«ҚазАқпарат» Қазақстан Тәуелсіздігінің жариялануы туралы ақжолтай ақпаратты алғашқылардың бірі болып әлемге таратты - И.Тасмағамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігін 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Құрметті Дәурен Кеңесұлы! Сізді және өзіңіз басқарып отырған ұжымды «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. «ҚазАқпарат» бір ғасырға жуық тарихында қазақ халқының қуанышы мен қайғысын бірге бөлісіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жариялануы туралы ақжолтай ақпаратты алғашқылардың бірі болып әлемге таратты. Бүгінде өзінің шығармашылық мектебі қалыптасқан жаңалықтар ордасында мыңдаған жас тілшілер шыңдалып шықты. Бүтін бір дәуірдің шежіресін жинап, жақсылықты жария етуге асығатын агенттіктің беделі жылдан жылға артып, өрісі кеңейді. Редакция ұжымының кәсіби біліктілігі мен шығармашылық бастамалары арқасында қоғамда отансүйгіштік, ерлік, батырлық құндылықтары орынды дәріптеліп отыр. Бұл орайда, Сіз арқылы «ҚазАқпарат» ұжымына және барша оқырмандарына ыстық ықыласымды жеткізгім келеді. Алдағы уақытта да абыройларыңыз асқақтап, жақсылықты жария ету жолындағы игі бастамаларыңыз жарасымды жалғасын табатынына сенімдімін. Өзіңізді және ұжымыңызды тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, толайым табыстар тілеймін!», делінген құттықтауда.