшісі. 1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрлері Нұрлан Балғынбаевтың, Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Иманғали Тасмағамбетовтың жеке фотографы. 2003-2006 жылдары - «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының фототілшісі қызметтерін атқарған.

Швейцарияның Давос қаласында өткен Халықаралық фотокөрмеде «Қазақстан туралы» суреттерін көпшілік назарына ұсынған.

2005 жылы 26 желтоқсанда Астана қаласындағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде танымал фототілші Еркебұлан Нұржановтың авторлық көрмесі өтті. Көрме автордың 50 жылдық мерейтойы мен кәсіби шығармашылығының 30 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылды. Оның жеке мұрағатында 25 мыңға жуық фотосурет бар. Бұл көрмеге қойылған ең таңдаулы суреттер Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайына сыйлық ретінде тарту етілген.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, БЛКЖО Орталық Комитетінің «Үздік оқығаны үшін» белгісімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің үш дүркін Құрмет грамоталарымен марапатталған.

55 жыл бұрын(1956) Алматы облысы туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері ЧАРАПИЕВ Тұратбек Төлеубекұлы дүниеге келді. Алматы облысы Сарқанд ауданында туған. Көксу ауылшаруашылығы техникумын, Қазақ дене тәрбиесі институтын (Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясы), Жетісу экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1974 жылы колхоздың спорт әдіскері болып бастаған. Қазақша күресі және дзюдо күресінен спорт шебері, 1974 жылы Қазақ КСР-інің чемпионы, КСРО біріншілігінің қола жүлдегері атанған. 1975-1977 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында болған. 1978-1987 жылдары - балалар мен жасөспірімдер мектебінің дзюдодан бапкер-мұғалімі, аға бапкер-мұғалімі. 1987-1991 жылдары - Талдықорған облыстық білім беру басқармасының инспекторы, жетекші маманы. 1991-1992 жылдары - «Еңбек резервтері» Бүкілодақтық ерікті қоғамының бөлім бастығы. 1992-1995 жылдары - Талдықорған облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары. 1995-1997 жылдары - Талдықорған облыстық туризм, дене тәрбиесі, туризм және спорт бірлестігінің бас маманы, бірлестік бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - Алматы облыстық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бас маманы. 1998-2002 жылдары - Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің нұсқаушы-әдіскері болды. 2002 жылдан бастап Алматы облысы туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы қызметтерін атқарған.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері, «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» белгісімен марапатталған.

ҚАҢТАРДЫҢ 2-І, ЖЕКСЕНБІ

Швейцарияда Әулие Бертольд күні. Жаңа жылдық мерекеден кейін - Әулие Бертольд күні - Берн қаласының қаланғанына орай атап өтеді. Елдің астанасы - Берннің 1191 жылы Бургундия үкіметінің Бесінші Церингер Бертольд герцогінің қаулы шығаруымен негізі қаланды.

ОҚИҒАЛАР

43 жыл бұрын (1968) «Вечерний Алматы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Газет алғашқы нөмірінен бастап алматылықтардың арасында үлкен беделге ие болды.

1988 жылы маусымның 1-інде «Вечерний Алма-Ата» газетінің қазақ тіліндегі аудармасы - «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Ал 1990 жылдың наурыз айынан бастап «Алматы ақшамы» дербес басылым болып шыға бастады.

Қазір «Вечерний Алматы» аптасына - 3 рет, А-3 форматымен және түрлі-түсті етіп шығарылады. «Вечерний Алматы» бүгінде қазақстандық газет рыногындағы айтулы басылымдардың бірі.

5 жыл бұрын (2006) Павлодарлық ақын Татьяна Окольничьейдің «Золотое мое горенье» атты кітабы жарық көрді. Автордың поэзиясымен павлодарлықтар бұрынан таныс - Татьяна көп жылдар бойы «Звезда Прииртышья» атты облыстық газеттік әдеби беттеріне шығады.

Т.Окольничьейдің лирикасы бейнелі және таза. Автор өзінің көптеген өлеңдерін Ертіске, туған жерінің табиғатына арнайды. Өлең жолдарында - ескі Павлодардағы балалық шақ кезіндегі ағаштан және саманнан жасалған үйлер, мерекелерде бірге қыдырған ақкөңіл көршілер туралы еске түсірулер жазылған.

