«Таңертеңнен бастап елордалық қан тапсыру орталығында Әсем Шаяхметоваға қан тапсыруға тілек білдірген көптеген адамдар жиналды. Олардың ішінде «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері де бар. Әсемге 4-ші оң резусты қан тобы қажет», - деп атап өтті «ҚазАқпарат» ХАА үйлестіру-анықтамалық бөлімінің бастығы Жанар Бұжымова.
Еске салсақ, кеше таңертеңгі сағат 5.36-да санитарлық авиация Астанаға ұшақ апатынан зардап шеккен Әсем Шаяхметованы жеткізді. Алдын ала диагнозы - жабық ми жарақаты, миы шайқалған, оң сан сүйегі, оң жіліншігі сынған, сол жіліншігінің жабық сынығы. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды.
«Бастысы, оның аман қалғандығы», - деп атап өтті агенттік тілшісімен әңгімелесу барысында Әсемнің әкесі.
29 жастағы Әсем Шаяхметова «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүстіметалл» бас геологы болып істейді.
Ұшақ бортында жеті адам болған - «Қазақмыс» корпорациясынан төрт адам және үш экипаж мүшесі. Алты адам көз жұмды: техникалық даму департаментінің директоры Г.Т.Төлеубаев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас механигі Е.Б.Ибраев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы Ұ.Х.Есмағанбетов, сондай-ақ барлық экипаж мүшелері - АН-2 командирі В.Г.Клюшев, екінші ұшқыш В.П.Савельев және борт механигі В.И.Литвинов қаза тапты.