ИСЛАМАБАД. ҚазАқпарат - Исламабадта «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Пәкістанның The Associated Press of Pakistan Corporation (APP) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Құжатқа Қазақстан тарапынан «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров, Пәкістан тарапынан АРР бас директоры Масуд Мәлік қол қойды.
Қол қою рәсімі 25 ақпарат агенттігі, соның ішінде ҚазАқпараттың серіктестері - Мысырдың MENA (Middle East News Agency) агенттігі, Румынияның AGERPRESS агенттігі, Иранның IRNA (The Islamic Republic News Agency) агенттігі, Афина-Македония жаңалықтар агенттігі өкілдерінің қатысуымен Пәкістан астанасында өтіп жатқан Ақпарат агенттіктерінің халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылды.
Шараға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Барлыбай Садықов та қатысты.
Ынтымақтастық меморандумы «ҚазАқпарат» ХАА мен АРР арасындағы өзара серіктестікті орнатуға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға негіз қалады.
Айта кетейік, Пәкістан бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанға және қазақстандық әріптестерінің жұмысына қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, өткен аптада пәкістандық БАҚ өкілдерінен құралған топ Астанаға барды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде «Медиасеріктестік: Қазақстан мен Пәкістан» тақырыбымен өткен дөңгелек үстел отырысында тараптар екі ел арасында ақпарат, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.