«Қазақша Википедиа» жобасы басталғалы бері мақалалар саны 100 мыңнан асты

МАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «Қазақша Википедиа» жобасы 2011 жылдың маусымында басталды, содан бергі аралықта Википедиа энциклопедиясының қазақ тілді тарауындағы мақалалар саны 10 есеге өсіп, 100 мыңнан асты. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «WikiBilim» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы мәлім етті.

Қор жетекшісінің айтуынша, мақалалардың тез көбеюіне "Қазақ энциклопедиясы" редакциясының көмегі зор болған. "100 мыңнан астам қазақ тілді мақалалардың жартысына жуығы "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясынан алынды. Бұл орайда біз мақалаларын Википедиаға салуға рұқсат еткен "Қазақ энциклопедиясы" баспасына зор алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар жобаға қолдау көрсеткен Байланыс және ақпарат министрлігі мен Премьер-министрдің кеңсесіне және еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына алғыс айтамыз. Соның ішінде студенттерге, "Қазақша Википедиа" жобасына ерекше ықылас танытқан Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне ризашылығымызды білдіреміз",-деді Р.Кенжеханұлы.

Естеріңізге сала кетсек, жобаның басында ұйымдастырушылар 2011 жылдың 16 желтоқсанына дейін қазақ тілді мақалалар санын 200 мыңға жеткізуге ниеттенгенін мәлім еткен болатын. Баспасөз мәслихатында техникалық тұрғыдан бұл міндеттің әбден қолжетімді екендігін айтқан жоба ұйымдастырушылары бұдан былай сандық межелерді екінші кезекке шегіндіріп, сапаға ден қоюды ұйғаруда. Яғни, мақалалардың мазмұнын тереңдету және сапасын арттыру олар үшін енді, бұдан арғы жұмыстың басым бағыты болмақ.

"Бүгінгі таңда біз «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы мен аймақтық және түрлі салалық энциклопедияларды «Википедиаға» орналастырумен қатар, қағаз бетіндегі ауқымды материалды сандық форматқа түсіріп, қазақ тілінде жоқ мақалаларды өзге тілдерден аудару және Википедиаға салу жұмысын жалғастырудамыз. Сонымен қатар, қор ерекше көзге түскен ерікті редакторлар қатарынан «Википедиа Елшілері» іріктеліп, солардың күшімен түрлі аудиторияларда Википедиа туралы насихат-семинарлар өткізуде. Бұнымен қатар, «Википедиа Елшілеріне» бас демеуші атынан тұрақты стипендия тағайындалды",-деді қор жетекшісі Р.Кенжеханұлы.

Маслихат барысында тамыздың 4-і мен 7-сі аралығында Израильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық википедиашысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедианың негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алғандығы атап өтілді.

«ВИКИПЕДИА» туралы қысқаша ақпарат:

«Википедиа» - әлемдегі ең танымал он интернет брендтің қатарында тұрған жалғыз қоғамдық үлгідегі веб-сайт. Бұл - ғаламтордың әлеуметтік қуатын айғақтаған алғашқы интеллектуалдық және коммерциялық емес жоба. BBC телекомпаниясы Википедианы «YouTube» және «Facebook»-пен қатар XXI ғасырдың ең танымал брендтерінің қатарына қосқан. Биылғы жылы «Википедиа» энциклопедиясын ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мәдени мұра қатарына қосу туралы бастама көтерілді. Бұл ұсыныс ғаламторда қызу талқылануда. Ұсыныс қолдау тапса, «Википедиа» адамзат тарихындағы алғашқы сандық үлгідегі мәдени мұра болмақшы.

Әлемнің 281 тілінде жұмыс істейтін «Википедиа» энциклопедиясында 20 миллионға жуық мақала бар. Оның 3,7 миллионы ағылшын тілінде жазылған. Мақала саны миллиондық межеден асқан тағы екі тарау - неміс және француз тілдерінің үлесінде. Орыс тіліндегі мақалалардың саны 780 мыңнан асқан. Алайда энциклопедияның қазақ тілді бөлімінің дамуы бертінге дейін кенже қалып келді. Бұл жобаның мақсаты, осының орнын толтырып, «википедиашылардың» үлкен қауымдастығын құру арқылы энциклопедияның қазақша тарауындағы мақалалардың саны мен сапасын көтеру болып табылады.