3 жыл бұрын (2008) Белгілі павлодарлық ақын Виктор Семерьяновтың жаңа кітабы жарық көрді. «Ритмы времен» атты жинаққа автордың әр жылдары жазған ең үздік шығармалары кірді. Оған енген поэмалар «Жасыбай батыр туралы жырлар», «Машхура төбесі», «Маусым», «Қысқы кемпірқосақ». «Мен Қазақстанда тұрамын» деген поэма ақынның және Ресей мен Қазақстан халықтарының тағдырына арналған.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда қала көшелерінің біріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаевтың есімі берілді.

Енді Абай даңғылы мен Бәсенов көшесінің арасындағы 1200 метрлік «16-шы линия» көшесінің аты Тұрғанбек Қатаевтың есімімен аталады.

Тұрғанбек Қатаев - Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері еліміздің жоғары білім беру саласын дамытуға зор үлес қосқан еді. 1974-1983 жылдары республиканың білім министрлігін басқарды. Алматыда 2009 жылы өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйге мемориалдық тақта қойылған болатын.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1926) жазушы, ақын, балалар драматургы, педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, Қазақ КСР және КСРО оқу ісінің озаты ТАБЫЛДИЕВ Әдібай дүниеге келді.

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов атындағы ауданында туған. Тараз қаласындағы педагогикалық училищені, қазіргі Абай атындағы Алматы ұлттық педагогика университетін, Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.

1968-1980 жылдары «Қазақ совет энциклопедиясы» Бас редакциясы Философия-педагогика редакциясының аға редакторы, Тіл-әдебиет редакциясының меңгерушісі болған. 1980 жылдан Қазақ Ұлттық университетінің жалпы педагогика және этностық педагогика кафедрасында этнопедагогика, педагогика және оқыту-тәрбиелеу әдістемелері бойынша дәріс беріп келеді.

Ол 1959 жылы шыққан «Бөбекке сөз» жинағынан бастап, 2000 жылы жарық көрген «Қайырлы таң, балалар!» тандамалы жинағына дейінгі аралықта балаларға арнап 31 кітап шығарды. Сондай-ақ балаларға арналған тақпақ, ертегі, скетч, инсценировка, пьесса, интермедия, қойылым жанрларында шығарма жазып, қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосты. Сатира жанрында да қалам тартып, сатиралық эпиграммалар мен скетчтер, қысқа әңгімелер жазды. Оның «Алыптардың алыбы», «Бәрекелді, Кірпі», «Ғажайып бақ» сияқты ертегі пьесалары республикалық қуыршақ театрында қойылды. Ақынның оннан аса қойылымдары республикалық теледидар, радио қорларында сақталып, үнемі күнделікті бағдарламаларда беріліп келеді.

Көрнекті ұстаз негізінен ұлттық-тәрбиенің ғылыми теориялық мәселелерін зерттеумен айналысады. Оннан аса ғылыми-әдістемелік оқу-құралдары негізінен оқушыларды, студенттерді тәрбиелеу, оқыту мәселесіне арналған. Сөйтіп, ол қазақ этнопедагогикасы ғылымының негізін қалаушыларының бірі болды. «Ұлттық тәрбие иірімдері», «Қазақ этнопедагогикасы», «Қазақ этнопедагогикасы және оқыту әдістемесі», «Этнопедагогикалық оқылымдар» және басқа да оннан астам оқу құралдарында қазақ этнопедагогикасы - ұлттық мәдениетіміздің ғылыми көрсеткіші, қайнар көзі екендігін жан-жақты талдап көрсеткен. Ұлағатты ұстаздың «Әдеп әліппесі» атты оқу құралы -республиканың барлық қазақ мектептерінде жеке пән ретінде, тәрбие құралы ретінде және «Халық тағылымы», «Тағылым», «Қазақ этнопедагогикасын оқытудың әдістемесі» тағы басқа ғылыми монографиялық еңбектерін жоғары мектеп оқытушылары оқу-тәрбие ісіне кеңінен пайдалануда.

Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері, Бірнеше медаль, Құрмет грамоталармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1936) жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің Құрметті профессоры, Семей қаласының, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, СӘРСЕКЕ Медеу Сапаұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Алматы кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, біраз уақыт жұмысшы жастар бөлімін басқарды. 1959 жылы Семей цемент зауытына ауысып, қатардағы инженерден техникалық бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарды. 1963 жылы Өскеменде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан) газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Ал 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін отыз жылдан астам уақыт атқарды. Ең алғашқы ғылыми фантастикалық повесі «Ғажайып сәуле» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Содан бергі уақыттарда жазған «Жетінші толқын», «От және атом», «Айшықты мезет» повестері мен әңгімелері, «Туған жердің асылы» новеллалары, «Жаңғырық», «Көмбе» романдары, орыс тілінде «Взрыв» т.б. жинақтары жарық көрген. А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударды. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс» және «Заңды неке» драмаларын жазды. Қаламгердің есімін Одаққа және шет ел оқырманына танытқан күрделі де сүбелі туындысы - «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясы бойынша 1980 жылы жарық көрген «Сәтбаев» ғұмырнамасы. Ұлт аспанына жарқырап шыққан біртуар тұлға академик Қаныш Сәтбаев өмірі мен ұлы ісін ұлықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам ғұмырын сарп еткен. Осы жолда жазушы Мәскеу, Санкт-Петербор, Томск, Ташкент қалаларының мұрағаттарын ерінбей ақтарды. Кітаптың ана тілінде жазылған алғашқы нұсқасы 1975 жылы билеуші партияның Орталық комитеті тарапынан қиянатты тежеуге түсіп, баспаханада тоқтатылғаны - кешегі әміршіл жүйенің қолдан жасаған қыспағы болды. Алайда қайсар жазушы алға ұстаған бетінен қайтпады, көкейкесті еңбегін әуелі Мәскеуде, қазақша түпнұсқасын 1988 жылы Алматыда жариялады. Содан бері ол 9 мәрте қайта басылып шықты. Кітаптың таралымы өткен жылдың аяғында 316 мың данаға жетті, оның орысша басылымы дүние жүзінің 112 еліне тараған.

«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Кенші даңқы», «Құрметті кен барлаушы» құрметті төсбелгілерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) ақын, Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының ескерткіштерді қорғау қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НАЗАРБЕК Сайын дүниеге келді.

Маңғыстау облысында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Атырау облысы Махамбет ауданының, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Құрметті азаматы. Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей Мемлекеттік педагогикалық институтының Құрметті профессоры.

1964-1969 жылдары - В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының оқытушысы. 1975-1980 жылдары - құрылыс мекемесінің қызметкері. 1980-1989 жылдары - Алматы құрылыс техникумының оқытушысы қызметтерін атқарған. 1992-2002 жылдары - Маңғыстауда «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде зираттық сәулет ескерткіштерін тұрғызуға кіріседі. 1992 жылы Маңғыстау өңірінде Абыл ақынға, Досан батырға күмбездер тұрғызып, 1993-1995 жылдары Шыңғыстауда «Абай-Шәкәрім» мұнарасын, Омархан - Нұржамал (Мұхтар Әуезовтың ата-анасы), Тоқтамыс батыр күмбездерін, Ділдә, Әйгерім, Ақылбай, Шәкір Әбенов сағаналарын тұрғызып, 1996-1997 жылдары Қаратау өңірінде «Домалақ ана»,1999-2010жылдары Атырау облысында «Хан Ордалы Сарайшық», Сұлтанмахмут Торайғыров кесенелерін, Жаңаөзенде «Даңқ» аллеясын салды.

«Парыз», «Абай басқан Жидебай топырағы», «Шерқала» атты өлеңдер жинағы, «Абай ішіп үлгермеген у», «Махамбеттің бір күні», «Ең асыл мұра» атты драмалық шығармалары, «Абай», «Нұрым», «Ақтаным», «Сырласым бол», «Менің Ақ Ордам», «Ұлы Дала Ұлдары» атты жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ «Адай шежіресі» атты сегіз томдық еңбектің жинақталып, жазылуына басшылық еткен.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конститутциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Маңғыстау облысы Әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі НҰРМАҒАМБЕТОВА Сұлушаш Құлжабайқызы дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында туған. Алматыдағы эстрада өнер студиясын бітірген. 1973-1995 жылдары - «Қазақконцерттің» әншісі, 1995-1996 жылдары - «Жазира» ансамблінің әншісі, 1996-1998 жылдары - Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің құрамында өнер көрсеткен. 1998-2003 жылдары - облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі болды. 2003 жылдан - қазақ эстрадасының әншісі. Әншінің репертуарында қазақ композиторларымен бірге қырғыз, қарақалпақ, орыс, түрікмен халықтарының 250-ден астам әндері бар. Ол әндердің 150-і Қазақ радиосының Алтын қорында. Ол Алжирге, Өзбекстанға, Қытай Халық республикасына, Польшаға, тағы басқа шет ел қалаларына гастрольдік сапарға шығып, өнер көрсеткен. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен қалаларында шығармашылық концерт берген. «Алтын коллекция» әндер жинағы жарық көрген. Жинаққа әншінің орындауындағы 109 ән кіргізілген.

«Ерен еңбегі үшін»медалімен мараптталған.