ҮКІМЕТ
Қыркүйектің 23-інде Білім және ғылым министрлігінде «Қазақстанның жоғары оқу орындарының Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қоюы» мәселесіне арналған брифинг өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қыркүйектің 23-інде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы болады.
ҚОҒАМ
Тамыздың 11-і мен қыркүйектің 30-ы аралығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» қазақстан-жапон көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 22-27-сінде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб пәтерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған делегация БҰҰ Бас Ассамблеясы 64 сессиясының жоғары деңгейдегі отырысына қатысады. Бұл Қазақстанның БҰҰ форумдарындағы 18 ші қатысуы болып табылады.
Қыркүйектің 25-інде Бас Ассамблея төрағаларының бірі ретінде Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев БҰҰ Бас ассамблеясының 64 сессиясының жалпы пікірталастарына төрағалық ететін болады.
Алдымыздағы аптада қазақстандық дипломаттарконсулдық қатынастар және қазақстандықтар үшін Испания және Италияға мемлекеттеріне сапар шеккенде визалық талаптарды жеңілдету мәселелеріне қатысты консультациялар өткізбек.Осы мақсатта 24 қыркүйекте испандық сыртқы істер ведомствасы басшылығымен кездесулер көзделгенҚР СІМ жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтің Мадридке сапары жоспарлануда. Ал, 21 қыркүйекте аталмыш мәселе бойынша Римде Қазақстан және Италия Сыртқы істер министрліктерінің консулдық қызмет басшыларының консультациялары өтеді.
Қыркүйектің 25-26-сында Қазақстанға Канаданың Халықаралық сауда министрі Стокуэлл Дэйдің сапары жоспарлануда. Сапар барысында С.Дэй еліміз басшылығымен өтетін кездесулерде Қазақстан мен Канада арасында әр түрлі салаларда сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқыламақ.
Қыркүйектің 24-25-інде Ереван қаласында Кавказдағы ЕҚЫҰ далалық миссиялар басшыларының аймақтық кездесуі өткізіледі. Кездесу барысында жанжалдарды шешу төңірегіндегі кең ауқымды мәселелер жөнінде пікір алмасулар жоспарлануда.
Қыркүйектің 25-інде Алматыда Қазақстан жағынан премьер- министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысатын ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінің 46 -шы және Кедендік одақ комиссиясының 8 отырысы өтеді.
Қыркүйектің 28-і мен қазанның 9-ы аралығында Варшава қаласында мыңнан астам ұлттық делегациялар өкілдері, адам құқықтары мен демократизациялау жөніндегі көптеген үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), академиялық топ өкілдерінің қатысуымен адам өлшемі саласындағы міндеттемелерді орындау барысына қатысты жыл сайынғы ЕҚЫҰ Кеңесі өткізіледі. Кеңеске Қазақстан жағынан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова бастаған делегация қатысады.
Қыркүйектің 22-26-сы аралығында британдық корольдік жанұя өкілдері Ханзада Майкл және ханшайым Кентская елімізге жеке сапармен келмек. Сапар барысында жоғары деңгейлі қонақтар Астана және Алматы қалаларын аралап, еліміздің ресми тұлғаларымен кездесулер өткізбек. Сонымен қатар Қазақ-Британ техникалық университеті, «Хейлиберри» мектебінде болып, «Дала қыраны» атты ортақ жаттығулардың жабылу салтанатына қатысады деп күтілуде.
АСТАНА
Қыркүйектің 11-і мен қазанның 11-і аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында Қостанай облыстық мұражай қорларының «Ұлттық мәдениеттер бесігі» тақырыбындағы көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында Астанада тазалық айлығы өтеді.
Қыркүйектің 23-і күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Мағжан Жұмабайұлының лирикасы бойынша «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған...» атты поэтикалық марафон өтеді. Бұл шара «Бір ел - бір кітап» акциясы шеңберінде өткізілгелі тұр.
Қыркүйектің 23-інде Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан және өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Қыркүйектің 23-інде Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның мұнай-газ саласының IV көрмесі ашылады.
Қыркүйектің 23-інде Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан мұнайына -110 жыл» атты фотокөрме ашылады.
Қыркүйектің 23-інде Қаржы полициясында апталық брифинг болады.
