«ҚазАқпарат» ХАА мәтін, сурет және бейнежазба бойынша жедел, нақты және сапалы жазылған ақпараттарымен ерекшеленеді - Доған Йылдыз
Облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен өткен шараға "Бас редакторлар клубы" ҚБ президенті Б.Жексенбай, "Новое поколение» газетінің бас редакторы Ю.Жихорь, «Хабар Агенттігі» АҚ «Білім және Мәдениет» арнасы бас редакторының орынбасары Б.Шамшатов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Тоқтарова және өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Бүгінгі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруда БАҚ-тың рөлі маңызды. Кез-келген ақпаратты қоғам мен халықтың санасына дұрыс сіңіру ол журналистің шеберлігіне байланысты. Сондықтан тілшілердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, біліктілігін көтеру маңызды. Біздің клубтың көздеген мақсаты да осы - өңірлердегі әріптестеріміздің жағдайымен, тыныс-тіршілігімен танысу, кейбір мәселелер болып жатса, оны ортақтаса шешу», - деді өз сөзінде Б.Жексенбай.
Семинар пікір алмасу ретінде өтті. Оған қатысушылар журналистердің біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу, өңірлерде мамандардың тапшылығы жөнінде өздерінің тұшымды ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.
Осы орайда, «Қазақстандық БАҚ-тың шетелдік меншікті тілшілері қосынымен ынтымақтастығының аймақтық тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасаған Түркияның «CINAN» ақпараттық агенттігінің өкілі Йылдыз Доган еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары арасында «ҚазАқпарат» ХАА-нің көш бастап тұрғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «ҚазАқпарат» агенттігі өзінің жедел, нақты және сапалы жазылған ақпараттарымен ерекшеленеді.
«Қазіргі кезде Қазақстандағы БАҚ қарқынды дамуда. Оның ішінде «ҚазАқпарат» агенттігінің орны бөлек. Бұл агенттік заман талабына сай жұмыс істеуде. Агенттік мәтін, сурет және бейнежазба бойынша жедел, нақты және сапалы жазылған ақпараттарымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, демалыссыз күні-түні әлемнің көптеген еліне ақпарат таратады»,- дейді Доған Йылдыз.
Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.