ҮКІМЕТ
Ақпанның 19-ында Үкімет үйінде министрлер кабинетінің мәжілісі болады.
Ақпанның 19-ында Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг жоспарланып отыр.
Ақпанның 19-ында Индустрия және сауда министрлігінде «Индустрия және сауда министрлігі мен өңірлердің 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өзара іс-қимылдарының негізгі мәселелері» деген тақырыпта республикалық семинар болады.
ПАРЛАМЕНТ
Ақпанның 19-ында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтеді. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етудегі Қоғамдық Палатаның рөлі мәселесін талқылау жоспарлануда.
Ақпанның 19-ында Мәжілісте «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заң жобасы таныстырылады.
СПОРТ
Ақпанның 12-28-і аралығында Ванкуверде ХХІ Қысқы Олимпиадалық ойындар өтеді. Олимпиада ойындарына Австралия, Австрия, Багам аралдары, Беларус, Бельгия, Болгария, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Гана, Германия, Гонконг, Грузия, Дания, Израиль, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Кайман аралдары, Канада, Қытай, Солтүстік Корея, Латвия, Ливан, Литва, Лихтенштейн, Молдова, Монако, Моңғолия, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Ресей, Румыния, Сенегал, Словакия, Словения, АҚШ, Түркия, Украина, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония, Оңтүстік Корея, Ямайка, Жапония елдері қатысады.
АСТАНА
Жазда Астанада өтетін оқушылардың 51-ші Халықаралық математикадан олимпиадаға (ХМО) қатысушыларды тіркеу ақпанның 16-сынан басталды .
Ақпанның 17-сі мен 19-ы аралығында Астанадағы Конгресс-холл сарайында «XXI ғасырдағы білім мен ғылым» атты VII-ші қазақстандық халықаралық көрме өтеді. Көрмеде Қазақстанның жоғары оқу орындары, шет елдерде білім алу туралы ақпараттар, сонымен қатар оқу-әдістемелік құралдар, ағарту ісіне қажетті құрал-жабдықтар ұсынылатын болады. Сондай-ақ талапкерлерге арналған ақысыз сынақтар жүргізіледі.
Ақпанның 19-ы күні Астанадағы «Тұран» мейрамханасында өтетін «Аманат бір өзіңе жырым-сырым...» атты М.Мақатаевты еске алу кешіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әнші Бекболат Тілеухан, белгілі ақын-жазушылар Кәкімбек Салықов, Әнес Сарай, Қойшығара Салғараұлы қатысып, Мұқағали Мақатаев туралы сырларымен бөліседі деп күтілуде. Бұл мәдени шараны Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы «Зерде» инновациялық орталығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Ақпанның 19-ы күні Астанада «Қазақстандағы бухгалтериялық есеп пен қаржылық есеп берудің өзекті мәселелері» атты бухгалтерлердің 2-ші республикалық форумы өтеді.
Ақпанның 19-ында №54 орта мектепте «2010 жылғы Ұлттық бірыңғай тестке дайындық» мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес болады.
Ақпанның 19-ында «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының кеңсесінде Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қ-К. Кәрібозов азаматтарды қабылдайды.
Ақпанның 19-ында Ұлттық академиялық кітапханада күйші Дәулеткерейдің 190 жылдығына арналған кеш өтеді.
АЛМАТЫ
Ақпанның 16-ы мен наурыздың 13-і аралығында университет профессорлары Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып үміткерлерді 14 пән бойынша сынақтан өткізеді. Оның нәтижесі бойынша үздік мектептердің рейтингі жасалады.
Ақпанның 19-ында Қазақстан Жазушылар одағының кітапханасында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Ақпанның 19-ында Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде Елбасы Жолдауына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Алматыда ақпанның 24-і күні "Сталинизм тарихы: репрессияланған Қазақстан" деп аталатын халықаралық конференция өтеді.
АЙМАҚ
Ақпанның 12-сі мен наурыздың 12-сі апралығында Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиялымен бірлесе отырып, партия филиалының ғимаратында азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізеді.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ
Ақпанның 18-19-ы күндері Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында құсбегілердің дәстүрлі "Сонар-2010" жарысы өтеді. Оны Алматы облыстық Спорт және туризм басқармасы мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен "Қыран" федерациясы қоғамдық қоры мен "Жалайыр Шора" орталығы ұйымдастырып отыр.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
АҚПАННЫҢ 19-Ы, ЖҰМА
Бүкіләлемдік киттер күні. Бүкіләлемдік киттер күні - 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы ақпанның 19-ында Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау өнеркәсібі мен кит етін сатуға тиым салған. Бірақ, ақпанның 19-ы киттерді қорғау күні ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүт қоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді толығымен жоғалып кету үстіндегі бірегей бір сүт қоректіні қорғауға арнайды.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімге қосымша хаттаманы бекіту туралы», «Минотарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда кино үйінде «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер киностудиясы түсірген «Жаралы сезім» деп аталатын 2 сериялы көркем фильмнің таныстырылымы болды. Идеяның авторы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, Экономика институтының директоры және Қазақстан Ғалымдары одағының президенті Оразалы Сәбден. Қоюшы режиссері «Жас ұлан» киностудиясының директоры Еркін Рақышев. Фильмның негізгі кейіпкерлері Қанат пен Арайдың ролін сомдаған Қазақтың Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының кинорежиссура факультетінің түлегі Берік Арықбаев пен академияның халықаралық қатынастар факультетінің 2-ші курс студенті Регина Шамгунова.