Қыркүйектің 23-інде «ҚазАқпарат» агенттігінің баспасөз орталығында «Жас журналистерге арналған «Жаңа толқын» жобаның басталуы» мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты болады.
Қыркүйектің 23-інде «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесінде партия төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Жапонияның Коммунистік партиясының делегациясымен кездеседі.
Қыркүйектің 24-25 күндері Тәуелсіздік сарайында IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форумы өтеді. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған форум биыл қазақстандық мұнайдың 110 жылдығына арналған апталық шеңберінде болады. IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форумын өткізудегі басты идея Азиядағы энергетикалық ықпалдастық шекарасын кеңейту және энергетика саласындағы серіктестік пен стратегиялық альянстардың рөлін талқылау болып табылады.
АЛМАТЫ
Қыркүйектің 23-інде «Holiday Inn» отелінде Қазақстан саясаттанушыларының ІІ конгресі өтеді.
Қыркүйектің 23-інде БҰҰ Даму бағдарламасының кеңсесінде Адами даму туралы ұлттық есептің таныстырылымы болады.
Қыркүйектің 23-інде №4 кітапханада «Қазақстан - үш тұғырлы тіл құрлығы» сайысы өтеді.
Қыркүйектің 23-інде «Ретро шлягер» клубында «МузАрт» минералдық суының таныстырылымы болады.
Алматыда қыркүйек айының 25-інен қазан айының 5-іне дейін дәстүрлі 4 қалалық «Алматы - менің сүйікті қалам» атты фото байқау өтеді. Шараны Алматы қаласы жастар саясатының мемлекеттік дамыту қоры мен Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы ұйымдастыруда.
Қыркүйектің 25-інде Алматыда Қазақстан жағынан премьер- министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысатын ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комтетінің 46 -шы және Кедендік одақ комиссиясының 8 отырысы өтеді.
АЙМАҚ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Қыркүйектің 28-інде Қарағандыда Қазақстанның тауар өндірушілерінің қазақстандық үлесті дамыту мәселелеріне арналған республикалық форумы өтеді. «Қазақстандық өнімді таңдаймыз» деген тақырыпта өтетін бұл шараны Индустрия және сауда министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ұйымдастырып отыр. Форумға Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев қатысады деп күтілуде. Форум аясында тауар өндірушілердің көрмесін өткізу жоспарланып отыр, Қарағанды және басқа облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының кәсіпорындары өз өнімдерін таныстырады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 23-І, СӘРСЕНБІ
Сауд Арабиясы Корольдігінің Мемлекеттік мейрамы - Корольдіктің жарияланған күні (1932).
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
15 жыл бұрын (1994) Ақмола аграрлық университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.
11 жыл бұрын (1998) Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афинада өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындары жүлдегерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев 1-інші дәрежелі «Барыс» орденімен, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері - грек-рим күресінің палуаны Георгий Цурцумиа, боксшы Геннадий Головкин, еркін күрес палуаны Геннадий Лалиев, ауыр атлет Сергей Филимонов «Құрмет» орденімен, қола жүлдегерлер - жеңіл атлет-онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің палуаны Мхитар Манукян «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар - Н.Ақүрпеков, К.Ғалымтаев, Л.Дон, Ю.Мельниченко, Т.Сайханов және В.Карповқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарынан бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Қазақстан қырқыншы орынға табан тіреді.
3 жыл бұрын (2006) Атырауда бесжұлдызды Renaissance қонақүйі ашылды. Бұл отельде 51 жоғары мәртебелілерге арналғандарын қосқанда, өзге де кең бөлмелер мен клуб, барлығы 202 нөмір бар. Мұнда сондай-ақ екі мейрамхана, бизнес орталық, жабық бассейн де көп көңілінен шығады. Қоғамдық шаралар өткізу үшін отельде бүгінге күнге дейін Атыраудағы ең көлемді, жалпы аумағы 605 шаршы метр кең зал да келушілерге өз қызметін ұсынады.
115 жыл бұрын (1894) тұңғыш француз кәсіподағы - Біртұтас еңбек конфедерациясы құрылды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) ақын, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты ӘЖІҒАЛИЕВ Нұралы дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Атырау педагогикалық институтын бітірген. Атырау облысының Ембі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, облыстық және аудандық газеттерде жұмыс істеген. Қазіргі уақытта «Нарын» журналының бас редакторы.
