Қазақша күрестен «Талдықорған Бөрісі» жарысының іріктеу кезеңі аяқталды (ФОТО)

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл «Талдықорған Бөрісі» атағы мен Талдықорған қаласының намысын облыстық жарыста қорғау құқығы үшін 30 балуан күресті.

Ұлттық спорт фестивалі сахналық қойылым мен жарыстың құрметті қонақтарының өнер көрсетуінен кейін ашылды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дене шынықтыруды дамытуға үлкен көңіл бөліп жатыр. Аймақтарда бұқаралық спорт белсенді дамуда, бүгінгі жарыс менің сөздерімнің мысалы болып табылады», - деп атап өтті Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев.

Қала әкімінің сөздерін Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қуаттап, салауатты өмір салтын насихаттайтын бұл жарысты ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін атап өтті.

Жарысқа қатысуға 40-тан астам палуан ниет білдірген. Ұйымдастырушылар жүлде қорын 1 млн теңгеге дейін өсіргені жарысқа қатысуға үміткерлер санын көбейткен. Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әділет Рымтаевтың айтуынша, жарысқа қатысушылардың қаладағы жақсы залдарда жаттығуларына барлық жағдай жасалған. Оларға облыс орталығының жетекші жаттығушылары кеңес берген.

«Талдықорған Бөрісі» атағының үш дүркін чемпионы Жәнібек Дүйсенбаев пен палуан Тоқтар Қаркетеровтың ақтық сында белдесуі жарыстың атаулы оқиғасына айналды. Тоқтар Қаркетеров бірінші орын алып, 300 мың теңгенің сертификатына ие болды. Жәнібек Дүйсембаев облыстық жарысқа екінші жолдаманы алды.