1 жыл бұрын (2009) Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы желтоқсанның 15-дегі Жарлығымен Каспий теңізіндегі Иранның солтүстігіндегі Қазақстанның Бас консульдығы ресми түрде ашылды.
1 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының Жаңажол кен орында «Актөбемұнайгаздың» АҚ қуаттылығы 45 мВт газ тұрбалы электрстансасы ашылды.
Газ тұрбалы электрстансаның ашылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен ықпал етеді. Біріншіден, энергетикалық тәуелсіздігін толық қамтамасыз етеді, екіншіден, импортты қысқартады және аймақтың тұтынушыларына электроэнергияның құнын арзандатады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-1999) қазақ жазушысы, журналист, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер БАЙЖАНОВ Сапар дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған.
ҚазМУ-ды (әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) бітірді.
«Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, «Мәдениет және тұрмыс» журналы редакторының орынбасары, бас редакторы, Қазақстан КП ОК насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, баспасөз секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған.
Оның «Жаңа леп», «Ақ маржан», «Сұңқар көңіл самғайды» және тағы басқа кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ ол, зерттеу еңбектерімен де танымал.
«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 20-Ы, СЕНБІ
Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен 2007-інші жылғы желтоқсанның 18-інде жарияланған.
Қарарда халықаралық қауымдастық кедейшілікті жою саласында, еңбекпен толық қамтамасыз етуде, лайықты жұмыс тауып беруде, ерлер мен әйелдер теңдігін сақтауда, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыруда күш-жігерді одан әрі арттыру қажеттілігі мақұлданады.
2009-ыншы жылы әлем бойынша тұңғыш рет тойланды. Дүниежүзілік әлеуметтілік әділеттілік күнін тойлауды алғаш рет Қырғыз Республикасының президенті Құрманбек Бакиев ұсынды.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» акционерлік қоғамының Германия Федеративтік Республикасының Фульда қаласында тіркеген өкілдігінің ресми ашылу салтанаты болды. Бұл әзірге «Қазпошта» АҚ-ның алыс шетелдерде ашып отырған алғашқы өкілдіктерінің бірі.
3 жыл бұрын (2007) танымал ақын Ақұштап Бақтыгерееваға Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағы берілді.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда жаңа республикалық саяси-қоғамдық апталық «Сегодня» газетінің тұсау кесер рәсімі өтті. Газет беттерінде қоғам өміріне байланысты әр түрлі тақырыптағы мақалалар шығады.
1 жыл бұрын (2009) Венада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының қысқы отырысының екінші күні Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалыққа әзірлігі барысын таныстыруға арналған арнайы сессиясы өтті. Таныстырылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасады. Сенат спикері өз сөзінде біздің ЕҚЫҰ төрағалығындағы басымдық міндеттеріміз туралы хабардар етті және қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қабылданған 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарын таныстырды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-2007) қазақстандық инженер-электрик, техника ғылымының докторы БОЙКО Федор Константинович дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Павлодар облысында туған.
Бүкілодақтық сырттай оқытатын Индустриялдық институтын бітірген.
Павлодар индустриялдық институтының проректоры, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Оның негізгі еңбектері өндірістік электрмен жабдықтау жүйелерін оңтайландыру мәселесіне арналған.
150-ден аса ғылыми еңбектердің, 10 кітаптың авторы. Ашқан жаңалықтары үшін 3 авторлық куәлік алған. 4 техника ғылымының докторын және 23 кандидатын дайындаған.
2-ші дәрежелі Отан соғысы, Халықтар Достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдарымен марапатталған.
80 жыл бұрын (1930) қазақ фтизиаторы, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі НӘУБЕТИАРОВА Айзада Нәубетиарқызы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған.
Алматы медициналық институтын және КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Дәрігерлердің білімін жетілдіру орталық институтының аспирантурасын бітірген.
1966-1982 жылдары - Қазақ өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институты аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 1982 жылдан - Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты фтизиатрия кафедрасының профессоры.