«Жаңғырығы жанымның», «Тағдырым осы таңдаған» жинақтарының авторы.
50 жыл бұрын (1959) Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі ӘБДІҚҰЛОВ Тауғазы Сәтбайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Мәскеу электротехника байланыс институтын бітірген. Жамбыл телефон-телеграф стансасының қалалық телефон жүйесінде цех инженері болып жұмыс істеген. 1984-1987 жылдары - Жамбыл аудандық байланыс бөлімшесінің бас инженері. 1987-1997 жылдары - Жамбыл қалалық телефон жүйесінің бас инженері, бастығы. 1997 жылы - Жамбыл қалалық телекоммуникациялар мекемесінің директоры. 1997-1998 жылдары - Жамбыл облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры. 1998-2000 жылдары - «Алматытелеком» бас директорының бірінші орынбасары. 2000-2002 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ның атқарушы директоры - сату департаментінің директоры, Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры - «Қазақтелеком» ААҚ-ның бас коммерциялық директорының орынбасары, Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры - «Қазақтелеком» ААҚ батыс аймағы бойынша атқарушы директоры. 2002-2005 жылдары - «Қазақтелеком» АҚ-ның бас әкімшілік директоры - вице-президенті. 2005 жылы - «Қазақтелеком» АҚ-ның бас коммерциялық директоры - вице-президенті. 2005 жылдың тамызынан «Астанателеком» бас директоры - «Қазақтелеком» АҚ-ның атқарушы директоры.
55 жыл бұрын (1954) «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ПОЛИТКИН Николай Афанасьевич дүниеге келді.
Омбы педагогика институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Сілеті аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994-1997 жылдары - Степногор қалалық мәслихатының бөлім меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - Степногор қаласының әкімі аппаратының басшысы. 1999 жылдан - басшы орынбасары, 2004 жылдың қазанынан - Ақмола облысының әкімі апппаратының басшысы. Жоғарыда аталған қызметінде 2008 жылдың қаңтарынан жұмыс істеуде.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1969) ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері НЮ Вячеслав дүниеге келді.
Алматы облысының Үштөбе қаласында туған. Жаттықтырушысы - Ю. Мельников. Қазақстан біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жүлдегері. 1994 жылғы XII Азия ойындарының (Хиросима, Жапония) жеңімпазы. 1996 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 24-І, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік жүрек күні. 2001 жылдан Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен Жүрек ауруларының қауіптілігін насихаттау мақсатында атап өтіледі.
Гвинея-Бисау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973). Гвинея-Бисау - Солтүстік-Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі Сенегалмен, шығысы мен оңтүстігі Гвинеямен, батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Мемлекетке 60-қа жуық аралдар кіреді. Астанасы - Бисау қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - песо.
ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1934) Ұйғыр музыкалық комедия театры құрылды. Театр 1941-1961 жылдары Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан, кейінірек Алматы қаласына қоныс аударған. 1964 жылы атауы Республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп өзгерген.
38 жыл бұрын (1971) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен сот және әділет органдарының жұмысын жақсарту мақсатында кәсібін көтеру курстары ұйымдастырылды.
18 жыл бұрын (1991) 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-і күндері Алматы қаласындағы оқиғаларға байланысты жағдайларға кесімді баға беру жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысы жарияланды.
10 жыл бұрын (1999) Лондондағы әйгілі Бейкер-стритте Шерлок Холмсқа ескерткіш орнатылды.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1904-1922) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер ӨЗДЕНБАЕВ Хасен дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын курстарды, Мәскеудегі облыстық газеттердің редакторларын даярлайтын курстарды, Қостанай мұғалімдер институтын бітірген. 1920-1928 жылдары - кеңестік заң органдарында, 1928-1973 жылдары - баспаларда редакторлық қызметтер атқарған. Әдеби қызметін 1929-1930 жылдары бастайды. Қостанайдың өлкелік «Ауыл» газетінде фельетондары, очерктері жарық көрген. М.Алексеевтің «Большевики», М.Шолоховтың «Поднятая целина», «Тихий Дон», И.Гончаровтың «Обломов» туындыларын, О.Бальзактың, П.Мэрименнің, И.Вазовтың шығармаларын қазақ тіліне, Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романын Н.Кузьминмен бірлесіп орысшаға, өзбек жазушысы А.Мұхтардың «Апалы-сіңлілер» кітабын, татар жазушысы А.Еникийдің «Айтылмай қалған өсиет» повесін аударған.
«Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет Грамотасымен марапатталған.
95 жыл бұрын(1914-1992) ғалым, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АЛМАНИЯЗОВ Ағыбай Алмасұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Ташкент ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1938-1941 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық жер басқармасының агрономы, Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1953-1959 жылдары - Ташкент ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі. 1959-1984 жылдары - Қазақ Ауыл шаруашылық институтының кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алманиязовтың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары өсімдік биологиясын, оның ішінде: бидай, жүгері, қызылша, бақша дақылдары, жоңышқа және мақта эмбрологиясын, цитологиясын және селекциясын зерттеуге арналған. Ол сондай-ақ жоңышқа өсімдігіндегі цитоплазмалық аталық ұрықсыздықты тапқан. Бұл зерттеудің Орта Азия мен Қазақстанда жоңышқаның гетерозистік будандарын алуда маңызы зор болды. Қауынның «Қазақстан - 1», «Қазақстан - 2» деп аталатын сорттарын шығарды. Қазалы қаласының орталық көшелерінің біріне Алманиязовтың есімі берілген.
90 жыл бұрын (1919) ақын, фольклоршы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты АДАМБАЕВ Балтабай Әбдірахманұлы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Жамбыл облысында туған. ҚазМУ-ді (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. Сарысу аудандық газетінде, Жамбыл облыстық комсомол комитетінде, Тараз қаласындағы орта мектепте жұмыс істеген. 1957-інші жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері. Б.Адамбаевтың өлеңдері 1938-інші жылдан жариялана бастады. «Шын жүректен», «Ақбөбек», «Аманат», «Тұлпардың ізімен» жинақтарында Отанға, Жер-Анаға сүйіспеншілік жырланады. «Жорықтағы солдат» повестер мен әңгімелер кітабы Ұлы Отан соғысының майдандары мен тылдағы адамдар ерлігі айқын көрініс тапқан. Ол ғалым ретінде «Шешендік өнер», «Халық даналығы», «Қазақ шешендік өнері» кітаптарында халқымыздың мақал-мәтелдері мен шешендік өнерінің жанрлық табиғаты мен одан әрі даму жолдары зерттелген.
2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен екі рет марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) заң ғылымдарының кандидаты ҒИЛЫМОВ Самат Қуанышұлы дүниеге келді.
Атырау қаласында туған. Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ Мемлекеттік заң университетін бітірген. Атырау облысы бойынша нашақорлықпен және қылмыспен күрес басқармасының ерекше істер бойынша аға инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1999-2001 жылдары - Атырау облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің бастығы. 2001-2002 жылдары - Каспий аймағы бойынша көліктегі қаржы полициясының бөлім бастығы. 2002-2005 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.
Медальмен марапатталған.
270 жыл бұрын (1739-1791) Ресейдің мемлекеттік және әскери қайраткері, генерал-фельдмаршал, 1762 жылғы патша сарайындағы төңкеріске қатысушылардың бірі, патшаханым ІІ Екатеринаның таңдаулысы және жақын көмекшісі ПОТЕМКИН Григорий Александрович дүниеге келді.
Солтүстік Причерноморьені игеруге мүмкіндік жасаған, Қара теңіз флотын құруға басшылық жасаған. Қырымды біріктіргеннен кейін Тавриялық жарқын князь лауазымын алған. 1787-1791 жылдары - орыс-түрік соғысында орыс армиясының Бас қолбасшысы болған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 25-І, ЖҰМА
Халықаралық теңіз күні. 1978-інші жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 10-ыншы сессиясында қабылданған. Әдетте қыкүйектің соңғы жұмасында аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
81 жыл бұрын (1928) Қызылордада «Ленинская смена» атты жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) тұңғыш саны жарық көрді.
62 жыл бұрын (1947) Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.
