ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 22-сі мен қазанның 24-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 22-сі мен қазанның 24-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Қазанның 22-сі күні «Кеден одағы: қазақстандық бизнестің болашағы» тақырыбында бизнес-конференция өтеді.

Қазанның 22-сінде Министрліктер үйінде «Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерлік дамуының гендерлік аспектілері» атты дөңгелек үстел өтеді.

Қазанның 22-сі күні ҚР Ішкі істер министрлігінде «Елдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мәселесі бойынша арнайы брифинг өтеді.

Қазанның 22-сінде ҚР Сыртқы істер министрлігінде ҚР Президентінің жанындағы жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтеді.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қазанның 21-22-сі күндері Минскідегі ТМД Атқарушы комитетіндегі отырыс барысында ТМД сарапшылары 2020 жылға дейінгі Достастық елдерінде зияткерлік жекеменшік саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жасау бойынша өткізілетін іс-шаралар тізімін талқылауда.

Қазанның 18-26-сы аралығында Венадағы Хофбург сарайында ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде Шолу конференциясының веналық бөлігі өтуде. Шолу конференциясының екінші бөлігінде әскери-саяси, экономикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқылануда.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өтуде.

ЭКОНОМИКА

Қарашаның 1-інен бастап Қазақстан Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банк тобының Швейцариялық кіші тобына ауысады

АСТАНА

Қазанның 22-сі күні Астанада 7-ші қысқы Азия ойындарының алау эстафетасының тұсаукесері болады.

Қазанның 22-сі күні Қазақ Гуманитарлық Заң Университетінде «ҚР-дағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» заң жобасы жөнінде дөңгелек үстел өтеді.

Қазанның 22-сінде Тұңғыш Президент мұражайында Қазақстандағы Германия жылы аясында Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулердің фотокөрмесі өтеді.

АЛМАТЫ

Қазанның 15-і мен желтоқсанның 15-і аралығында Алматыда «Үздік инвестор» конкурсы өтеді. Бұл шараны «CAIFC», «Centras Securities», «Halyk Finance», «Seven Rivers Capital», «Premier Capital брокерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.

Қазанның 22-сі күні Алматыда Т.Шармановтың 80 жылдығына арналған «Өмір жолы» ескерткішінің ашылуы, Т.Шармановтың 80 жылдығына арналған мерейтой салтанаты болады.

Қазанның 22-сінде «Алматы қаласы бюджетіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе қаралатын мәслихаттың кезектен тыс XXXII сессиясы болады.

Қазанның 22-сі күні Азиадаға дейінгі 100 күнге арнап спорт киімдерінің көрсетілімі мен «Қазақ спортының тарихы» атты көрменің салтанатты ашылуы болады.

Қазанның 22-сінде Қазақ-Британ университетінің мәслихат залында «Қазақ мәдениетінің әлемдік қауымдастыққа қосылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

Қазанның 22-сі күні Алматыда Нұрпейіс Байғанинннің 150 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылады.

АЙМАҚТАР

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ

Қарашаның 1-інен бастап Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Боранқұл кентінде «Бизнес-Кеңесші» бизнес-оқыту бағдарламасын жүзеге асырудың ІІІ кезеңі басталады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚАЗАННЫҢ 22-І, ЖҰМА

Дағыстанның Мемлекеттік мейрамы - Ақ тырналар мерекесі

Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың бастамасымен, поэзия мерекесі ретінде соғыс даласында мерт болған барлық жауынгерлердің рухын ардақтау мақсатында жиырма жылдан астам уақыт атап өтілуде.

ОҚИҒАЛАР

95 жыл бұрын (1915) Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда осында Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады.

Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыларды қабылдап, шығарып салды.

5 жыл бұрын (2005) Көкшетаудың «Жайлау» ықшамауданында медресе ашылды. Дiни мектептiң ашылуына қолдау көрсеткендер «Науан хазрет» мешіті және «Қайрат» қайырымдылық қоры. Медресе оқуға, бес уақыт намазға арналған бөлмелермен жабдықталған, және онда асхана мен демалыс бөлмелері бар.

5 жыл бұрын (2005) Алматы «А-club» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды.

«А-club» спорттық-сауықтыру орталығы Алматы орталығының маңындағы Ремизовск шатқалында орналасқан бұрынғы Демалыс үйінің орнында салынған.

