ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 10-ы мен 12-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None

ҮКІМЕТ

Қыркүйектің 10-ында «Индустрияландыру картасы аясында индустриялық дамуды инвестициямен қамтамасыз ету» тақырыбында брифинг өтеді.

Қыркүйектің 10-ы күні «Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттері» атты онлайн мәслихат өтеді.

Қыркүйектің 10-ы күніАстанадағы Алматы ауданының әкімдігінде электр қуатына енгізілген дифференцияланған тарифтердің экономикалық тиімділігіне сараптама жүргізу жөнінде кеңес өтеді.

Қыркүйектің 10-ында «Нұр Отан» ХДП-ның жемқорлықпен күрес бағдарламасының жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді.

Қыркүйектің 15-16-сы күндері ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгіленген бұқаралық спортты дамыту басымдығын іске асыру мақсатында «Ауыл спорты: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізеді.

ҚОҒАМ

Қыркүйектің 9-ы күні жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы басталады. Ораза айт үш күнге созылады.

Қазан айының 29-ы күні Петербордағы Таврия сарайында ТМД Парламентаралық ассамблеясының ұйытқы болуымен «Жолдардағы қауіпсіздік - өмір қауіпсіздігі» атты ІІІ халықаралық конгрес өтеді.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қыркүйектің 9-ы мен 25-і аралығында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының «Бейбіт мақсат-2010» оқулары өтеді. Жетінші рет өткізілейін деп отырған оуларға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстанның 5 мыңнан астам әскери қызметкерлері қатысады.

Қыркүйектің 12-16-сы аралығында Қазақстан делегациясы Канаданың Монреаль қаласында өтетін ХХІ Дүниежүзілік энергетикалық конгреске қатысады.

Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.

АСТАНА

Қыркүйектің 10-ында Риксос қонақ үйінде «Жағдайды жеңілдету мен климаттың өзгеруіне бейімделу мүмкіндіктерін іздеу» тақырыбында семинар өтеді.

Қыркүйектің 10-ы күні Астанада «Медикер» жаңа медициналық орталығы ашылады.

Қыркүйектің 10-ында белгілі аграршы-ғалым М.Д.Спектердің аграрлық салада қызмет еткен 50 жылдық мерейтойы аталып өтіледі.

АЛМАТЫ

Қыркүйектің 10-ында ШЫҰ мүше мемлекеттер қарулы күштерінің бас штаб бастықтарының әскери-саяси консультациялары өтеді.

Қыркүйектің 10-ы күні Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік квартеттің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

Қыркүйектің 10-ында Алматы локомотив депосының 80 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты шара болады.

Тамыздың 25-і мен қыркүйек айының 15-і аралығында Алматыда ҚР-ның сауда-өнеркәсіп палатасы қала әкімдігінің көмегімен, отандық көрме компаниялармен және басқа да бизнес құрылымдардың қолдауымен "ана өлімі" мәселесіне назар аударуға және елімізде оның көрсеткішін азайтуға бағытталған «Өмірді қолдау» атты қайырымдылық акция өткізеді.

Қыркүйектің 4-12-сі аралығында Алматыда Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастролі өтеді.

СПОРТ

Қыркүйектің 11-інде Санкт-Петерборда өтетін «Әйелдер ондығы» атты халықаралық жарысқа Қазақстанның желаяқ қыздары қатысады.

Қыркүйектің 9-19-ы күндері Барбодостың Бриджтаун қаласында бокстан Әлем чемпионаты өтеді, оған еліміздің бокстан ұлттық құрамасы қатысады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 10-Ы, ЖҰМА

Өзін-өзі өлтірудің алдын алудың бүкіләлемдік күні (ДДҰ).

Бүкіләлемдік өзін-өзі өлтірудің алдын алу күні бүкіл әлемде өзін-өзі өлтірудің алдын алу бойынша іс-қимылды қолдауды нығайту мен көтермелеу мақсатында жыл сайын 10 қыркүйекте өткізіледі.

Осы мәселеге қолдау көрсетіп жүрген демеуші - Халықаралық өзін-өзі өлтірудің алдын алу жөніндегі қауымдастығымен бірге Дүниежүзілік денсаулық ұйымымен басқа да әріптестер өзін-өзі өлтіруге тырысқан адамдарды тиісті деңгейде емдеуді және содан кейін күтімге алуды жақтайды, сондай-ақ БАҚ-тарда өзін-өзі өлтіруді мейлінше ұстамды жариялауға шақырады.

ОҚИҒАЛАР

85 жыл бұрын (1925) сол кездегі Қазақстан астанасы (1925-1929) Қызылордада қазақтың бірінші ұлттық театры құрылды.

