ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 21-і мен 26-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None

ҮКІМЕТ

Шілденің 21-інде   Үкімет  отырысы  болады.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Шілденің  22-25-і  аралығында  Лондондық Ситидің лорд мэрі Иэн Лудердің Қазақстанға сапары өтпекші.       Сапар барысында И. Лудердің  еліміздің ресми өкілдерімен екіжақты келіссөздерін ұйымдастыру көзделген.      Сапар аясында Қазақстан-британ сауда-өндірістік кеңесінің 13-ші отырысын өткізу жоспарлануда.

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР

Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.

СПОРТ

Қазақстанның жеті қаласында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың арасындағы ІІІ спартакиада бағдарламасының финалдық жарыстары өтеді. Жарыстар спорттың сегіз түрі бойынша өтеді. Олар- пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, жүзу, волейбол, үстел теннисі ойындары. Спартакиаданың жабылу рәсімі тамыздың 5-інде Қарағандыда өтеді. Турнир жарыстары сондай-ақ, Қостанай Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтеді. Шараны Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық параолимпиадалық комитет ұйымдастыруда.

Шілденің 21-і мен 26-сы  аралығында Өскеменде  ҚР Президентінің  Кубогы  үшін   Волейболдан      халықаралық турнир өтеді.

Шілденің 24-27 күндері Петропавл қаласында ІV «Ақ бидай» ауылдық спортының ойындары өтеді.    Төрт жылда бір болатын бұл жарыстың  бағдарламасына спорттың 19 түрі еніп отыр. Олар - волейбол, футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, жүзу, жазғы Президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, кір спорты, армрестлинг пен  көкпар, аламан бәйгі, жорға жарыс, аударыспақ,  сайыс сияқты  ұлттық ат спорты ойындары. Футбол, кір спорты мен қазақ күресінен басқа спорт түрлері бойынша өтетін сайысқа  ерлер де, әйелдер де қатысады. Алғашқы кезеңде бұқаралық жарыстар  дене шынықтыру ұжымдарында, екінші кезеңде  аудандық және қалалық деңгейде, үшінші кезеңде  облыстық, ал  төртінші кезеңде ақтық сындар өтеді. Павлодар қаласында шығыс аймағынан - Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары, Атырау қаласында батыс аймағынан - Маңғыстау, Ақтау, Ақтөбе,  Батыс Қазақстан облыстары, Қызылорда қаласында оңтүстік аймағынан - Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысы, Қостанай қаласында солтүстік аймағынан - Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары өзара күш сынасады.

АСТАНА

Шілденің 22-сі мен 24-і аралығында  Астанада шет  ел  өкілдерінің  қатысуымен Қазақстан нейрохирургтарының І   съезі  өтеді.

Шілденің 20-сынан бастап   Бөгембай батыр даңғылы бойынша көлік құралдарының қозғалысы ішінара (жүру бөлігі бойынша) шектеледі, Осыған байланысты уақытша осы даңғылдың Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейінгі учаскесінде жолаушылар бағыттары қозғалысының  кестесі өзгертіледі. № 2, 106, 109, 116, 119 және 120 жолбағыттар Жеңіс даңғылы-Жангелдин көшесі-Республика даңғылы-Бөгембай батыр даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен.  № 4, 16, 20, 36, 45 және  59 жолбағыттар Бөгембай батыр даңғылы бойынша өзгеріссіз, жолаушылар келесі көшелерден түсіріліп-мінгізіледі.  № 8, 34 және 57 жолбағыттары Жеңіс даңғылы - Жангелдин көшесі бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. № 19, 27 және  122  жолбағыттар Бейбітшілік көшесі-Дүкенұлы (Дружба) көшесі-Республика даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен.  № 117 жолбағыт - Республика даңғылы - Сейфуллин көшесі- Жеңіс даңғылы бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. Шектелген учаскелерде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Шілденің 21-інде   Астана әкімі И.Тасмағамбетовтың    қатысуымен       2009-2010 жылғы жылу   беру маусымына әзірлік  мәселесіне арналған  көшпелі  кеңес өтеді.