Ол ауыл шаруашылығы малдарынан ауру жұқтырғанда өкпе туберкулезінің даму ерекшеліктерін зерттеген. Оның диагностикасы мен емдеу тәсілдерін медицина тәжірибесіне енгізген.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен наградталған.
АҚПАННЫҢ 21-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық ана тілі күні. 1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның Бас Конференциясы 30-ыншы сессиясының шешімімен бекітілген және 2000-ыншы жылғы ақпанның 21-інен бастап тілдік және мәдени әр алуандықты қорғау мақсатында атап өтіледі.
Тіл - тек қатынас құралы ғана емес. Ол мәдениетке, табиғатқа, тарихқа, адам атаулының түп-тамыры мен оның шыққан тегін анықтауға мүмкіндік береді.
Барлық тілдерді танып-білу мен құрметтеу бейбітшілік сақтаудың кілті болып табылады. Әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Әр халықтың ерекшелігі мен салт-дәстүрлерін бейнелейтін өзіне ғана тән сөз тіркестері бар. Өз атымызды иеленгеніміз сияқты тілімізді де балалық шақтан өз бойымызға ана сүтімен сіңіреміз. Тіл сана-сезімімізді қалыптастырады, өз бойындағы мәдениетін бізге сіңіреді.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Экстремизмге қарсы әрекет туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Қытайдағы, ТМД мен Еуропа елдеріндегі халықаралық қызметінің кеңеюіне байланысты, сондай-ақ компанияны шетелдік рыноктарда Қазақстан бизнесімен теңдестіру үшін, «Казжелдортранс» компаниясы атауын «Қазтеміртранс» АҚ деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Меншігінде 56 мыңға жуық жүк вагондары бар «Қазтеміртранс» Қазақстан Республикасындағы жүк вагондары паркінің ірі операторы болып табылады.
3 жыл бұрын (2007) Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақтың танымал композиторы, музыкалық білім негіздеушісі, Қазақ Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасының ҰҒА академигі Ахмет Жұбановтың кеші өтті. Кеш А.Жұбановтың 100-жылдық шеңбері аясында өткізілді. Режиссер Қалила Омаров «Ахмет Жұбанов» атты жаңа деректі фильмін ұсынды. Композитордың ұрпақтары фортепьяно туындыларымен, Құрманғазы дәрістерін, «Ахмет Жұбанов» кітабын ұсынды. Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев Германияда Майниген қаласындағы опера театрының директоры және бас дирижері, «Атам туралы ойлар» туындысын орындады.
1 жыл бұрын (2009) Шығыс Қазақстан облыстық Халықтар достығы үйінде танымал кинодокументалист Анатолий Лаптев өзінің жаңа «Ақ Баур: күн мен түннің теңелуі» атты деректі фильмін ұсынды. Ұсынылған фильмде, Еуразияның ұлы даласының жолында тұрған ерекше ескерткіш Ақ-Баур туралы көрсетілген. Фильмнің ой өзегі, авторлар тарихқа ұрпақтарының ұқыптылықпен қарауын шақырады. Шығармашылық ұйымның авторлары, кәсіби-тарихшылар біздің ескерткіштерге қарым-қатынасымыз туралы ойландырады.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1991) қазақстандық инженер, техника ғылымының докторы, профессор ТОНКОНОГИЙ Айзик Вольфович дуниеге келді.
Украинаның Одесса қаласында туған.
Одесса индустриялдық институтының энергетика факультетін бітірген.
Бірнеше авторлар бірігіп, ұсақ рудалар мен концентраттарды қайта өңдеудің циклдық тәсілін жасап шығарды. Осының негізінде циклдық технология жөнінде барлық өнертабыстар мен техникалық шешімдер жасалды. А.Тонконогийдің басшылығымен темір рудаларын, мыс және полиметал сульфиді концентраттарын, әртүрлі өндірістік өнімдерді, ангрендік және донбастық көмірлердің күлдерінен металл алу мақсатында Новиков кен орнының көмірлерін өңдеу жөнінде жартылай өндірістік зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын педагогикалық қызметпен сабақтастырып, бірқатар жылдар Қазақ ауыл шаруашылығы институтында (Қазақ ұлттық аграрлық университет) «Жалпы жылу техникасы» курсынан сабақ берді.
150-ден астам ғылыми еңбектердің, 30 өнертабыстың авторы, 15 ғылым кандидатын дайындаған. Оның шәкірттері Қазақстанның барлық энергетика жүйелерінде еңбек етеді, кафедраларға, жобалау және ғылыми-зерттеу институттарына, электр стансаларына және энергетика жүйелеріне басшылық жасайды.
«Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.