3 жыл бұрын (2006) Қазақстан мен Үндістанның әскери альпинистер тобы Ладакхедегі 7140 метрлік Нун шыңына көтерілді. Бұл екі елдің шыңға өрмелеушілерінің бірлесіп жасаған алғашқы шарасы. 34 адамнан тұратын аталмыш экспедицияға Үндістан Қарулы Күштерінің подполковнигі А.Гот жетекшілік жасады. Оған Қазақстаннан аға лейтенант Тахир Алпысов пен Рүстам Жорабаев және сержант Юрий Горбунов, Сергей Самойлов, Александр Рудаков пен Дмитрий Чумаков қатысты.
220 жыл бұрын (1789) АҚШ Конгресі - қазірде Құқық туралы Билль атауымен белгілі - конституцияға 12 өзгеріс енгізді.
40 жыл бұрын (1969) Англияда әйгілі «Битлз» тобының соңғы студиялық Abbey Road альбомы шықты.
30 жыл бұрын (1979) монреальдық ірі ағылшын тілінде шығатын газет «Монрель Стар» 110 жылдық тарихынан соң жарық көруін тоқтатты.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1921) ақын ІЗТӨЛИН Баймағамбет Қанапияұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Пресногорький мектебінде оқып, сосын Троицк қаласындағы «Уәзифа» медресесінде білім алған. Революция кезінде жарлы-жақыбайлар арасында саяси насихатпен айналысып, үндеухаттар таратты. Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін Петропавл қаласында мұсылман бюросы мен қазақ-татар клубы жұмысына белсенді қатысып, Федоров аудандық халыққа білім беру бөлімінің инспекторы қызметін атқарған, мектептер ашып, мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырған. Петропавлдағы ақгвардияшылармен ұрыста қаза тапқан.
17 жасынан өлең жаза бастаған. Жасөспірім ақынның шығармашылығына Абай поэзисы мен қазақ фольклорының әсері мол болған. 1916-1919 жылдар аралығында жарық көрген «Ала торпақ», «Жалғыз жілік», «Өкпеге жауап», «Өмірім», «Соғыс», «Айым мен күніме» өлеңдері Баймағамбет есімін дүйім жұртқа кеңінен мәшһүр етті.
Оның шығармалар жинағы бірнеше рет (1926, 1933, 1951, 1981) баспаларда жарық көрген. Өлеңдері бірқатар оқулықтарда да жарияланды. Ізтөлиннің бейнесі С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясында жарқын көрініс тапқан.
85 жыл бұрын (1924) Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері ӨЗБЕКОВ Түркістан Мақсұтұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. 1953 жылы Алматы консерваториясын бітірген. 1953-1961 жылдары - Алматы консерваториясы жанындағы арнаулы орта музыкалық мектептің директоры, 1961-1963 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғылым, мәдениет және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы. 1963-1964 жылдары - Алматы музыка училищесінің директоры. 1964-1968 жылдары Республикалық орта музыка мектеп-интернатының негізін қалап, директоры болды. 1968-1976 жылдары - Алматы консерваториясының деканы, доценті. 1976-1984 жылдары - Абай атындағы опера және балет театрының директоры. 1984 жылдан Алматы консерваториясының оқытушысы, профессоры. Гастрольдік сапармен Португалияда, Швейцарияда, Вьетнамда болған.
«Қазақ халық әндерінің негізіндегі керней мен фортепьяноға арналған пьесалар жинағы», «Үрмелі аспаптарда ойнауға үйрету методикасы» ғылыми еңбектерінің авторы.
1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы ӘБДІРАЙЫМОВ Сейфолла дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бірлік аулында туған.
1964-1965 жылдары - Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметкер. 1965-1978 жылдары - Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1978 жылдан осы институт директорының орынбасары.
Оның ғылыми-зерттеу еңбектері шөлейт аймақтарда өсетін мал азықтық өсімдіктер тұқымын шығаруға арналған. С.Әбдірайымов Қазақстанның қуаңшылықты аймақтарында жайылымдарды суландырудың теориялық негізін жасап, 200 000 га суландырылатын жайылым алқабын ауыл шаруашылық өндірісі айналымына енгізді. Сондай-ақ, құрғақшылыққа төзімді, жоғары өнімді мал-азықтық шөптердің бірнеше сорттарын («Сырдариялық изен», «Арыстық» теріскен, «Жан сая» қара сексеуіл) шығарды.
