Кеше, Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Көңілділер мен тапқырлар клубының республикалық жоғары лига ойындарының ақтық сайысына командаларды іріктеудің екінші күні аяқталды. Оған «Серілер» (Семей), «Еркетай» (Ақтөбе), «Жигули» (Атырау), «Қорқыт құрамасы» (Қызылорда), «Күлтегін» (Астана) және «Қарағанды құрамасы» (Қарағанды) командалары қатысты.
«Бірілігіміз жарасқан!» ұранымен өткен жартылай финалдық ойындар 4 кезеңнен тұрды. Сәлемдесу - команда туралы жалпы көрініс беру. Дыбыстау - яғни мультипликациялық не болмаса кинофильмдерден алынған үзінділерді дыбыстау. Қайым айтыс -ұсынылған екі ауыз өлеңді ұйқаспен аяқтау. Бір әуенді сайыс - қалжындарды әуенге салып жеткізу.
Сайыс нәтижесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен финалға «Еркетай» және «Күлтегін» командалары шықты.
Еске салайық, қазанның 5-і күні өткен жартылай финалдық ойындардың алғашқы күнінде ақтық додаға жолдаманы «Достар kz» (Семей) және «Қызық орда» (Қызылорда) командалары алған болатын.
Қазылар алқасының ұйғаруымен финалда сондай-ақ, ½ ойындар барысында жинаған жалпы ұпай сандары бойынша үшінші орында тұрған «Нұр Астана» (Астана) және «Серілер» (Семей) құрамалары да өнер көрсететін болды.
Ақтық сайыс үстіміздегі жылғы қараша айының ортасында өтеді.
Қазақша КВН ойындары «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтті.