ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 12-сі мен қазанның 17-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 12-сі мен қазанның 17-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

АҚОРДА

Қазанның 12-сінде Ақордада Елбасы Н.Назарбаев елімізге сапармен келген Бельгияның Мұрагер бекзадасы Филипті қабылдайды

ҮКІМЕТ

Қазанның 12-сінде Үкімет үйінде министрлер кабинетінің отырысы өтеді.

Қазанның 12-сінде Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Бельгияның Мұрагер бекзадасы Филипп мырзамен кездеседі

Қазанның 12-сінде Астанада Бельгия Корольдігінің бекзадасы Филиптің Қазақстанға ресми сапары аясында қазақстан-бельгия бизнес форумы өтеді. Форумның мақсаты - Қазақстан мен Бельгия Корольдігінің арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың жайын саралап, Бельгиямен инвестициялық байланыстарды дамыту және осы бағыттағы екіжақты құжаттарға қол қою болып табылады. Форумға Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов пен Бельгия Корольдігінің бекзадасы Филип қатысады деп күтілуде.

Қазанның 12-сінде Астанадағы «Raddison SAS» қонақүйінде Корея Республикасының экономика және білім министрі Кынг хван Чойдың Қазақстанға ресми сапары аясында қазақ-корей бизнес-форумы өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Қазанның 4-19-ы аралығында Германияның Қазақстандағы жылының аясында Павлодардағы №36 мектеп мен Германияның Веймар қаласындағы Гете-гимназияның арасында оқушылармен алмасу шарасы өтеді. Жоба аясында сондай-ақ, Астана және Павлодар қалаларында Гете-гимназияның «Die Ameisen» камералық хорының концерттері өтеді.

Қазанның 11-12-інде Қазақстан Парламентінің шақыруымен Иран Ислам Жиналысы Меджилисінің спикері Али Лариджани Астанаға сапармен келеді.

Қазанның 11-15-і аралығында Қазақстанға экономикалық миссиямен Бельгия Корольдігінің Мұрагер Бекзадасы Филипп келеді.

Қазанның 11-13-і аралығында Германия Бундестагының (Парламентінің) төрағасы Норберт Ламмерт Астанаға ресми сапармен келеді.

Қазанның 12-13-інде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Норвегияға ресми сапары өтеді.

Қазанның 12-сінде Бакуде Кавказ өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған «Стратегиялық серіктестік 1520: Кавказ өңірі» деген тақырыпта халықаралық аймақтық теміржол бизнес-форумы өз жұмысын бастайды.

Қазанның 14-інде Брюссельдегі НАТО штаб-пәтерінде сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің кездесуі өтеді.

Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.

ТМД

Қазанның 12-сінде Мәскеуде ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және ҰҚШҰ ұйымдарының жоғары әкімшілік-лауазымды тұлғаларының кездесуі өтеді

Қазанның 13-інде Петербордағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтерінде Ассамблеяның Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтеді.

Қазанның 14-інде Петерборда «Экстремистік әрекеттерге қарсы күресуде ТМД мемлекеттерінің ынтымақтастығын жетілдірудің тұжырымдамалық негіздері» атты халықаралық конференция өтеді.

Қазанның 14-15-інде Мәскеуде ТМД елдерінің өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің V форумы өтеді.

СПОРТ

Қазанның 15-інде Астанада Кекушинкай-каратеден өтетін 12-ші ашық чемпионатқа арналған баспасөз мәслихаты болады.

Қазанның 16-сында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде ерлер, әйелдер және жасөспірімдер арасында Кекушинкай каратеден 12-ші Ашық Азия чемпионаты өтеді.

АСТАНА

Қазанның 12-сінде Астана әкімдігінде Бельгияның Мұрагер бекзадасы Филиптің және қала әкімінің орынбасары Қ.Сұлтанбековтың қатысуымен қазақстан-бельгия бизнес-форумы өтеді.

Қазанның 12-сінде Астана қаласының Ішкі істер департаментінде апталық брифинг өтеді.

Қазанның 12-сінде «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының кеңсесінде азаматтардың қыркүйек айындағы өтініш-арыздарының қорытындысы бойынша Қоғамдық қабылдау меңгерушісі брифинг береді.

Қазанның 12-сінде «Думан» қонақүйінде «Қант диабеті туралы фактілер мен мифтер» деген тақырыпта журналистерге арналған оқу семинар өтеді.

Қазанның 12-сінде «Түгел» баспасөз клубында «Эксон Мобил Қазақстан» компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылған «Кадрлар дайындаймыз!» әлеуметтік жобасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты болады.

Қазанның 13-інде Президенттік мәдениет орталығының кітапханасы Біріккен Ұлттар Ұйымының 65 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» отырысын өткізеді.

Қазанның 13-інде Астанада «Қант диабеті - қимылдайтын кез келді!» форумы өтеді. Шараны ҚР Диебет қауымдастығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Қазанның 14-15-інде Астанада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде терроризмнің алдын алудағы табысты стратегия, тиімді іс-қимыл және озық тәжірибе мәселелерін талқылауға арналған халықаралық конференция өтеді.

АЛМАТЫ

Қазанның 12-сінде Holiday Inn., қонақүйінде Қазақстандық І Интернет-апталығының (KIW-2010) ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

Қазанның 12-сінде Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің мәжіліс залында танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжанмен кездесу болады.

Қазанның 12-сінде Қазақстандық баспасөз клубында IV Ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек-2010» сыйлығына арналған баспасөз мәслихаты болады.

Қазанның 15-і мен желтоқсанның 15-і аралығында Алматыда «Үздік инвестор» конкурсы өтеді. Бұл шараны «CAIFC», «Centras Securities», «Halyk Finance», «Seven Rivers Capital», «Premier Capital брокерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.

Қазанның 21-і күні Алматыда Владимир Фатьянов пен Ираклий Квирикадзенің «Қасқырлардың әділ соты» атты мистикалық драмасының таныстырылымы өтеді

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚАЗАННЫҢ 12, СЕЙСЕНБІ

Испанияның ұлттық мейрамы - Испан ұлтының күні

Х.Колумбтың Американы ашқан жылының құрметіне орай атап өтеді (1492). Испания Корольдігі - Еуропаның оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің көп бөлігін және Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдарын иеленеді. Ресми тілі - испан тілі. Астанасы - Мадрид қаласы. Мемлекет басшысы - король. Заң шығарушы органы - екі палаталы парламент.

Қазақстан Республикасы мен Испан Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 11-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және беру ережесін бекіту туралы» Жарлығы жарық көрді.

1 жыл бұрын (2009) Минск қаласында өткен жылдың үздік құрлысы және жобасы халықаралық байқауында қарағандылық сәулетші Рамазан Әубәкіровтың жұмысы Алтын медалімен марапатталды.

Халықаралық сәулетшілер одағының қауымдастығы өткізіп отырған байқауға Қарағандыдан 5000 орындық мешіттің жобасы ұсынылды. Жұмысты орындаған авторлар: Әубәкіров, Жидких, Ораков. Р.Әубәкіровтың айтуынша, «жоба қасиеті Қағба тасының бейнесіне келтіріліп жасалған». Авторлар куб формасындағы мұсылман мешітін, күмбезі мен мұнарасын ақ түспен жасауды және оларды шынымен қаптап қоюды ұсынып отыр.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1985) актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі САМОЙЛИН Григорий Матвеевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Пенза қаласында туған. Пенза қаласында театр студиясын бітірген. 1937 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы қаласындағы Орыс драма театрында өнер көрсеткен. Оның сахнасында Долгий (Н.Ф. Погодиннің «Падь серебряная»), Миронов (Б.Войтеховтың және Л.С. Ленчаның «Павел Грековында»), Чир (К.А.Треневтың «Любовь Яровая»), Блохин (И.Ф. Поповтың және А.Н. Степановтың «Порт-Артур»), Митрофанов (Д. Салынскийдің «Барабанщица»), Роман Тимофеевич, Павел Козин (В.С. Розовтың «Неравный бой» және «Традиционный сбор»), Глоба (К.М. Симоновтың «Русские люди»), Танеке (М.О. Әуезовтың «Ночные раскаты»), Нарымбет (М.О Әуэзовтың және Л.С. Соболевтың «Абай»). Актерлік шеберлігі ерекше рөлдерде айқын көрінді.