Шілденің  21-інде   Қырғыз  Республикасының Қазақстандағы Елшілігінде     Елші Жаныш  Рүстенбеков  қазақстандық БАҚ  өкілдері үшін    баспасөз мәслихатын   өткізеді.

Шілденің 21-інде   «Рэдиссон»  қонақүйінде «Ерлер белсіздігі  мен  әйелдердің  бедеулігін емдеудегі  жаңалықтар»  тақырыбына  арналған     халықаралық  конференциясы  өтеді.

Шілденің  21-інде «Нұр Отанның» орталық кеңсесінде «Өмір сүру сапасының  ұлттық  стандартын қалыптастыру  мәселесіне»   арналған    ғылыми конференция  өтеді.

АЛМАТЫ

Шілденің 21-інде  Алматы  әкімі  А.Есімов     Азиада нысандарын  аралайды.

АТАУЛЫ  КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР

ШІЛДЕНІҢ 21-І, СЕЙСЕНБІ

Бельгия Корольдігінің ұлттық мейрамы - Король I Леопольдтің ант берген күні (1831). Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 18-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

92 жыл бұрын (1917) Орынбор қаласында I жалпықазақ съезі өтіп, онда қазақ интеллигенциясының өкілдері «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарды.

51 жыл бұрын (1958) Қазақ симфониялық оркестрі (қазіргі Қазақ мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі) құрылды.

38 жыл бұрын (1971) Қазақ КСР-нің Жер кодексі қабылданды.

16 жыл бұрын (1993) Вильнюсте Қазақстан мен Литва Үкіметтері еркін сауда туралы, халықаралық жолаушылар және жүк тасымалы туралы, әуе қатынасы туралы, темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы туралы» Заң баспасөзде жарияланды.

3 жыл бұрын (2006) «Қазпошта» АҚ республикаішілік пошталық айналымға жаңа марка шығарды. Жаңа шығарылым танымал геолог-ғалым, Қазақстандағы геомеханиканың негізін салушы, ҚР ҰҒА мүшесі, профессор Ақжан Машанидің 100 жылдығына арналған. Екінші Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған ол геология және тау істері бойынша жарық көрген бірқатар оқу құралдарының авторы.

4 бояулы офсеттік тәсілмен орындалған марка 50 мың дана таралыммен шыққан.

40 жыл бұрын (1969) тұңғыш рет адамзат баласы Айға табан тіреді. Ол американдық ғарышкер Нейл Амстронг болатын.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1919) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері ПОНОМАРЕНКО Григорий Григорьевич дүниеге келді.

Ресейде туған. К.Савицкий атындағы Пенза көркемсурет училищесін бітірген. Қылқалам шеберінің «Партизан Әли Акбаров», «Жайлау», «Жаңатас карьері», «Мен жеңімпазбын», «Ерекше тапсырма», т.б. танымал туындылары бар.

2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) ақын, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ӘБДІРАХМАНОВ Махмұт дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ұйғыр тіліндегі «Коммунизм туғи» газетінің әдеби қызметкері, Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болып істеген.

Алғашқы өлеңі 1958 жылы «Коммунизм туғи» газетінде жарияланды. Оның кейбір өлеңдері «Күрес жырлары» және «Жан дауысы» ұжымдық жинақтарына енді. «Ұйғыр ақындарының өлеңдер жинағы», «Өрлеу үстінде», «Белестер» атты кітаптары жарық көрді.   

70 жыл бұрын (1939) ветеринария ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ИВАНОВ Николай Петрович дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын, Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1986-1996 жылдары Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2000 жылдан бері Қазақ ұлттық аграрлық университетінде кафедра меңгерушісі болып істейді.

Н.Ивановтың негізгі ғылыми еңбектері бруцеллездің эпидемиологиясын және эпизоотологиясын зерттеуге арналған. Ол мал бруцеллезін анықтауда қолданылатын эритроциттік диагностикалық дәрмектер мен антиген ұсынып, осы мал ауруын зерттеумен айналысатын ғылыми мектеп құрды. Ғалым 28 ғылым кандидатын, 3 докторын дайындаған.

Халықаралық Сиба-Гейге (Швейцария) медалімен марапатталған.