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді бекіту туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Павлодарда Төлеубек Қоңыровтың «Бөкейханнан Баубекке дейін» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жергілікті журналистика ардагерінің кітабында жерлестері мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар жайында очерктер, әскери буын балалары жайындағы әңгімелер басылған. Баспада жарияланған сұхбатта 70 жастағы автор өмірі мен шығармашылық жолы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі қызметі жайында айтып береді.

3 жыл бұрын (2007) Халал өнімдерін стандарттау мен сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық комитет пен мемлекетаралық кеңес құрылды. Оның құрамына Қырғызстан, Ресей, Қазақстан және Малайзия елдері кірді. Қазіргі кезде елде 150-ден астам фабрикалар мен кәсіпорындар шариғат заңдарына сүйеніп, таза өнім өндіруді қолға алған.

3 жыл бұрын (2007) Шымкентте жастар діни білім алатын жаңа оқу орны ашылды. Бұл - бозбалалар мен бойжеткендер қатар білім ала алатын алғашқы діни мекеме. Оқудың ұзақтығы 2,5 жыл. Жаңа медресенің өз жатақханасы, кітапханасы, компьютерлік сыныбы, спорттық залы және мешіті бар.

1 жыл бұрын (2009) «Ақтөберентген» АҚ-ның жетекші инженері Иван Кисельниковтың басшылығымен «Санжар» атты бірегей кішідозалы флюрографиялық рентген аппараты ұсынылды. Мұндай бірінші аппарат облыс орталығының ауруханаларына қойылды.

Бұл жоғары технологиялық аппараттын бірегейлігі соншалық, онда алғаш рет сканерлік рентгендік тексеру амалы қолданылды, бірақ қаралушы адамның күнделікті мөлшерінен аспайтын микроскопиялық сәулеге шалдығады. Жаңа аппаратта сәулеге шалдығудан қорықпай, флюрографияны жылына 200 рет түсуге болады. Бұл аппаратта алдын алу мақсатында әдеттегіден жиі балаларды, жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді тексеруге болады.

Аппараттың басқа ерекшеліктерінің ішінде жоғары қарама-қарсы болып тұрған сезгіштік, рұқсат етілетін қабілеттілігі, динамикалық диапазон және сканерлік өрісі көбейуі болып табылады. Аппараттың құрылымы адам ағзасының барлық мүшесін түсіруге мүмкіндік береді және жұмсақ ұлпаларды, сүйек құрылымын бір суреттен қарауға болады. Сканерлік өрісі 1200 мм дейін көбейген, ал жәй аппараттар 400-де 400 мм ғана болады. Аппаратқа тиісті сертификат берілген.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды.

ЕСІМДЕР

140 жыл бұрын (1870-1953) орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты БУНИН Иван Алексеевич дүниеге келді.

Ресейдің Воронеж қаласында туған. Оның әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. «Күзгі жапырақтар» жинағы үшін 1901 жылы Ресей Ғылым Академиясының А.С. Пушкин атындағы сыйлығын алды. «Антонов алмасы», «Қарағайлар», «Жаңа жол» атты шығармалар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған. Өмірінің соңғы сәттерінде жазылған естеліктер мен мақалалары 1990 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Окаянные дни» деген атпен жарық көрді. Кеңес өкіметін, большевиктер билігін өмір бойы мойындамай өткен Бунин кеңес жазушылары, кеңес қоғамы туралы өзінің шынайы ойларын аталмыш кітапта жан-жақты жазып қалдырған.

Оның «не пугай меня грозой» деген өлеңінін Абай «Қорқытпа мені дауылдан» деген атпен қазақ тіліне аударған. Жазушының «Антонов алмасы» жинағы Ғ.Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді.

85 жыл бұрын (1925-2004) қазақ экономисі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қаласының құрметті азаматы ҚАШЫҚОВ Шағатай Қашықұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Семей педагогикалық институтын (қазіргі Семей мемлекеттік педагогикалық институты), және С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1947-1960 жылдары Қарағанды облыстық халық ағарту мекемелерінде істеген. 1960-1965 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, 1965-1991 жылдары Қарағанды политехникалық институты (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) кафедрасының меңгерушісі, 1991-2004 жылдары профессоры болып қызмет атқарған.

Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - жиынтық қоғамдық өнімнің ұдайы өндіріс процестерін зерттеу және социализм кезіндегі мемлекет пен оның кәсіпорындары арасындағы таза өнімді бөлу.

«Структура и темпы роста национального дохода», «Модификация чистого продукта в распределительные формы национального дохода» атты шығармаларының авторы.