5 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа бес қабатты кітапхана 15 мың шаршы метрді алып жатыр, оның 20 оқырмандар залына бір мезгілде 500 адам сияды. Ұлттық кітапханада 2 млн. томға жуық баға жетпес білім қазыналарымен қатар, осы заманғы электрондық ақпараттар сақталып, оқырмандарға қызмет көрсетеді.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдері әскери институты салтанатты түрде ашылды.

Әскери институт - «аудармашылық iс» және «өлкетану» сияқты мамандықтар бойынша жоғарғы әскери арнайы бiлiмi бар офицерлердi дайындайтын Орталық азия аймағындағы жалғыз оқу орын.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қалалық әкімшілігінің, АҚШ-тың, Ресейдің, ФРГ-ның, Туркияның, ҚХР-ның, Оңтүстік Корея елшілігінің әскери атташелері және елшіліктің өкілдері, республикамыздың жетекші жоғарғы оқу орындардың ректорлары қатысты.

5 жыл бұрын (2005) Қостанай облысының Қарабалық ауданында Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің құрметіне ескерткіш ашылды.

Ескерткіш төрт қарабалықшылардың есімі қашалған постаменттен тұрады. Постамент - қара жауқазын және автомат гильзасы топтастырылған мүсін.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтау Морпорт» арнайы экономикалық аймақтағы тоғыз кәсіпорынын салу жұмысының басталуына арналған шараға қатысты.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Шебер қол» бірінші халықтық қолөнер фестивалі болып өтті.

Шараның негізгі мақсаты - қолөнерге қолдау көрсету және оны жастардың арасында кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушысы - Халықаралық көшбасшылық орталығының бастаушы тобы.

Шараға әртүрлі жастағы адамдар қатысып, өздерінің былғары, саз, ағаш, металл, киіз сынды материалдардан жасаған бұйымдарын ұсынды.

3 жыл бұрын (2007) Павлодарда Қазақстанның биологиялық алуандылығын сақтау қорының тұсаукесері болып өтті.

Оның қатысушылары үкіметтік емес ұйымдардың, атқарушы органдар мен коммерциялық құрылымдардың өкілдері өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді және табиғатты пайдалану, жануарлар мен құстарды сақтау жайын талқылады.

ТМД-дағы алғашқы мамандандырылған экологиялық үкіметтік емес ұйым әлем жануарларын сақтауға бағытталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін құруға бағытталған. Алғашқы кезеңде жаңа қоғамдық ұйымға Ғаламдық экологиялық қор көмек көрсетпек.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Президенті Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа цехы құрылысының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы. 1943 жылы құрылған, Қазақстан қара металлургиясы саласының тұңғышы. Өзінің құрамында зауыттың үш балқыту цехы, сондай-ақ шлактарды қайта өңдеу, шихталарды даярлау, кен-байыту цехтары және басқа да көмекші нысандары бар. Өзінің газ-турбина электр стансасы жұмыс істейді.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе маңындағы Кирпичный кентіндегі жаңа теннис орталығын ашты.

Теннис орталығын ашудың негізгі мақсаты жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау, сондай-ақ халықтың әртүрлі жіктерінің арасында теннис спортын тарату болмақ.

Орталық құрамына төрт жабық және алты ашық теннис корты, үш орындық көрермендер мінбері, екі тренажер залы, оқу-әдістемелік сыныптар кіреді. 150 автомашинаға тұрақ, жаттықтырушыларға арналған тұрғын үйлер салынған.

ЕСІМДЕР

270 жыл бұрын (1740-1802) орыс ғалымы, табиғаттанушы, саяхатшы, Ресей Ғылым Академиясының толық мүшесі ЛЕПЕХИН Иван Иванович дүниеге келді.

Страсбург университетін бітірген. П.С.Палласпен бірге Батыс Қазақстан аймағы - Жайық өңіріне саяхат жасады. Ботаника және нумизматикаға бағалы коллекция жинады. 1769 жылы Жайық қалашығында болып, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан бірқатар форпостарды аралады. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайын сипаттап, пайдалы қазбалар өндірісі жөнінде болжам жасады, жергілікті тұрғындар этнологиясы, т.б. туралы мәліметтер жинақтады. Көптеген еңбектері неміс тіліне аударылған.

105 жыл бұрын (1905-1986) филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері ҚОҢЫРАТБАЕВ Әуелбек дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Ташкент педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген.