155 жыл бұрын (1854-1915) қазақ халқының тарихын зерттеуші, Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің және ғылыми мұрағат комиссиясының мүшесі ДОБРОМЫСЛОВ Александр Иванович дүниеге келді.

А.Добромыслов 1888-1901 жылдары аралығында Торғай облысында мал дәрігері болып жұмыс істеп, қазақ ауылдарын аралап, қазақ халқының сан қырлы шаруашылық өмірімен, әдет-ғұрпымен танысты. «Торғай облысындағы халықтың қоныстануы туралы», «Торғай облысындағы мал шаруашылығы», «Торғай облысындағы қырғыздардың XVIII-XIX ғасырлардағы сот құрылысы» және тағы басқа еңбектер жазды. Кейін мұрағат материалдарынан Орынбор өлкесі тарихына қатысты құнды құжаттар жинап, Батыс Қазақстан тарихы жөнінде «Торғай облысы» деп  аталатын 3 томдық ғылыми еңбегін жарыққа шығарды. Өмірінің соңғы жылдары Түркістан өңірін, Оңтүстік Қазақстан қалаларын зерттеп, «Ташкенттің бұрынғы және қазіргі тарихы», «Сырдария облысының қалалары (Қазалы, Перовск, Түркістан, Әулиеата, Шымкент)» атты еңбектер қалдырды.

110 жыл бұрын (1899-1961) американдық жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты ХЕМИНГУЭЙ Эрнест Миллер дүниеге келді.

Дәрігер отбасында туған. Жазушының алғашқы кітабы «Біздің дәуірде» деген атпен 1925 жылы жарық көрді. Оның есімін әлемге танытқан «Қош бол, қару» романы болды. Хемингуэй 20 ғасырдың 30-шы жылдары «Бұқа мүйізі», «Фрэнсис Макомбердің қысқа бақыты», «Килиманджаро қары», т.б. туындыларын және қоғамдағы әлеуметтік  қайшылықтарды сынға алатын «Бар мен жоқ» романын жазды. Испан дәуірі жазушы шығармашылығының өрлеу кезеңі болды. Бұл тұста оның көптеген очерктері, репортаждары, «Бесінші колонна» пьесасы, «Қоңырау кімге соғылады» романы жарық көрді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі біршама іркілістен кейін ол «Шал мен теңіз», т.б. туындыларымен қайтадан даңқ тұғырына көтерілді.

ШІЛДЕНІҢ 22-СІ, СӘРСЕНБІ

Әзірбайжанның ұлттық баспасөз күні. Елдің алғашқы баспа өнімі - «Экинчи» газетінің жарық көрген күніне орай атап өтіледі. Көптеген демократиялық елдерде сияқты Әзірбайжанда да Баспасөз жөніндегі кеңес құрылып, «БАҚ туралы» заң қабылданған. 1998 жылы тамыздың 16-ында мемлекет басшысы Гейдар Әлиевтің «Әзірбайжан Республикасындағы сөз, ой және ақпарат бостандығын қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлығымен елдегі бұқаралық ақпарат құралдарына цензура жойылды. 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

68 жыл бұрын (1941) қазақстандық генерал-майор Кузьма Александрович Семенченко соғыс басталғанына 1 ай өткеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

17 жыл бұрын (1992) Қазақстан мен Украина арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы авиациясын дамытудағы ерекше үлесі үшін» сыйлығы тапсырылды.

20 жыл бұрын (1989) Тәжікстанда тәжік тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1919-1994) Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері ЖУАНЫШЕВ Дабыл дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы заң институтын сырттай оқып бітірген. 1946-1951 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданының судьясы, Жамбыл қаласындағы 2-ші учаскелік судья қызметтерін атқарған. 1952-1982 жылдары Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары, Қызылорда, Жамбыл облыстық соттары төралқасының төрағасы болған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) әнші, Қазақстанның халық әртісі, профессор КЕСОГЛУ Лаки Константинович дүниеге келді.