50 жыл бұрын (1960) «Самрұқ Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның көлік активтері дирекциясының директоры, Құрметті теміржолшы ОРАЗБЕКОВ Марат Жаңабергенұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Алматы теміржол көлігі инженерлер институтын (қазіргі М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы), және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1977 жылы аудандық қаржы бөлімінде нұсқаушы болып бастаған. 1986-1990 жылдары - Арыс қаласындағы локомотив депосында электрмашина цехының шебері, бас технологы, бас инженері. 1990-1992 жылдары - Халық депутаттары Арыс қалалық кеңесінің аға референті. 1993-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің теміржол көлігі департаментінің бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, директордың орынбасары, директоры. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Теміржол көлігі комитеті төрағасының орынбасары. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың қазанынан бастап.

«Ерен енбегі үшін» және «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 13-І, СӘРСЕНБІ

Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы, 1989 жылы № 44/236 Қарарында «Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі онжылдық» жариялап, қазанның екінші сәрсенбісін Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту күні деп белгіледі және оны 1990-1999 жылдары жыл сайын атап өтуге қаулы етті.

2001-інші жылы Бас Ассамблея өзінің 56/195 қарарында табиғи апаттардың алдын алуды, оның зардаптарын жеңілдету мен оған дайын болуды қамтамасыз етуді қоса ескергенде - табиғи апаттар қаупін азайту мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесетін құралдардың бірі деп есептей отыра - осы күнді жыл сайын атап өтуге қаулы шығарды.

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) Қазақстанда Диабет ассоциациясы құрылды. Ол 1996 жылы 176 ел біріккен Халықаралық диабет федерациясының құрамына кірді.

5 жыл бұрын (2005) Астанада белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбаевтың «Өзгеге, көңілім, тоярсың» атты үнтаспасының таныстырылымы болды. Үнтаспаның шығарылуы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 160-жылдық мерейтойына орайластырылған: мұнда оның өлеңдері К.Мыржакбаевтың орындауында көрсетілген.

5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі «Қазақстанның демографиялық жинағы» статистикалық жинағын қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарды. Жинақ 2 бөлімнен тұрады, оның бірінші бөлімі республика бойынша, ал екіншісі, өңірлердегі көрсеткіштерге арналып отыр. Сондай-ақ бұл еңбекте халықтың әкімшілік-аумақтық бөлінісі, халықтың жалпы санының және жыныс-жас құрамының өзгерісі, оның Қазақстан аумағында орналасуы, туу мен өлім, некелесу мен ажырасу, көші-қон туралы статистикалық деректер берілген.

5 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт іске қосылды.

«ЛИК» ғылыми-өндірістік фирмасының құрылымына жаңа кәсіпорында кірді, олар құрғақ құрылыс қоспаларын жергілікті шикізаттан және еуропаның жетекші өндірушілерінің шашыраңқы қоспаларын қолдану негізінде жасап отыр.

5 жыл бұрын (2005) Семейде танымал композитор Теміржан Базарбаевтың жаңа әндер жинағының таныстырылымы болды.

Жинақ «Ауылым» деп аталады. Оған әр жылдарда өмірге келіп, ел ішінде кең тараған әндер мен романстар енгізіліп отыр. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Теміржан Базарбаев Семей саз училищесінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті. «Ауылым» жинағы 500 дана таралыммен шығарылып отыр. Композитордың жаңа жинағының таныстырылымына жұртшылық өкілдері мен Семейдің мәдениет қызметкерлері қатысты.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыға жұмыс сапарының аясында Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің химия факультетінің жаңа корпусын ашты.

1 жыл бұрын (2009) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75-жылдық мерейтойына арналған салтанаты шаралар шеңберінде, ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Үлкен алтын» медалін тапсырды.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1915-1994) режиссер, педагог, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТОҚПАНОВ Асқар (Әлиасқар) дүниеге келді.

Алматы обылысының Іле ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

1939-1944 жылдары және 1948-1951 жылдары Қазақ драма театрында қоюшы режиссер болып, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», Ш.Хұсайыновтың «Марабай», Әуезовтың «Сын сағатта» мен «Еңлік-Кебек», С.Мұқановтың «Жеңіс жыры», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», А.П.Штейннің «Намыс соты», Д.Гоу мен А.Д.Юссоның «Терең тамырлар» спектакльдерін сахнаға шығарды. Бұдан кейін Балалар мен жасөспірімдер театрының, сондай-ақ Қарағанды, Гурьев (Атырау), Жамбыл облыстық драма театрларының көркемдік жағын басқарып, спектакльдер қойды. Ол спектакльдерді қоюмен бірге, өзі де кейбір басты рөлдерді ойнап, сахна өнерінің өзекті мәселелері туралы зерттеу-мақалалар және пьесалар жазды. Сонымен қатар Г.Ибсеннің, А.Островскийдің, А.Чеховтың, А.Ф.Софроновтың, М.Горькийдің туындыларын аударды. Педагогикалық қызметпен де шұғылданып, 1939-1944 жылдары Алматыдағы театр училищесінде және Өнер институтында (қазіргі Алматы театр көркемсурет институты) дәріс беріп, 1955-1963 жылдары кафедра меңгерушісі, 1975 жылдан профессоры болды.

Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 14-І, БЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік көз көруі күні

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының ұсынысы бойынша жыл сайын қазанның екінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күн қоғамдастық назарын соқырлық мәселесіне аударуды, көре алу қабілетінің құндылығы туралы ойлануға және мүмкіндігінше барлық мұқтаж адамдардың окулист-дәрігерлер қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді.

Бүкіләлемдік көз көруі күнін өткізуге көздің көруі бұзылуының алдын алу және көз көруін қайта қалпына келтіру саласындағы барлық әріптестер қатысады. Сондай-ақ бұл күн соқыр болып қалудың алдын алу және ДДҰ мен Соқырлықтың алдын алу халықаралық агенттігі құрған «Көру 2020: Көз көру құқығы» соқырлықтың алдын алу жөніндегі жаһандық ұсыныстың негізгі ақпараттық-насихаттық мәнісі болып табылады.

Халықаралық стандарттау күні

1946 жылғы қазанның 14-інде Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты.

ОҚИҒАЛАР

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нормативтік құқықтық актілер жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті сараптаманы кезең-кезеңмен енгізуді көздейтін «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама өткізу мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» Заңға қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпараттық орталығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қоғамды түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» кітабының таныстырылымы өтті.

Кездесу аясында ресейлік және қазақстандық ғалымдар талдап жасаған 2050 жылға дейінгі «Өркениеттер болашағы және өркениетті серіктестік стратегиясы» жаһандық болжамының ІХ бөлімі таныстырылды.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстанда www.yandex.kz порталының іздестіру жүйесі ашылды. Яндекстің порталында қазақстандық пайдаланушыларға бағдарланған барлық негізгі қызметтері ұсынылған. Онда іздестіру қазақ және орыс тілдерінің морфологиясын ескереді, сондай-ақ пайдаланушылардың локалдық сұраныстарына жергілікті сайттарды көрсетумен жауап береді. Мысалы, «Конституция» деген сұраныс бойынша - Қазақстан Республикасы Ата заңының мәтінін береді. Пайдаланушылар іздестіру тілін қазақ және орыс тілдерінде қолдана алады. Сондай-ақ порталда Астана және Алматы қалаларының толық әрі дәл карталары, жергілікті пойыздар мен ұшақтардың қозғалыс кестесі пайда болды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1972) халық ақыны, күйші, әнші ЖҮСІПОВ Мұзарап дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Жастайынан ақындық топқа түсіп, әншілік, ақындық өнерге бейімделді. Оның өнерпаздық дарынының қанаттануына Сыр бойының атақты ақын-жыраулары Омар, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, т.б. үлкен ықпал етті. Ол халық ауызындағы ертегі, аңыздардың желісі негізінде «Тамшы», «Үш насихат», «Самұрық», т.б. дастандарын шығарды. Өз жанынан «Жастармыз», «Тасқын», т.б. әндер, «Көркем қыз», «Шаттық», т.б. күйлер шығарған. Оның әдеби мұрасы Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба қорында сақтаулы.

30 жыл бұрын (1980) спортшы НАЗАРОВ Ардақ дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы (1999, Алматы). Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы (2004, Хабаровск, Ресей, 2005, Сеул, Корея) және әлем кубогының иегері (2004, Хабаровск, Ресей). Еуразияның екі мәрте чемпионы (2001, Астана, 2002 Қарағанды). Азия чемпионы (2003, Бішкек, Қырғыстан). Еуропа - Азия матчтық кездесуінің жеңімпазы (2005, Екатеринбург, Ресей). Еуропа чемпионы (2007, Таллин). Санкт-Петербор, Бішкек, Владивосток, Сеул қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

ҚАЗАННЫҢ 15-І, ЖҰМА

Халықаралық ауыл әйелдері күні

2008-інші жылдан бастап жыл сайын қазанның 15-інде атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының «Ауылдық жерлердегі әйелдердің жағдайларын жақсарту» қарарында (2008-інші жылғы ақпанның 12-сіндегі № A/RES/62/136 қарар) жарияланды.

