«ҚазАқпарат» ХАА төте жазу сайты шетелдегі қазақ тілі аясының кеңеюіне өзіндік үлесін қосып келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілдің мәртебесі күнделікті өмірде мемлекеттік тілдің қызмет ету көрсеткішінің артуы, шетелдерде қазақ тілін қолданушылардың көбеюімен арта түсері анық. Қазақ тілінің аясын кеңейтуде шетелдегі қандастарымыздың алар орны бөлек. Олардың ана тілінен айырылмауы, ата жұртымен рухани байланысының үзілмеуі қазақ тілінің өзге елде қанат жаюына өзіндік үлес қосары сөзсіз. ҚазАқпарат халықаралық агенттігі осы маңызды қадамды ерте қолға алған болатын.

«ҚазАқпараттың» шетелдегі қазақтарды ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылдың сәуір айынан қазақ тілінде шығарылатын жаңалықтар түгелімен латын қарпінде беріле бастаған еді. 2009 жылдың қазан айынан бастап ана тіліміздегі ақпараттар мен мақалаларды Қытай мен Ирандағы қазақ жұртшылығы үшін төте жазумен тарату да жүзеге асырылды. Бұл әсіресе арабша төте жазуды қолданатын Қытай қазақтары үшін елеулі оқиғаға айналды. Сол жақтағы 1,5 миллионнан астам қандасымыздың бұған дейін қазақстандық телерадио бағдарламаларын толық көру мүмкіндігі болмады (ол елде жеке тарелка қоюға рұқсат етілмейді) және кирилица әрпін танымаған соң интернеттегі қазақ басылымдары мен кітаптарын оқи алмайтын еді, сондықтан еліміз туралы әрбір ақпаратқа ерекше зәру болып отыр еді. «ҚазАқпараттың» араб қаріпті сайтының ашылуы - интернетті кеңінен пайдаланып отырған қытай қазақтары үшін ақпараттық, рухани мұқтаждықтарының орнын толтыруға айтарлықтай көмектесті. Сайт ашылғаннан кейін, шеттегі қандастарымыздан «ҚазАқпарат» қолға алған маңызды жобаның өздерінің ана тілінен айырылмауына, жастардың рухани әлемінің баюына үлкен көмек болғаны жөнінде көптеген алғыс хаттар келіп түсті. Төте жазу сайты ашылысымен оны оқитындар саны артып, бүгіндері сайт материалдарын күніне орта есеппен 12-14 мыңнан астам адам көріп отыр.

ҚазАқпарат халықаралық агенттігінің төте жазу сайты маңызды тың эксклюзивті жобаларды қолға алып, сайттың рухани әлемін онан әрі байытып, оқырмандар санын арттыра түсті. Атап айтар болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өту туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар беріліп келеді. Сонымен бірге «Қазақ өнерінің саңлақтары» атты айдар ашылып, онда қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан әншілер, күйшілер, композиторлар, әртістер, суретшілердің өмірі мен өнері туралы арнайы таныстырылып келеді.

Сондай-ақ сайтымызда Қазақ еліне елеулі еңбек сіңірген, ұлтымыздың ұлы тұлғалары «Хандар, билер шешендер», «Батырлар», «Ғұлама ғалымдар», «Жыраулар, ақын-жазушылар», «Көрнекті қоғам қайраткерлері» деген айдарлар бойынша жеке-жеке таныстырылады. Және де «Халық қазынасы» деген атпен тарих қатпарынан сыз шертетін кесенелер, қорғандар жайлы тұшымды мәліметтер берілді.

Сайттағы тағы бір арнайы айдар «Нұрлы көш» деген атпен топтастырылған. Бұнда Елбасы алға қойған «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан нақты іс-шаралар мен көші-қон саясатындағы өзгерістер сөз болады.

Төте жазу сайты аясында ашылған аса ауқымды «Қазақ руханияты» атты әдеби, мәдени және этнографиялық портал жобасы да - Қытай мен Ирандағы қазақ диаспоралары және сол елдерден келген оралмандар үшін үлкен рухани қолғабыс болып отыр. Ол порталда қазір мынадай айдарлар жұмыс істеуде:

а). «Қазақ тарихы». Бұл айдар бойынша қазақ тарихының ғылыми негізделген ықшам тараулары, тарихымызға қатысты тартымды мақалалар беріледі.

ә). «Әдебиет және өнер». Бұл айдармен тілшілеріміз дайындаған, сондай-ақ еліміздің әртүрлі басылымдары беттерінде жарияланған қазақ әдебиеті мен өнерінің мәселелері, белгілі қаламгерлер мен өнер иелері туралы мақалалар, олармен өткізілген сұхбаттар таңдалып ұсынылады.

в). «Ұлттық салт-дәстүрлер». Халқымыздың бай әдет-ғұрыптарына байланысты мәліметтер бір жерге жинақталып беріледі.

г). «Ата-тек шежіресі». Қазақ шежіресінің тиянақты сараптаудан өткен нұсқалары екшеліп, жарияланады. Үнемі жаңа зерттеулермен толықтырылып отырылады.

ғ). «Әңгіме әлемі» (Қазақ әңгімелерінің антологиясы). Бұл айдар бойынша қазақ прозашыларының таңдаулы әңгімелері іріктеліп әзірленеді. Қазірдің өзінде 55 жазушының 220-дан астам әңгімесі порталға орналастырылды. Әңгімелердің қатары алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырылады.

д). «Жеті ғасырдың жыр желкені» (Қазақ поэзиясының антологиясы). Қазтуған жыраудан бүгінгі күн ақындарына дейінгі жеті ғасыр аралығында дүниеге келген таңдамалы өлеңдер жинақталады. Қазірге дейін 90 ақынның 800-дей өлеңі орналастырылды. Шығармалардың қатары алдағы уақыттарда толыға беретін болады.

е). «Балауса» (балалар әдебиеті). Қазақ ертегілері мен аңыздары, тақпақтар мен жаңылтпаштар, ойын өлеңдері, балдырғандарға, мектеп оқушыларына арналған жырлар мен әңгімелер дайындалды. Үнемі толықтырылып отырылады.

ж) «Дәстүрлі әндер мен күйлер». «Қазақ әндерінің антологиясы» дайындалды. Қазақ күйлерінің тарихы, ерекшеліктері, күй аңыздары туралы материалдар берілуде. Дәстүрлі әндер мен күйлер туралы зерттеулер салынады.

Біз төте жазу сайты жұмыс істей бастаған уақыт аралығында шеттегі қандастарымыздың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін, Қазақстан Президентінің қызметіне қатысты ақпараттарды, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, тарихқа, тіл тағдырына арналған рухани материалдарды және заң, саясат, әсіресе көші-қонға қатысты дүниелерді, спорт туралы ақпараттар мен әйгілі спортшылармен жүргізілген сұхбаттарды көп оқитындығын байқадық. Сол себепті осы бағыттағы материалдарға ерекше көңіл бөлеміз.

Әлемдегі бар қазақтың мүддесі ортақ, тілегі бір «қазақтың жанашыры қазақ қана» демекші қазақ тілі мен мәдениетінің өркендеуіне әлемдегі әрбір қазақ баласы өз үлесін қосуы керек.

Авторы: Ризабек Нүсіпбекұлы