І-інші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 23-І, СЕНБІ

Венгрияның Мемлекеттік мейрамы - Республика күні

1956 жылғы қазанның 23-інде тәуелсіздік жолындағы күрес басталып, 1989 жылы Венгрия Республикасының егемендігі жарияланды.

Венгрия Республикасы - Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Ресми тілі - венгр (мадьяр) тілі. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Астанасы - Будапешт.

Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Грозный қаласының мэрі Мүсілім Хучиев Бутырин атындағы көшенің атауын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ауыстыру туралы өкімге қол қойды. Бұл - екі халықтың арасындағы бауырластық байланыстарды нығайту ісіне қомақты үлес қосқан Қазақстан Мемлекетінің басшысына көрсетілген құрмет.

1 жыл бұрын (2009) Семейде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің стадионы салтанатты түрде ашылды.

Стадион жоғары оқу орнының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың жеке бастамасымен университет бас корпусының маңындағы бос алаңқайға салынған. Семей мемлекеттік университетіне қарасты жаңа стадионың футбол алаңына қаладағы бірінші және әзірше жалғыз жасанды жамылғы төселген.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Чираган Сарайында Ыстамбұлдың Окан университетінің Құрметті докторы атағына ие болды.

Окан университетін 1999 жылы Окан мәдениет, білім және спорт қоры құрған болатын.

ЕСІМДЕР

45 жыл бұрын (1965) инженер-құрылысшы, экономист, техника ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ президенті МАМИН Асқар Ұзақбайұлы дүниеге келді. Астана қаласында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет), Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген.

Еңбек жолын «Целинтяжмаш» трестінің құрастырушысы болып бастады. 1991-1993 жылдары - Қазақстан инновациялық кәсіпорындары одағы бас директорының орынбасары. 1993-1996 жылдары - «Интер-Есіл» біріккен кәсіпорынның бас директоры. 1996-2000 жылдары - Ақмола (Астана) қаласы әкімінің орынбасары. 1998-2000 жылдары - Ақмола еркін сауда аймағының әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар вице-президенті, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы. 2002-2003 жылдары - «Инком Астана» ЖШС-інің бас директоры. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-ы Директорлар кеңесінің, «Қазақстан даму банкі» ЖАҚ-ы Директорлар кеңесінің, «Каzakhstan Engineering» ҰК» ААҚ-ы Директорлар кеңесінің мүшесі. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялық министрі. 2006-2008 жылдары - Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бастап.

2008 жылдан бастап - Қазақстан Республикасының хоккей федерациясының бастығы. «Астанаға 10 жыл» медальмен, «Құрмет» және и ІІІ дәрежедегі «Святой благоверный князь Даниил Московский» ордендерімен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ

Қарусыздану апталығы

Бүкіләлемдік бейбітшілік кеңесі мен Қарусыздану жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының шешімімен 1978 жылғы қазанның 24-і мен 31-і аралығында жыл сайын атап өтіледі.

Бүкіләлемдік ақпараттың даму күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 27-інші сессиясының шешімімен (қарар А/RES/3038) 1973 жылғы қазанның 24-інде жыл сайын атап өтіледі. Қарарда айтылғандай, 24 қазан Дүниежүзілік күн Біріккен Ұлттар Ұйымы күнімен сәйкес келуі керек.

Бұл күннің мақсаты әлемдік және қоғамдық пікірдің назарын даму мәселелеріне аудару және оны шешуде халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі.

«Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні

1960-шы жылы осы күні М.Янгель құрастырған Р-16 жаңа континентаралық баллистикалық зымыран сынақ барысында апатқа ұшырады. Электрлік сынақ жүргізу сәтінде жанармай толтырылған зымыранның 2-інші сатыдағы қозғалтқышы жүйеге еріксіз қосылып кеткен. Соның салдарынан өршіген өрттен және жанармай газынан уланған 76 әскери қызметкер мен өнеркәсіп өкілдері опат болды. Олардың ішінде артиллерияның Бас маршалы М.Неделин, полигоннан сынақ жетекшілері полковниктер А.Носов пен Е.Осташев бар. Бүгінде олардың есімдері Байқоңыр қаласындағы көшелерге берілген. Қазанның 24-і жыл сайын «Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні ретінде атап өтіледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы күшіне енген күн - 1945-інші жылғы қазанның 24-і - 1948-інші жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымы күні ретінде мерекеленеді. Дәстүр бойынша ол бүкіл әлемде Ұйымның жетістіктері мен мақсаттарына арналған мәжілістер, пікірталастар мен көрмелер өткізу жолымен жүзеге асады.