Бас Ассамблеяның бұл шешімі ауылдық жерлердегі әйелдердің жағдайларын жақсартуға тікелей арналған және 2001-інші жылдан бастап екі жыл сайын қабылданып отырған (№№ 56/129, 58/146, 60/138) бұдан бұрынғы қарарларды қарастыру аясында қабылданды.

Бүкіләлемдік қол жуу күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), қазанның 15-ін Бүкіләлемдік қол жуу күні деп жариялады.

Қолды сабынмен жуу - жыл сайын 3,5 миллион балалар өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы неғұрлым тиімді және үнемді дауалардың бірі.

Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығына орай 100 теңгелік мерекелік ақшаны айналымға шығарды. Ол Қазақстан теңге сарайында жасалған. 100 теңгелік мерекелік күміс ақшаның диаметрі - 24,5 мм, қалыңдығы - 1,9 мм. Ал, салмағы - 6,45 грамды құрайды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы наурыздың 2-сінде 46-шы сессияда мүше боп қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы күні жыл сайын қазанның 24-інде ресми түрде аталып өтеді.

3 жыл бұрын (2007) жарты ғасырдан астам уақыт бойы шойын жолда жұмыс істеген белгілі павлодарлық Әби Сарқыншақовтың кітабы жарыққа шықты.

Автор еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, Павлодар темір жол бөлімінің бастығына дейін көтерілген. «Өмірім менің - темір жол» атты кітабының Қазақстан темір жолының даму тарихы, белгілі адамдармен кездесулері мен автордың өз көзімен көрген оқиғалар жазылған. Оқырмандар бұл кітапта өткен ғасырдың 80-ші жылдары өткізілген ауыр салмақты эшелондардың екібастұз көмірімен жөнелту бірегей эксперименттің, жақында болған оқиғалардың ішінде Ақсу-Дегелен жолының құрылысын, Павлодар - Екібастұз торапының электрлендіруі болғанын біле алады. «Өмірім менің - темір жол» ардагердің үшінші кітабы, тағдырларын темір жол көлігімен байланыстырған адамдарға арналған. Кітап жергілікті «Баспа үйі» баспасынан шығарылған.

3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау агенттігі құрылды.

Агенттікке бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді. Үстіміздегі жылдың 11 қазанында өткен Үкіметтің кеңесінде Президент Бәсекелестікті қорғау агенттігін құру жөнінде тапсырма берген болатын.

1 жыл бұрын (2009) Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 35-ші сесиясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі; Коммуникацияны дамытудың Халықаралық бағдарламасының Үкіметаралық кеңесі; «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі; Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі комитет, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері бойынша Комитет бюросы болып 4 жылға сайланды.

1 жыл бұрын (2009) Оралдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Біржан сал» көркем фильмінің таныстырылымы болды. Бұл - белгілі кино актері Досхан Жолжақсыновтың режиссер ретіндегі тұңғыш туындысы. Оның үстіне басты роль - Біржан бейнесінде Досханның өзі ойнайды. Режиссердің айтуынша, қазақтың Көкшедей көркем жерінде табиғаттың өзі оң қабақ танытып түсірілген фильмге актерлер іріктеліп алынды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1995) ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы СӘРСЕНБАЕВ Әбу (Әбуғали) дүниеге келді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Астрахандағы партия мектебін, Алматыдағы Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген.

1934-1936 жылдары - «Түрксіб» газетінің редакторы. 1936-1942 жылдары - Қазақ мемлекеттік баспасының директоры. 1942-1947 жылдары Кеңес армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры қызметтерін атқарған.

Оның «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны 1937 жылы жарық көрген. «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге), «Теңіз махаббаты» пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайловпен бірге құрастырған, 3-інші сыныпқа арналған), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған), «Ана тілі» (3-інші сыныпқа арналған) оқулықтары, әскери новеллалар мен эсселер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған.

