«ҚазАқпарат» ХАА бразилиялық медиа-холдингпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бразилиялық EBC медиа-холдингпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Қол қою рәсімі Бразилиа қаласындағы EBC штаб-пәтерінде өтті. Құжатқа EBC директор-президенті Лаэрти Римоли, Журналистика департаментінің директоры Лоуривал Маседо мен Бразилиядағы Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов қол қойды», - делінген Бразилиядағы Қазақстан елшілігінің хабарламасында.

Меморандум Қазақстан Республикасы және Бразилия Федеративтік Республикасы аумағында өткізілетін мемлекетаралық іс-шараларға, сондай-ақ мемлекет басшыларының, ресми делегациялардың сапарына ақпараттық қолдау көрсету және ақпарат алмасу саласында жетекші бразилиялық және қазақстандық екі БАҚ-тың арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және кеңейтуге бағытталған.

Қол қою барысында тараптар ҚазАқпарат пен EBC арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.