1971-інші жылы Бас Ассамблея барлық ұйымға мүше мемлекеттер бұл күнді мемлекеттік мейрам ретінде атап өтуге ұсыныс жасады (2782-нші қарар (XXVI)).

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Павлодар мемлекеттік педагогика институтында жаңа жайлы қоныс - Студенттер үйі ашылды. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарындағы пәтер үлгісіндегі бірден-бір жатақхана. Жатақханада тұруға рұқсатты облыс әкімі грантының иегерлері бірінші болып алды. Олар Студенттер үйінде тегін тұрады.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әлемдік классика» сериясымен жарық көрген «Экономика» және «Адамзат ақыл-ойының қазынасы» сериясымен жарық көрген «Психология» атты қос 10 томдықтың таныстырылымы өтті.

1 жыл бұрын (2009) «Байқоңыр» ғарыш айлағында оттегі-азот зауыты іске қосылды.

Ол зымырантасығыштарды ұшыру үшін отын компоненттерін өндірумен айналысатын болады.

Зауыт жылына екі рет - күздің екінші жартысында және қыстың аяғында іске қосылады.

1 жыл бұрын (2009) Астанада халқымыздың көрнекті қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор-ғалым Ақселеу Сейдімбекке арналған мемориалдық тақта орнатылды.

Ақселеу қай бағытқа ізін салса да, өзінің ерекшелігімен, ұтқыр ойларымен, биік парасаттылығымен айрықша көзге түсетін. Жан-жақты, қарымды қаламгер болатын. Оның қаламынан 30-дан астам көркем, ғылыми-танымал монографиялар мен кітаптар жарық көрген.

Көрнекті қоғам қайраткері әр жылдары «Жас Алаш», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «Зерде» журналының және «Әлем» альманахында бас редактор болған. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, Ы. Алтынсарин атындағы Білім беру институтының директоры, Қазақ ұлттық білім беру академиясының бірінші президенті, Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры болды.

1 жыл бұрын (2009) Астанадағы № 54-ші қазақ мектеп-лицейі көрнекті ғалым, белгілі қайраткер, марқұм Ақселеу Сейдімбектің есімімен аталған.

№54 мектеп-лицейі Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген алғашқы мектеп және ол барлық жағынан заманауи талаптарға сәйкес келеді.

1 жыл бұрын (2009) Бурабайда Абылай хан атындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің экспозиция кешенінің ашылуы барысында Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға Бурабайдағы Абылай хан мұражайының бір қабырғасына безендірілді Абылай хан алаңындағы айтулы кешен тақырыптық жазулардан, «Әскери кеңес» сәулет композициясынан, ақпараттық стендіден тұрады. Игілікті істің ұйытқысы болған ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясы. Кешеннің басты мақсаты - кең көлемді, танымдық, идеологиялық және отансүйгіштік рухтағы тәрбиелік жұмыстарды атқаруды көздейді.Сонымен қатар жас буынды Қазақстанның бай тарихынан, мәдениетінен хабардар етіп, өңірде туристік кластерді кеңінен өрістестуге бағытталған.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДАРҚАНБАЕВ Темірбай Байбосынұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және КСРО Ғылым Академиясы жанындағы биохимия институтының (қазіргіМикроорганизмдердің физиология және биохимия институты) аспирантурасын бітірген.

1941-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесінде аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі. 1946-1970 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі және ректоры. 1972-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының биологиялық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтында дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ол Қазақстан бидайының тағамдық маңызы мен технологиялық қасиеттеріне баға беріп, олардың құрамындағы белоктардың түзілу және кебу заңдылықтарын анықтады. Ол бидай дәнінде амилаза ферментінің жасырын түрде кездесетінін дәлелдеп оның биосинтезін зерттеген. Амилаза ферментінің, глиадиндермен қатар, бидай сорттарының сапалық көрсеткіші бола алатындығын анықтаған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

50 жыл бұрын (1960) Алматы қалалық сотының төрағасы БӘРПІБАЕВ Тілектес Ешейұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1986-1990 жылдары - Қаскелен аудандық ішкі істер бөлімінің нұсқаушысы, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі. 1990-1992 жылдары - Жамбыл аудандық прокуратурасының тергеушісі. 1992-1999 жылдары - Жамбыл аудандық сотының судьясы, төрағасы. 1999-2002 жылдары - Алматы облыстық сотының төрағасы. 2002-2003 жылдары - Алматы қалалық сотының азаматтар ісі жөніндегі коллегиясының төрағасы. 2003-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бастап.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.