70 жыл бұрын (1939) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЕСЕНҚҰЛОВ Сейітхан дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында өнер көрсетеді.
Сахнада Клавдий патшаның (У.Шекспир «Гамлет»), Марданның (М.Әуезов «Алуа»), Бүркіттің, Асқардың (С.Мұқанов «Мөлдір махаббат», «Ботагөз») бейнелерін сомдаған.
50 жыл бұрын (1959) суретші, өнертану докторы КЕМЕШОВ Ділдабай Әнуарұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ә.Қастеев атындағы Шымкент өнер колледжін, Ғ.Низами атындағы Ташкент педагогика институтын бітірген. М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының көркем сурет кафедрасының оқытушысы, әуен және өнер кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары Мәскеу қаласындағылыми-практикалық сынақтан өткен. Қазір Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өнер факультетінің киім дизайны кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді.
1 монографияның, 15 әдістемелік құралдар мен бірқатар жарияланған ғылыми еңбектердің авторы. 2 шәкірт тәрбиелеп шығарған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 26-Ы, СЕНБІ
Шет тілдердің еуропалық күні. Жаңа мыңжылдық басталысымен ЮНЕСКО 21-ші ғасырды полиглоттар ғасыры деп жариялады. 2001 жыл Дүниежүзілік тілдер жылы деп жарияланды.
ОҚИҒАЛАР
47 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасының Энергетика және электрификация министрлігі Қазақ КСР Энергетика және электрификация министрлігі болып құрылған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылғы 7-інші ақпандағы Жарлығымен министрлік таратылды. Соның негізінде Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылды.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысты. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпаздары қатысты.
3 жыл бұрын (2006) Павлодарда өмірі мен шығармашылығы Солтүстік Қазақстанмен байланысты жазушы Иван Шуховқа арналған «Сайын дала ұлы» деректі бейнефильмі түсірілді. 40 минуттық фильмде Шуховпен жолығысқан адамдардың естеліктері таспаға жазылған. Бейнежазбада - әдебиетшінің ой-қиялының қатпарларынан сыр бүгіп, өткен оқиғаларға баға берген, өмірі мен шығармашылығы жайындағы ойларынан әңгіме шерткен әдебиетші күнделігінің беттері берілген.
3 жыл бұрын (2006) Лондондағы танымал концерт залдарының бірі - Барбикан-Холлда Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен және қаржылай қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Студенттік симфониялық оркестрінің концерті өтті. Оның жетекшісі - консерватория ректоры, танымал пианист Жәния Әубәкірова. Концертті тамашалауға келген 1700-ден астам классикалық музыка сүйермендері Ш.Қажығалиевтың, С.Рахманиновтың және И.Брамстың таңдаулы әуенді композицияларын тыңдап, шынайы өнер кәусарына қанықты.
75 жыл бұрын (1934) Англияда Queen Mary мұхиттық лайнері пайдалануға берілді. Бұл суығыстырғыштығы 75000 тоннадан астам тұңғыш кеме болатын. 1936 жылғы көктемде толықтай іске қосылғаннан кейін ол Атлант мұхитын кесіп өтуден бірнеше рекордтар жасаған.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы ДӘНДІБАЕВ Мамыш дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Алматы электротехника зауытының шебері, инженер-технологы болып жұмыс істеген. 1981-1986 жылдары - Қазақ КСР Автомобиль көлігі министрлігі басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 1986-1998 жылдары - Алматы облыстық жолаушылар автомобиль көлігі басқармасының бастығы. 1998-2000 жылдары - Алматы қалалық Жүргізушілер одағының директоры. 2000 жылы - «Алаутрансгаз» АҚ-ы президентінің кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - «Қазақстан Республикасы Көліктегі қауіпсіздік қоры» ЖШС-нің бас директоры. 2001-2003 жылдары - «Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы қауіпсіздігі қоры» Алматы қалалық филиалының директоры. 2003-2005 жылдары - «Қазавтокөлік» ААҚ-ның басқарушысы. 2005 жылы - «Көлік қызметкерлерінің Кәсібін жетілдіру институты» ЖШС-гі директорының орынбасары. 2005 жылдың қазанынан жоғарыда аталған қызметінде.