1921 жылы Ә.Диваевтың фольклор экспедициясына қатысқан. 1922-1924 жылдары Ташкенттегі алғашқы комсомол газеті «Жас қайратты» шығаруға атсалысты. 1925 жылы Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істейді. Астана Алматыға көшкенде, Қызылорда округтік ауаткомының жауапты хатшысы болады. 1929 жылы «Сыр бойы» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі, «Екпінді балықшы» газетінің редакторы, 1930 жылы Алматыға оралып, республикалық «Колхоз» газетінің редакторы болады. 1932-1934 жылдары Мәскеу Комвузында оқиды. 1934-1937 жылдары аралығында БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің аппаратында нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1944-1948 жылдары Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істей жүріп, бірқатар фольклорлық экспедицияларды басқарады. 1945 жылы М.О.Әуезовтің басшылығымен А.Құнанбаев шығармаларының академиялық жинағын шығарысып, оның «түсініктемелер» бөлімін жазады. 1948 жылы М.Әуезовпен бірігіп «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының лиро-эпос бөлімін жазып шыққан. Бұдан кейінгі жылдары монографиясын, балаларға арналған поэма, әңгімелер жинағын, қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелігін, оқулықтарын шығарды. «М.Әуезовтің типтендіру өнері», «Қазақ эпосы және оның түркология мәселелері» сияқты ғылыми еңбектер жазып, оғыз қыпшақ дәуірінен қалған «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне аударды. 40-жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде фольклордан дәріс оқыды. 1950 жылдан өмірінің соңына дейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтының профессоры болды.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 11-І, СЕНБІ

Украина киносының күні.

Украина Президентінің 1996 жылғы 12 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген, жыл сайын қыркүйек айының екінші сенбісінде атап өтіледі.

Аргентинада мұғалімдер күні.

Ұлы ағартушы, елдің бұрынғы президенті Доминго Фаустино Сармьентоның (1811-1888) қайтыс болған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіне қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді.

Мемлекет басшысы экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті. Бұдан кейін Қазақстанның Әнұраны орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Президент дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт-сапар тіледі.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Каспийдегі жаңа «Ақтау Сити» қаласының алғашқы іргетасын қалады.

«Ақтау Ситиде» 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Тәуелсіздік аллеясы бой көтереді. Көптеген мәдениет және білім беру нысандары, бизнес орталықтар, қазіргі заманғы кәсіпорындар салынады.

Жобаның ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі шейх Абдулла бин Заид әл-Нахайан, Әбу-Даби Мәдениет басқармасының төрағасы шейх Сұлтан бин Тахнун әл-Нахайан қатысты.

3 жыл бұрын (2007) Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Туған тіл» журналының тұсауы кесілді.

Бұл басылым алғаш рет араб, латын және қазақ тілдерінде шығарылып отыр. Журналды шығару шет елдік қандастарымызға деген қамқорлықтың көрінісі.

3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды.

2006 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қайтыс болды. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екеуі өмірлерімен қоштасты.

Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашаланып жазылған.

3 жыл бұрын (2007) Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 75-жылдығына орай мерекелік медаль шығарылды.

Медальдың айналасы шеңбермен қоршалып, жоғарғы жағы «БҚМУ» деген әдемі жазумен өрнектелген классикалық үлгіні аңғартады. Араб үлгісіндегі әріптер шашыраңқы, отшашу түрінде берілген. Жетпіс бес деген жазу бір-бірімен жалғасып, ерекше сән беріп тұр. Композицияның нақ ортасына аспандағы жұлдыздар тәріздес асыл тас салынған. Университеттің туған жылы асыл тастармен безендірілсе, медальдың шет жағы қырдың қызғалдағымен әсемделген. Бұл да кең даланың, студенттік жастық шақтың белгісі іспеттес.

М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 1932 жылғы 1 қазанда Орал қаласында педагогикалық институт ретінде құрылған, ол республикамыздың екінші педагогикалық институты болды. Институтқа КСРО халық ағарту комитетінің орынбасары М.Н.Покровскийдің, 1937 жылдан бастап институт А.С.Пушкиннің есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жылына 18 мамандығы бойынша 700 түлекті шығаратын ірі жоғары оқу орнына айналыды. 1996 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты болып өзгертілді. 2000 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

1 жыл бұрын (2009) қыркүйектің 11-12 аралығында Павлодарда «Эльпида» достарын жинайды» деген атпен Грек мәдениетінің фестивалі өтті.

Бұл шара Павлодардың Ертіс жағалауында өмір сүріп жатқан 500-ден астам гректің басын қосып отырған облыстық «Эльпида» этномәдени құрылымының 10-жылдығына арналып отыр.

Шараға республикамыздың басқа облыстарының, Ресей Федерациясының және Грекияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында мүгедек балаларды сауықтыру орталығы ашылды.

Оның негізгі мақсаты - тірек-қозғалу аппараттары зақымданған, психикалық дамуы тежелген, церебральды сал ауруына шалдыққан және т.б. зардап шеккен 3-тен 15 жас аралығындағы мүгедек балаларды медициналық сауықтыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсету. Орталық облыстың барлық аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген 40 баланы бір мезгілде емдеуге есептелген.

ЕСІМДЕР

45 жыл бұрын (1965) режиссер, сценарист ҚАРАҚҰЛОВ Әмір Болатұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (қазіргі Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематографиялық институтын бітірген.