Грузияның Батуми қаласында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1967 жылдан осы консерватория жанындағы опера студиясында жұмыс істеген. 1972 жылдан Қазақстан теледидары мен радиосының әншісі болды. Осы жылдан бастап ол отандық және бүкілодақтық радио мен теледидар арқылы танылды. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс береді.

100 жыл бұрын (1909-1984) техника ғылымының докторы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ДОКУКИН Александр Викторович дүниеге келді.

Ресейде туған. Мәскеу тау-кен институтын бітірген. Бүкілодақтық көмір институтының, А.Скочинский атындағы тау-кен ісі институтының директоры болған.

А.Докукин Қазақстандағы кен қазу өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарын белгілеуге және жоғары білікті кадрлар даярлау ісіне тікелей қатысты. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері жер астындағы  пайдалы қабаттарды қазу технологиясы мен кешенді механикаландыруға арналған. 

«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 23-І, БЕЙСЕНБІ

2009 жылғы шілденің 23-і - 1430  хижра жылының 1-ші шағбаны. Шағбан айының 1-ші  жұлдызы.

Египет Араб Республикасының Ұлттық мейрамы - Революция күні (1952). ГенералМұхаммед Нәджіб Египетті Республика деп жариялады.

Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 6-ында орнатылды. Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Тасымов Бахтияр Сардарбекұлы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Грузия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы қабылданды.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы шықты.

180 жыл бұрын (1829) Уильям Остин Барт баспа құрылғысына патент алды.

ЕСІМДЕР

125 жыл бұрын (1884-1937) жазушы, драматург ЖОМАРТБАЕВ Тайыр дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Көкбай медресесі мен  Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. 1911-1915 жылдары Семей қаласы маңындағы Жақия қажы мектебінде ер балаларға, әйелі А.Орманова қыз балаларға сабақ берген. 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспаханасынан жастарды адамгершілікке, ізгілікке, оқу-білімге үндейтін «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағы, төңкеріске дейінгі қазақ қыздарының әлеуметтік жағдайын көтерген «Қыз көрелік» романы басылып шықты. 1915-1928 жылдары Зайсан қаласында, Маңырақ болысында мұғалім болды. 1928-1930 жылдары Семейдегі №14 мектептің директоры қызметін атқарды. 1930-1937 жылдары Семей педагогикалық техникумының оқытушысы болды.

Т.Жомартбаев оқытушылықпен қоса журналистикамен де  айналысып, «Айқап», «Жаңа мектеп» журналдары мен «Қазақ», Алаш» газеттерінде мақала, фельетондар жазып тұрды. Оның «Сары сүйек құда», «Осы ма, қазақ өмірің?» атты пьесалары Зайсан, Семей театрларында қойылған. Кузнецк қаласындағы №23 мектепте  жұмыс істеп жүрген кезінде жалған саяси жаламен тұтқындалып, Семейде үштіктің шешімімен  ату жазасына  кесілген. 1956 жылы ақталды.

ШІЛДЕНІҢ 24-І, ЖҰМА

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1944) Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі 1944 жылы қазанның 1-де Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. Сондықтан комбинат директоры И.Круглихин алғашқы ректоры міндетін атқарды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.

8 жыл бұрын (2001) Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Еменді бақта» жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1939) Орта Азияда және Қазақстанда тұңғыш рет шахматтан КСРО спорт шебері атағын алған шахматшы, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы МҮСІЛІМОВА Аида дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ол 1956 жылы мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында чемпион атағын жеңіп алды. А.Мүсілімова 1958 жылы Қазақстан әйелдері арасында чемпион атанды, кейін бұл атаққа 10 рет (6 рет жеке, 4 рет командалық) ие болды. Шахматшы 1992 жылы Филиппиннің Манила қаласында өткен Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында 8-ші орынға табан тіреген Қазақстан Республикасы құрама командасының капитаны болды.

180 жыл бұрын (1829-1889) орыс жазушысы ЧЕРНЫШЕВСКИЙ Николай Гаврилович дүниеге келді.