50 жыл бұрын (1959) Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі БАЙҒОНОВ Жамбыл Шырақбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, «Қайнар» университетін бітірген. Алғабас аудандық қаржы бөлімінде аға экономист, Қазақстан ЛКЖО Алғабас аудандық комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеген. 1988 жылы - Алғабас аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1988-1990 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алғабас аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1990-1992 жылдары - партком хатшысы, совхоз директорының орынбасары. 1992-1998 жылдары - салық инспекциясының бастығы, Алғабас ауданы әкімінің орынбасары. 1998-2002 жылдары - Бәйдібек ауданының әкімі. 2002 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық экономика және кәсіпкерлік департаментінің бастығы. 2002-2004 жылдары - Ордабасы ауданының әкімі. Жоғарыда аталған қызметінде - 2004 жылдың желтоқсанынан.
«Құрмет» орденімен, төрт медальмен марапатталған.
160 жыл бұрын (1849-1936) орыстың аса көрнекті физиологы, Петербор Ғылым академиясының академигі, Ресей Ғылым академиясының академигі, КСРО Ғылым академиясының академигі, ас қорыту механизмін зерттегені үшін Нобель сыйлығының иегері ПАВЛОВ Иван Петрович дүниеге келді.
Петербор университетін, Медициналық-хирургиялық академияны бітірген. 1890-1924 жылдары Әскери-медициналық академияның профессоры, сонымен бірге Эксперименттік медицина кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқарған. 1925-інші жылдан өмірінің соңына дейін КСРО Ғылым академиясының Физиология институтына жетекшілік жасаған.
Қазіргі заманғы ірі физиология мектебінің, физиологиялық зерттеулерге жаңаша талап пен әдістемелердің негізін қалаушы. И.Павлов - өлім процесін қағазға түсіріп, бастан-аяқ тізіп берген ғалым. Жаны қиналған сәттен төсегінің басында отырған шәкірттеріне дене мүшелерінің қайсысы ұйығанын, тартылып қалғанын, қайсысынан жан кете бастағанын, қысқасы - адамның қалай өлетінін рет-ретімен түгел айтып кеткен.
75 жыл бұрын (1934) кеңес және ресейлік танымал театр мен кино әртісі, КСРО халық әртісі БАСИЛАШВИЛИ Олег Валерианович дүниеге келді.
Мәскеудің Көркемөнер академиялық театры жанындағы студия-мектебін бітірген соң Лениндік комсомол атындағы Ленинград театрына жолдама алады. 1959 жылы Академиялық үлкен драма театрының труппасына шақырылады. Әйгілі Г.А Товстоноговтың «Зұлымдар», «Мұхит», «Ақыл азабы», «Апалы-сіңлілер», «Ат хикаясы» тәрізді танымал қойылымдарында өнер көрсетеді. Эльдар Рязановтың «Қызметтестер хикаясы», «Екеуге арналған бекет», «Пұшайман гусарды жұбатар сөз айтыңыз», Георгий Данелияның «Күзгі марафон» кинофильмдерінде орындаған рөлдері талантты актерді бұрынғыдан да танымал етті. 2006 жылы «Ғасыр қолтаңбасы» кітабын шығаруға қатысты.
III және IV дәрежелі «Отан алдындағы жетістігі үшін», Достық, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. «Қызметтестер хикаясы» фильміндегі Самохваловтың рөлі үшін ағайынды Васильевтер атындағы РСФКР Мемлекеттік сыйлығын иеленді, сондай-ақ әдебиет, өнер және архитектура саласындағы Санкт-Петербор Үкіметі сыйлығының, үздік ер адам рөлі үшін «Алтын софит» пен «Алтын перде» сыйлықтарының да иегері.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 27-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық туризм күні. Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясының шешімімен жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Саңыраулардың халықаралық күні. Бүкілдүниежүзілік саңыраулар федерациясының құрылуына орай 1951 жылдан қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Машина жасаушылар күні. 1980 жылғы қазанның 1-індегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1929 жылғы қыркүйектің 27-30) Сырдария өлкесі Бостандық ауданының (қазіргі Өзбекстан аумағында) тұрғындары астық дайындау науқаны барысындағы несие төлеу ауырпалықтарына және кеңестік биліктің оған күштеп көндіру қимылдарына қарсы наразылық танытты. 500-ге жуық адам қатысқан Бостандық көтерілісін ұйымдастырушылар Т.Мұсабаев, Ұ.Майлыбаев болды. Бірішмолла қыстағы маңындағы шайқаста И.Чаныбековтың басмашылар отряды көтерілісшілерге көмекке келді. Көтерілісті біріккен мемлекеттік саяси басқарма отряды жаншып тастады. Көтерілісшілердің ішінен 50 адам қаза тауып, 2 адам ату жазасына кесілсе, 36 адам - 10 жылға түзету лагерьлеріне жөнелтіліп, 7 адам - 5 жылға жер аударылды.
