Халықаралық баспасөз синдикаты мен оның серіктесі Бүкіләлемдік Ынтымақтастық кеңесінің жетекші агенттігі болып табылатын «IDN-InDepthNews»-тің негізі 1983 жылы қаланған. InDeptNews агенттігі негізінен БҰҰ қызметіне қатысты жаңалықтар мен талдау материалдарын жариялайды. Соның ішінде әлемнің әр түкпіріндегі жаңалықтар бойынша ақпараттық аналитикаларды, әлемге және адамзатқа әсерін тигізетін репортаждар мен материалдарға қатысты өз ұстанымдарын, көзқарастарын жарыққа шығарып отырады. 2009 жылдан бастап онлайн қызметін іске қосқан агенттіктің желісі әлемнің барлық дерлік өңірлерін қамтып отыр. Соның ішінде Орталық Азия өңіріне арналған арнайы айдары да бар.
Айта кетерлігі, Халықаралық баспасөз синдикаты ұйымының (International Press Syndicate - бұған дейін Globalom Media Information, Communication, Publishing Agency (Жаһандық агенттік) аталып келген) негізі 2009 жылы қаланған. Ұйым әлеуметтік және этникалық жауапкершіліктерді ұстанады. Халықаралық ұйым ресми түрде Берлинде, Сингапурда және Токиода тіркелген, Канадада бөлімшесі бар.
«ҚазАқпарат» ХАА мен InDeptNews ынтымақтастық аясында ішкі және халықаралық жаңалықтар туралы ағылшын және қытай тілдерінде тұрақты түрде ақпарат алмасуды көздейді. Сонымен қатар, тараптар меморандум аясында өзара тәжірибе алмасып, журналистердің біліктілігін арттыру бағытында бірлескен шараларға да уағдаласып отыр.