Саратов діни семинариясында, Петербор университетінің тарих-филология бөлімінде оқыған. Н.Чернышевский университетте оқып жүрген кезінде өз бетімен білімін  жетілдірумен шұғылданып, тарих, философия, социология туралы еңбектерді  мұқият зерттеді. Оның көзқарасының қалыптасуына орыс әдебиетшілері А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Гоголь,  тағы басқалар үлкен ықпал етті. А.Герценмен саяси  байланыста болуы себепті 1862 жылы тұтқындалып, Петропавл қамалына жабылды. Ол қамауда отырған кезде «Не істеу керек?» романын жазды. Тұтқындалуға үкім кесіліп,  Мытинск алаңында қара бағанға таңылып жазаланғаннан кейін Н.Чернышевский көп кешікпей Сібірге  жер аударылды.  Жиырма жылдан астам айдауда жүргенімен  шығармашылық  жұмыспен шұғылдануын  тоқтатқан жоқ.

Н.Чернышевскийдің «Бір қыздың тарихы», «Барбарустардың ұрпағы», тағы басқа  повестері мен әңгімелері, «Шешусіз драма», «Жаны ғажап күйеу» пьесалары бар.  Кеңес үкіметі тұсында Н.Чернышевский тұлғасы мен еңбектері патшалық Ресейдегі  халықтың азаттық күресіне дем беруші күш ретінде бағаланады.      

ШІЛДЕНІҢ 25-І, СЕНБІ

Орыс актері, ақын, өз әндерінің орындаушысы Владимир Высоцкийді (1938-1980) еске алу күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

77 жыл бұрын (1932) Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасы құрылды.

52 жыл бұрын (1957) Қазақ КСР ҒА Физикалық-техникалық институтының негізінде Ядролық физика институты құрылды. Институттың құрылу мақсаты - ядролық физика саласындағы физикалық және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту қажеттілігі және ауыл шаруашылығының түрлі салаларында атом энергиясын қолдану, жоғары сапалы мамандарды дайындау болды. Институтты ұйымдастырушылар - Қазақ КСР ҒА-ның президенті, академик Қ.Сәтбаев және КСРО ҒА-ның академигі И.Курчатов болды.

25 жыл бұрын (1984) кеңес ғарышкері Светлана Савицкая әйел ғарышкерлер арасынан тұңғыш рет ашық әуе кеңістігіне шықты.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924-1985) сәулетші, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі РАХМАТИ Камиль Рахматұлы дүниеге келді.

Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Орта Азия политехникалық институтын, КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Алматы қаласындағы Қазақ филиалының аспирантурасын бітірген. 1965 жылдан Оңтүстік Қазақстан өлкесі коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы, «Оңтүстікқалаауылжоба» институты филиалының бас сәулетшісі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражай-қорығының директоры қызметтерін атқарды.

К.Рахмати Жамбыл қаласындағы белгілі ескертіштердің, Меркі, Луговое аудандары орталықтарындағы тұрғын-жай орамдарының авторы.

75 жыл бұрын (1934) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы БЕЙСЕНОВ Ораз Мақаұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары - «Басалматықұрылыс» тресінің бастығы қызметтерін атқарған. 1977-1984 жылдары - Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1984-1988 жылдары - Қазақ КСР Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі. 1988-1989 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының орынбасары. 1989-1991 жылдары - КСРО Өнеркәсіп құрылысы банкінің Қазақ республикалық банкі басқармасының төрағасы. 1991-1993 жылдары «Тұранбанкі» басқармасының төрағасы қызметін атқарған.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі МҰСАБАЕВ Болатбек Амангелдіұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. В.Мухина атындағы Ленинград жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген. Қылқалам шеберінің «Жаз», «Революция солдаттары», «Бәйтерек», т.б. туындылары бар.

80 жыл бұрын (1929-1974) орыс жазушысы, кинорежиссер, актер, РКФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері ШУКШИН Василий Макарович дүниеге келді.

Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Бүкілресейлік кинематография институтын бітірген. Мосфильм киностудиясында, М.Горький атындағы киностудияда жұмыс істеді. Өз сценарийлері негізінде «Осындай бір жігіт бар», «Балаңыз бен бауырыңыз», «Қыңырлар», «Қызыл бүрген» фильмдер қойды. Аталған фильмдердің бірсыпырасы Халықаралық және Бүкілодақтық кинофестивальдердің сыйлығына ие болды. Оның «Пысық жандар» пьесасы Алматыдағы, Павлодардағы орыс драма театрларында, «Өлермендер» деген атпен Қызылорда драма театрында қойылды. Ол «Отан үшін от кешкендер» фильмін түсіру кезінде кенеттен қайтыс болды.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 26-СЫ, ЖЕКСЕНБІ

Куба Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Ұлттық төңкеріс күні. Куба - Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығындағы Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антил аралдар тобында орналасқан мемлекет. Астанасы - Гавана қаласы. Ақша бірлігі - Куба песосы. Ресми тілі - испан тілі. 1976 жылғы қабылданған конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.

Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.

Либерия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1847). Либерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 13 графтыққа бөлінеді. Астанасы - Монровия қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - либерия доллары. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Сенат және Ұлттық ассамблея. Жоғары атқарушы органы - Үкімет.

Мальдив Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1965). Мальдив - Оңтүстік Азиядағы осы аттас аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Мале қаласы. Ресми тілі - мальдив тілі. Ақша бірлігі - мальдив руфиясы. Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Меджлис.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

41 жыл бұрын (1968) «Абай тілінің сөздігі» жарық көрді. Сөздікке 6 000-ға жуық сөз бен түсіндірмелер енген.

20 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Компартиясы ОК жанындағы комиссия  қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ прозасындағы ең алғашқы роман «Бақытсыз Жамалдың» авторы Міржақып Дулатовтың шығармаларына дұрыс бағасын беріп, оларды жариялау туралы, әділеттілікті қалыптастыру туралы қорытынды шығарды.

15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ақша жүйесі туралы» Жарлығы жарияланды.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Барыс» ордені белгіленді. Бұл орденмен марапаттау Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту iciнe; бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халкының бірлігін қамтамасыз етуге; мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметте; халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға; ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға; мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға ciңipгeн ерекше еңбегі үшін жүргізіледі. «Барыс» орденінің үш дәрежесі бар. І дәрежелі «Барыс» opдені жұлдыздан және иыққа асатын лентадағы белгіден тұрады.

5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, республика аумағында осы уақытқа дейін қолданыста болған 3 сағаттық белдеудің орнына 2 сағаттық белдеу белгіленді. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында уақыт өлшемі елорда сағатынан 2 сағатқа кешігіп жүретін болды. Бұл белдеуге Ақтөбе облысы да кірді. Қызылорда және Қостанай облыстары елорданың сағат белдеуіне жақын орналасуына байланысты, аталмыш облыстар Астана қаласының сағаттық белдеуіне ауыстырылды. Осылайша, республиканың Қостанай, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында уақыт өзгерді. Бұл шара ең алдымен, республика халқына жайлы жағдай жасауға, облыстардағы әкімшілік жұмыстарды оңтайландыруға, елдің біртұтас энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, сыртқы және ішкі көлік - жүк тасымалдарын, аймақтардың телекоммуникациялық жүйелерін өзара үйлестіруге бағытталды.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, экономика ғылымының кандидаты, «МИРБИС» Мәскеу халықаралық жоғары бизнес мектебінің құрметті профессоры ЖАҚСЫБЕКОВ Әділбек Рыскелдіұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын, Г.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты жанындағы өнеркәсіптік өндірісті жоспарлау факультетін бітірген. Қазақ КСР Мемлекеттік кино жүйесінде еңбек еткен. 1990-1992 жылдары - «Цесна» фирмасының бас директоры. 1992-1996 жылдары - «Цесна» корпорациясының президенті. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2003 жылдары - Астана қаласының әкімі.  2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», III дәрежелі «Барыс» ордендерiмен, басқа да үкіметтік наградалармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1964-2003) боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері МИРОШНИЧЕНКО Александр Викторович дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған. Бокспен 1979 жылдан бастап айналыса бастаған, алғашқы жаттықтырушысы - В.Никулин. Ол үш мәрте КСРО чемпионы, Еуропа чемпионы,  24-ші Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем кубогының иегері атанған. 1990 жылдан кәсіпқой бокспен айналысқан.