Қазақша ғылыми және танымдық басылымдарды көбейту қажет — Назгүл Қожабек

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бір ғасырда қазақ қоғамының білім алу мүмкіндігі айтарлықтай кеңейгенімен, қазақ тілінде білім мен ғылым қалыптастыру ісінде үзіліс болды. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында тіл жанашыры, редактор әрі медиа маманы, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы Назгүл Қожабек айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оның сөзінше, ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлері қазақ баласының ана тілінде сауат ашып, білім алуына басымдық берді. Қазақша оқулық жазу, баспасөзді дамыту да осы мақсаттан туындады. Алайда кейінгі саяси жағдай мен орыстандыру саясаты білім мен ғылымның бағытын өзгертті.

— Ол кісілер қазақ баласы қазақша сауат ашып, қазақша білім алса, оған орыс білімі қосылса деп ойлаған. Кейін саяси жағдайларға байланысты біз орысша білім алып кеттік. Ғылым да, саясат та орысша жүрді, — деді Назгүл Қожабек.

Қазір жағдай қайта өзгеріп келеді. Оның айтуынша, қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік кеңейіп, оған әлемдік білімді қосуға жол ашылды. Осы тұрғыдан алғанда, қоғам бір ғасырдың ішінде үлкен жолдан өтті. Дегенмен қазақ тілінің білім мен ғылым саласында дамуы ақсап қалды.

— Білім меңгеру жағынан басқа елдердің талай жыл жүріп өткен жолын айналдырған жүз жылдың ішінде өтіп кеткен екенбіз ғой. Бірақ сол аралық кезеңде қазақ тілінің дамуы ақсап қалды. Оның ішінде қазақ тілінде білім, ғылым тудыру ісінде «әттеген-ай» дейтін кезеңдер болды. Енді соны қалпына келтіруіміз керек, — деді ол.

Назгүл Қожабек ендігі міндеттердің бірі қазақ тілінде ғылыми және танымдық контентті көбейту деп есептейді. Өйткені адам қай тілде білім алса, кейін сол тілде білім мен ғылым қалыптастыруға бейім болады.

— Орысша оқыған бала орысша білім мен ғылым тудырады ғой. Сол үшін қазақ тіліндегі мектептерді ашуға көбірек көңіл бөліп, қазақша ғылыми басылымдарды, қазақша танымдық басылымдарды көбейтіп, қазақша кітап шығару ісін жолға қою керек. Ендігі басымдық осы болуы тиіс, — деді медиа маманы.