«ҚазАқпараттың» төте жазу сайты оқырмандарының саны еселеп артып келеді

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең көп - 1,5 млн.-нан астам қазақ диаспорасы тұратын Қытайдағы ағайын Лон­дон Олимпиадасы кезінде қандастарының жетістіктері туралы шұғыл ақпарат алып отыру үшін «ҚазАқпарат» агенттінің төте жазу сайтына көз тікті.

Бұл туралы «ҚазАқпараттың» төте жазу сайтының шығарушы редакторы Ризабек Нүсіпбек­ұлы «Айқын» газетіне берген сұхбатында кеңінен тоқталып өтті.

«ҚазАқпарат» Қытай мен Ирандағы қазақ жұртшылығы үшін ана тіліміздегі ақпараттар мен мақалаларды төте жазумен (арабша) таратуды 2009 жылдың қазан айынан бастап жүзеге асыра бас­тады. Бұл соңғы жоба, әсіресе, төте жазу арабшасын қолданатын Қытай қазақтары үшін елеулі оқиға болып, олардың ақпарат­тық, рухани мұқтаждықтарының орнын толтыруға айтарлықтай септігін тигізді.

«ҚазАқпараттың» шет ел­дердегі оқырмандары жылдан жылға артып отырғандығын оның қызметкерлері де растай­ды. Ризабек Нүсіпбек­ұлы­ның мәліметтеріне қарағанда, осы сайттағы соңғы 100 материал 18-19 мыңнан астам рет қаралады. «Әлем назарын аудартқан Лон­дон-2012 Олимпиадасы кезінде біздің сайтты қараушылар саны тіптен көбейіп, бұл көрсеткіш 32-33 мыңға дейін жетті. Бұл шеттегі қазақтардың патриоттығын, Қа­зақ елінің намысы сынға түсер сәтте жеңісіне бірге қуанып, бірге тыныстап, алыста тақым қысып, әрбір табысына елеңдеп отыратындығын айқын дәледеп берді», - деп атап өтті ол өз сұхбатында.

Агенттіктің төте жазу үлгісіндегі сай­ты­­ның хабарларын қазіргі күні Қы­тайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтардан бөлек, Қытайдың ішкері жағындағы қа­лаларда, соның ішінде Бейжіңде оқып жатқан қазақ студенттері мен Гансу өлке­сі­нің Ақсай Қазақ автоно­миялы ауданы тұрғындары да қарайды екен. Оған қоса Бейжіңде орын тепкен «Орталық қазақ радиосы», Орталық ұлт­тар баспасы қазақ бөлімі, Бейжің ұлттар университетінің қазақ филология факуль­теті, тағы да басқа қазақ орталықтары пай­даланып отыр.
«Дүниежүзі қазақтарын ортақ жедел ақпаратпен қамтамасыз ету үшін ең әуелі жазу бірлігі керек. Әлемдегі бар қазақ бір жазу үлгісіне көшпейінше, олардың ру­хани тұтастығы мен әдеби, мәдени бірлігін сақтап тұру қиын», - дейді Ризабек Нүсіп­бекұлы.

Ал қазіргі жағдайда шеттегі қазақ­тардың атамекендегі жаңалықтардан дер кезінде хабардар болуы үшін, төте жазу үлгісіндегі, латын қарпіндегі сайттардың ашылуы маңызды, - деп есептейді қазақстандық тілші.

Айта кетейік, бүгінде "ҚазАқпарат" өз оқырмандарына жаңалықтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таратып отыр. 2004 жылы Агенттік шетелдегі қазақтарға арнап сайттың латын қарпіндегі нұсқасын іске қосты. Ал 2009 жылы ақпараттарды төте жазу үлгісімен  ұсына бастады. Алдағы таяу уақытта еліміздің басты ресми Ақпараттық агенттігі жаңалықтарды қытай тілінде таратуды жоспарлап отыр.