Қызыл Жұлдыз, Қазан революциясы, Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Туы, Отан соғысы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

100 жыл бұрын (1910-1976) көрнекті қазақ ғалымы, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДҮЙСЕНБАЕВ Ысқақ Тәкімұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Омбы облысы Таврия ауданында туған. А.М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1939-1942 годы - Қазақ мемлекеттік әдеби қоғам басылымның редакторы. 1943-1946 жылдары үшінші Украина майданының «Кеңестік жауынгер» (Советский воин) газеті редакторының орынбасары. 1946-1947 жылдары - Қазақстан ҒА Төралқасының ғалым хатшысы, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының әдебиет секторында кіші, аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі. 1947-1948 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының өнертану секторының меңгерушісі. 1949-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институты бөлімінің меңгерушісі.

Негізгі ғылыми еңбектері қазақ фольклоры, оның ішінде лиро-эпос, әдебиет тарихы, мәселелеріне арналған. Сонымен қатар Ф.Рабле, И.С.Тургенов, А.П.Чехов, Р.Роллан, А.Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның «Мұхтар Әуезов», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Ғасырлар сыры», «Қазақтың лиро-эпосы» атты еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған елеулі үлес болып есептеледі.

Қызыл Жұлдыз, 2-інші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

95 жыл бұрын (1915-1991) астроном, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері РОЖКОВСКИЙ Дмитрий Александрович дүниеге келді.

Ресейдің Омбы облысы Тара қаласында туған. Томск университетін бітірген.

1942-1945 жылдары - Семейдегі автомобиль-механика және геологиялық барлау техникумдарында, Семей педагогикалық институтында оқытушы. 1946-1950 жылдары - Қазақ КСР ҒА Астрономия және физика институтында кіші ғылыми қызметкер, аспирант. 1951-1986 жылдары - Қазақ КСР ҒА Астрофизика институтында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері газ-тозаңды тұмандықтар мен жұлдызаралық ортаның физикалық процестерін, кометалардың қасиеттерін зерттеуге арналған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 16-Ы, СЕНБІ

Дүниежүзілік азық-түлік күні

1979-ыншы жылы Ұлттар Ұйымының жыл сайынғы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдары конференциясы (FAO) қоғам назарын бүкіләлемдік азық-түлік мәселесіне аудару және әлемдік қоғамдастықты аштықпен, қайыршылықпен және кедейшілікпен күресте ынтамақтастығын нығайту мақсатында жарияланған.

Дүниежүзілік анестезиологтар күні

Анестезия - жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анезтезияны хирургиялық операцияны ауыртпау жасау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. Тарихтың айтуынша 1846 жылғы қазанның 16-ында Томас Мортон тіс дәрігері эфир наркозымен операция өткізді. Бұл күнді дүниежүзі Анестезиолог күні деп есептейді.

Бастық күні (Босс күні)

1958 жылы Патриция Хароски американ хатшысы жаңа мейрам - Бастық күнін - ұсынды. 1962 жылы Иллинойс штатының губернаторы бұл мейрамды ресми түрде бекітті. Бұл дәстүрді көптеген елдер қолдады және мейрам дүниежүзіне тез тарады.

ОҚИҒАЛАР

70 жыл бұрын (1940) Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлының мұражайы ашылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған бұл мұражай орталық Шығыс пен Батысты байланыстырып отыр. Абай мұражайына 20 мың жәдігер қойылған. Олардың қатарында Абайдың көзін көріп, өзі тұтынған заттар да кездеседі. Сондай-ақ, мұнда 13 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

3 жыл бұрын (2007) Шымкентте «Абай» деп аталатын ұлттық әдеби, мәдени, қоғамдық басылымның алғашқы нөмірі жарық көрді. Оны шығарған Халықаралық «Абай» клубы. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай туралы сөз» деп аталатын мақаласымен ашылған жаңа басылым 20 бет көлемінде 10 күнде бір рет шығады. Онда қазақ ақын, жазушылары ғана емес әлем әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармалары басылады. 30 мың данамен жарық көрген басылымдағы материалдар «Әлем поэзиясы», «Поэзия», «Сын», «Нобель сыйлығының лауреаттары», «Салт-дәстүр», «Дала кемеңгерлері», «Тұлға», «Біздің қонағымыз», «Отбасы», «Детектив», «Спорт», «Халықаралық Абай клубының кітапханасы» деген айдарлар бойынша жарық көріп отыр.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан, Иран және Әзірбайжан темір жол тармағының құрылысы туралы келісімге қол қойды. Тегеранда Каспий маңындағы мемлекет басшылары саммиті шеңберінде, Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Махмуд Ахмадинежад келісімге қолдарын қойды. Бұл жоба темір жол құрылысын Қазақстаннан Иранға Түрікменстан арқылы Үзен-Гызылгая-Берекет-Этрек-Горган бағытында қарастырылған.