«D'Arcy» жарнама агенттігінде креатив директоры, «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют-реклама» жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.

«Разлучница», «Голубинный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама», «Нереальная любовь» фильмдерін түсірген.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 12-І, ЖЕКСЕНБІ

Фашизм құрбандарын еске алу күні.

«Фашизм құрбандарын еске алу күні» мейрамы қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Бұл күннің басты мақсаты - фашизмнің қайта жаңғыртылған идеологиясын ұлтаралық бірлік пен халықтар достастығы идеологиясына қарама-қарсы қою.

Бұл күн 1962 жылы белгіленген. Қыркүйек айының таңдалуы бекер емес, өйткені бұл айда Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты екі атаулы күн бар. 1939 жылғы қыркүйектің 1-і - соғыстың басталуы, ал 1945 жылғы қыркүйектің 2-і - соғыстың аяқталуы.

ОҚИҒАЛАР

9 жыл бұрын (2001) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің Премьер-министрімен және күш-қуат ведомстволарының басшыларымен кездесіп, Қазақстан аумағындағы АҚШ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы есептерін тыңдады.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда қазақ және орыс тілдерінде «Алматы тарихы» атты кітаптың 1-, 2-томдары, «Алматы энциклопедиясы», «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы - мың жылдық тарих» атты шығармалардың таныстырылымы өтті.

Кітаптарды Ұлттық Ғылым Академиясының Марғұлан атындағы Археология, Сүлейменов атындағы Шығыстану, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының мамандары бірлесіп дайындаған. Туындыларда түрлі дерек көздері негізге алына отырып, қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түйінді сәттері жаңа көзқараста тұжырымдалып жазылған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Асыл Алма» атты сыйлықтың таныстырылымы болды.

Сыйлықтың ұйымдастырушысы - Алматы қаласының әкімшілігі, Алматы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, «Via Concordia» коммуникация агенттігі және салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы.

Сыйлық үш номинация бойынша тапсырылады: «Компания қызметкерлерінің денсаулығын қорғауға қосқан үлесі үшін», «Тұрғындар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін», «Әлеуметтiк мағынасы бар аурулармен күресуге қосқан үлесі үшін».

Жеңімпаздарға «Асыл Алма» құрмет белгісі, статуэткасы, грамота және диплом табыс етіледі.

Конкурсқа Алматы қаласында тіркелген барлық коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар қатыса алады.

1 жыл бұрын (2009) Семей қаласындағы Достық үйінде татар тілін оқып-үйренетін жексенбілік мектеп ашылды.

Жексенбілік мектеп заманауи оқулықтармен, тілашарлармен және сөздіктермен жеткілікті қамтамасыз етілген.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955-2003) қазақтың жазушысы, журналист КІРІСБАЕВ Бейсебай дүниеге келді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1980-1982 жылдары - республикалық «Білім» қоғамының баспа бөлімінде кіші редактор. 1982-1985 жылдары - «Қазақстан пионері» газетінің әдебиет және өнер бөлімінде. 1985-1992 жылдары - «Балдырған» журналының бөлім редакторы. 1992-2003 жылдары бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Тамшы» атты алғашқы жинағы 1979 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. 1982 жылы «Алты әзілкеш» атты ұжымдық жинаққа топтама өлеңдері енген. «Аппақ бақ-бақ», «Адамша кел», «Ықылық», «Жаңылтпаштар» кітаптарының авторы.

50 жыл бұрын (1960) «Қазмұнайгаз»ҰК» АҚ басқарма директоры ЕЛШІБЕКОВ Серікбек Кенесбекұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген.

1981-1983 жылдары - шаруашылық дүкенінде аға экономист, 1983-1984 жылдары - жұмыспен қамту басқармасында тексеруші, 1984-1989 жылдары - «Главриссовхозстроя» экономикалық талдау зертханасында экономист, аға экономист, 1989-1990 жылдары - Қазақ КСР-дің Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің экономикалық-жоспарлау басқармасында бас маман. 1990-1992 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрлігі шаруашылық есеп аудиторлық орталығында кеңесшілік және сараптама қызметі бөлімінде бас контролер-ревизор, бөлім бастығы. 1992-1994 жылдары - «Казахстанаудит-Коспек» акционерлік компаниясының аудиторлық және кеңесшілік басқармасының бастығы. 1994-1997 жылдары - «Казахстанаудит-Коспек» компаниясының бас директоры. 1997-1999 жылдары - «Казахконсалтинг» ҰАҚ президенті. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігінде әкімшілік департаментінің директоры. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары. 2004-2006 жылдары - «ҚазТрансОйл» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары. 2006-2008 жылдары - «Қазмұнайгаз»ҰК» АҚ Аппарат жетекшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.