ҚазАқпарат тілшісі Ғ.Сейтақ «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың» лауреаты атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан дәстүрлі түрде жыл сайынғы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнир өтіп жатыр. Спорттық шара аясында Қазақстанның БАҚ журналистері арасында спорт журналисі, публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық табыс етілді. Ағымдағы жылы бұл сыйлыққа «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ғайсағали Сейтақ ие болды.

Байқаудың жеңімпаздары «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты» арнайы төсбелгісімен марапатталып, диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сейтақ Ғайсағали Самиғоллаұлы 1958 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген. 2000 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық  ақпарат агенттігінің БҚО бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарады. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Әр жылдары «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің - жалпақ ел» жыр кітаптары жарық көрген.

Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қ.Мырзалиев атындағы мүшайраның бас жүлдегері. Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным - қара шаңырағым» және облыстық «Орал өңірі» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген «Жайық жырлайды» республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері.

Айта кетейік, Қазақстанның БАҚ журналистері арасында спорт журналисі, публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық 1994 жылы белгіленген. Ол  жылына бір рет үш жеңімпазға тапсырылады. Оның ішінде екі сыйлық - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақ тілінде жарияланған материалдарға, бір сыйлық - орыс тілінде жарияланған материалдарға беріледі.

Бүгінгі күнге дейін Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек, Юрий Лифинцев, Дидар Төлеуіш, Ңұрғазы Сасаев, Ғалым Сүлеймен, Ақын Ордабай, Әрсен Саттар, Мәди Манатбек, Ілияс Жолдас, Фархад Изизов, Валерий Ильин, Рабат Жәнібек, Лаура Барлыбаева, Павел Цыбулин, Сәдібек Түгел, Өмірзақ Сұлтанов, Анатолий Гаврилов, Телжан Қүдеров, Гүлстан Қанат, Мұсағали Тасқалиев сынды есімдері елімізге жақсы таныс журналистер осы сыйлықты иеленген болатын.