1 жыл бұрын (2009) Оралда қазіргі қала жастарының өмірі туралы түсірілген «Хочу тепла» атты толық метражды көркем фильмнің таныстырылымы болды.

Продюсері Дәурен Сәтқанов - «NIDS» компаниясының жетекшісі. Фильмнің авторы - Идрис Ғалимуллин, режиссері - Аманат Рзағалив. Қазіргі жастардың өмірі туралы түсірілген кино идеясының авторлары - И. Ғалимуллин және А. Рзағалив, техникамен қамтамасыз еткен - Д.Сәтқанов.

Фильмнің сюжеті Асқар, Ләйлә, Роман және Фатима туралы. Махаббат және достық, сатқыншылық - жастар аталмыш тақырыптағы сұрақтарға жауап іздейді. Актерлер құрамасы - Құрманғазы атындағы музыкалық колледжнің және М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1930-1973) журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері БАҒАЕВ Ұзақ дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1952-1962 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі. 1962-1969 жылдары - Қызылорда облыстық «Ленин жолы», «Октябрь туы» газеттерінің редакторы қызметтерін атқарған. 1969 жылдан өмірінің соңына дейін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Оның «Халық бастамасы - қайнар бұлақ», «Жан сұлулығы», «Дала жұлдыздары», т.б. кітаптары жарық көрген.

Құрмет Белгісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. КСРО Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Алматы облысы Райымбек ауданындағы Алғабас ауылында Ұзақ Бағаев атындағы орта мектеп, көше бар, және онда мұражай-үйі ашылған. Жыл сайын еліміздің үздік деп танылған журналистеріне Ұзақ Бағаев атындағы арнаулы жүлде бар.

65 жыл бұрын (1945) режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ТӘПЕНОВ Ерсайын Қандержанұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтын (қазірігі Ресейдің театр өнері академиясы) бітірген.

1968-1974 жылдары - Семей облыстық драма театрының (қазірігі Семей музыкалық драма театры) режиссері. 1976-1979 жылдары - бұрынғы Торғай облыстық музыкалық драма театрының, 1979-1990 жылдары - Қарағанды облыстық қазақ драма театрының бас режиссері болды. 1990 жылдан бастап Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының бас режиссері.

М.Әуезовтің «Айман - Шолпан», «Дос - Беделдос», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоты», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Е.Г. Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Б. Майлиннің «Шұға», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Т.Ахановтың «Махаббат мұңы» мен «Күшік күйеу», Ә. Таразидің «Жақсы кісі», Д. Исабековтың «Әпке», О. Сүлейменов пен Б. Мұқайдың «Замақыр», М.Шахановтың «Отырар дастаны», Н.В. Гогольдің «Үйлену», А.П. Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», У. Шекспирдің «Асауға тұсау», «Король Лир», т.б. авторлардың шығармаларын сахнаға шығарды.

Поэзияға, пластикалық және біртұтас сахналық әсерлі шешімге ден қою оның режиссурасына тән қасиет. 1986 жылы оған С.Жүнісовтің «Өліара» спектаклінің қойылымы (1982) үшін Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

ҚАЗАННЫҢ 17-І, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық қайыршылықты жою үшін күрес күні

Халықаралық қайыршылықты жою үшін күрес күнінің тарихы 1987-інші жылғы қазанның 17-сімен тығыз байланысты. Сол - 1948-інші жылы Жалпыға ортақ адам құқы декларациясына қол қойылған - күні асқан қайыршылық, күш көрсету және аштық құрбандарын еске алу мақсатымен Париждегі Трокадеро алаңына жүз мыңнан астам адам жиналды. Жиналғандар қайыршылық адам құқын бұзу болып табылады деп мәлімдеді және осы құқықтарды сақтауға бірлескен қимыл таныту қажеттігін атап көрсетті. Осы мазмұндағы тиісті мәлімдеме сол күні ашылған Естелік тасына қашап жазылды.