4 жыл бұрын (2005) Астанада Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназиясы негізінде жас туристер стансысы ашылды.
3 жыл бұрын (2006) Германияның Баден-Вюртемберг жерінде, Вальдбрунн-Мюльбен қаласында Қазақстан Елшілігі жергілікті қымыз өндіруші фермамен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп барған отандастарымыздың белсенді атсалысуымен «Қымыз мерекесін» өткізді. Шара аясында мерекелік қойылымдар ұйымдастырылып, қымыз мерекесіне арнайы келген қонақтардың алдында Кельн және Бавария қалаларындағы қазақ диаспорасының көркемөнерпаз әртістері өнер көрсетті. Мереке қонақтары қазақтың киіз үйімен, домбыра аспабымен, ұлттық дастарқан мәзірімен және Германиядағы қымыз өндірісінің басталу тарихымен, қымыздың емдік қасиеттерімен танысты.
3 жыл бұрын (2006) Алматы облысы Іле ауданындағы Первомай кентінде Қазақстандағы алғашқы инфузиялық ерітінділер шығаратын зауыттың таныстырылымы болды. Инфузиялық ерітінділер стратегиялық маңызды дәрі-дәрмек қатарына жатады. Олар ауруханаларда күн сайын үлкен көлемде пайдаланылады. Сондай-ақ түрлі эпидемиялар, табиғи және техногендік сипаттағы апаттар мен соғыс қимылдары кезінде де оған деген сұраныс еселеп арта түседі. Халықаралық медициналық зерттеулерге қарағанда бір адамға жылына орта есеппен екі литр инфузиялық ерітінділер керек. Қазіргі таңда олардың 90 пайызы шет елдерден әкелінеді.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944-1998) Қазақстан Республикасының құрметті прокуратура қызметкері, 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі ТӘЛІПОВ Қабділмәжит Шаймарданұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Баянауыл, Успен аудандық прокуратураларының тергеушісі, Павлодар облыстық прокуратурасының аға тергеушісі қызметтерін атқарған. 1980-1983 жылдары - Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары. 1983-1984 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері. 1985-1994 жылдары - Орал (Батыс Қазақстан) облысының прокуроры. 1994-1998 жылдары - Маңғыстау облысының прокуроры.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамоталарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1954) Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі АБЫТОВ Жиенай дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Қарағанды кооперативтік институтын бітірген. Маңғыстау облысы бойынша Салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып жұмыс істеген. 2006 жылдың сәуірінен жоғарыда аталған қызметін атқаруда.
55 жыл бұрын (1954) «Жайықмұнай» ЖШС-нің бас директоры, жер қойнауын барлау ісінің үздігі ДРУЖИНИН Вячеслав Михайлович дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Томск политехникалық институтын бітірген. 1977-1979 жылдары - геологиялық-барлау партиясының бұрғылаушы мастері, Волков өндірістік геологиялық бірлестігінің аға инженер-конструкторы. 1979-1983 жылдары - кешенді геологиялық экспедицияның аға конструкторы. 1983-1994 жылдары - «Волковгеология» бірлестігінде геологиялық-барлау партиясының бас инженері, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі бас маман, бас директордың орынбасары. 1994-1997 жылдары - «Жарық» мемлекеттік холдингтік компаниясының вице-президенті, «Қазақгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясының құрамындағы «Газкон» АҚ-ның бас директоры. 1997 жылдан жоғарыда аталған қызметінде.
Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл» медальдарымен марапатталған.