1992-нші жылғы желтоқсанның 22-сінде қабылданған қарарында Бас Ассамблея қазанның 17-сін Халықаралық қайыршылықты жою үшін күрес күні деп жариялады және барлық мемлекеттерді, әр елдің өз өзгешіліктеріне қарай, осы күні қайыршылық пен кедейшілікті жоюға байланысты нақты шаралар өткізуге және насихат жұмыстарын жүргізуге арнауға шақырды.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын жүргізу жөніндегі Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заң жер қойнауы саласы бойынша мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстанның футболдан құрама командасының www.sbornaya.kz. атты сайтының тұсаукесері өтті. Жобаның мақсаты - жас қазақстандық команда жайында ақпарат тарату, Қазақстанда футболды жұртшылыққа әйгілеу, жанкүйерлерді біріктіру. Сайт құрама команда жайындағы жаңалықтар және сараптама ақпараттарынан тұрады. Жоба ҚР Футбол федерациясының қолдауымен құрама команда жанкүйерлерінің бастамасы бойынша құрылды.

3 жыл бұрын (2007) ҚХР-ғы ҚР Елшілігі Бейжіңде Қытайдағы Қазақстанның Мәдениет күндерінің аясында шығарылған көркем иллюстрациялық журналдың тұсаукесері өтті.

Журналдың 4 бөлімінде Қазақстан тарихын баяндайтын суреттер мен материалдар бар, қазақ және қытай тілінде өзара қарым-қатынастар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен екі ел арасындағы байланыстардың дамуы, қазақстандық мәдениеттің тарихы мен дәстүрі қамтылған. Арнайы бөлімде ежелгі және қазіргі заманғы қазақ халқының музыка аспаптары көрсетілген.

1 жыл бұрын (2009) Павлодарда соғыс ардагері, саяси қайраткер Уақап Сыздықов (1924-1992) тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты шараға қатысқан оның туыстары, достары және қызметтестері Уақап Сыздықовтың ұйымдастырушылық дарынын, шексіз еңбексүйгіштігін еске алды.

Уақап Сыздықов Лебяжі ауданының Тілектес ауылында дүниеге келген, сонда тоғызыншы сыныптан кейін балаларға өзі сабақ бере бастаған. 1942 жылдың қыркүйегінде, әскери курсты тәмамдағаннан кейін, кіші лейтенант Уақап Сыздықов Брянск майданына аттанады, онда 235-ші атқыштар дивизиясында взвод командирі болады. Екі рет жараланады, жауынгерлік ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. У.Сыздықовтың еңбегі Октябрь Революциясы, «Құрмет белгісі», Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту ордендерімен және бірнеше медальмен атап өтілген.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстанның Германиядағы жылының аясында Қазақстанның Берлиндегі Елшілігінің және Франкфурттегі Бас консульдықтың қолдауымен,

Франкфурт кітап жәрмеңкесінде Олжас Сүлейменовтың «Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабы неміс басылымының таныстырылымы өтті.

«Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабының таныстырылымында автор Олжас Сүлейменов қауымды өз туындыларымен қысқаша таныстырып өтіп, өлеңдерінен үзінді оқыды.

Олжас Сүлейменовтың «Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабы Қазақстанның Германиядағы Елшілігі немістің «J&D Dagyeli Verlag», «Önel Verlag&Druck» және «Schiler Verlag» басылымдарымен бірлесіп жүзеге асырып отырған «Қазақ кітапханасы» жобасының аясында таныстырылып отыр. Осынау ынтымақтастықтың арқасында бүгінде неміс оқырмандарының кітап сөрелерінде Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Әбіш Кекілбаевтың, Тахауи Ахтановтың неміс тіліне аударылған туындылары тұр.

1 жыл бұрын (2009) Атырауда украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченкоға арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақта Шевченко көшесіндегі үйдің алдыңғы жағында орналасқан. Бұл ғимарат Атырау (Гурьев) қаласының ескі орталығында орналасқан, онда 1850 жылы Тарас Шевченко Маңғышлақ түбегіне жер аудару кезінде осы көшеде болған.

ЕСІМДЕР

40 жыл бұрын (1970) қазақ эстрадасының әншісі ЗАБИРОВА Толқын Тоқтаубайқызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) және оның аспирантурасын (2000) бітірген.

1993-1995 жылдары - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қызмет атқарды. 1995 жылдан қазіргі уақытқа дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокалдық өнер кафедрасында вокалдық-педагогикалық практика пәнінің оқытушысы.

«Янтарный соловей» (Калининград қаласы, 1996), және «Әлібек Дінішевтың театры» (Алматы қаласы, 1998) атты Халықаралық конкурстардың лауреаты. Сонымен қатар, бірнеше Халықаралық эстрада конкурстарының лауреаты.