Қазақстан 1 млрд. доллар бюджеттік қаржысын әлі игеріп болған жоқ

None
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан жыл соңына дейін 1 млрд. АҚШ долларын игермек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Даленов мәлім етті.

"Қаржылық жыл 31 желтоқсанда аяқталады. Бүгін 26 желтоқсан. Сіздерге бүгінгі күнгі жағдай бойынша, ең соңғы ақпараттарды айтайын. Республикалық бюджетке түскен қаражат көлемi 5 трлн. 117 млрд. теңгенi құрады. Жоспарды 100 пайызға жеткiзу үшiн 36 млрд. теңге жинау қалды. 26 желтоқсандағы ақпарат бойынша, жалпы шығын 6 трлн. 208 млрд. теңге болып отыр. Жыл соңына дейiн 151, 4 млрд. теңге игеру көзделуде. Әлi де болса, жылдың тәмамдалуына 5 қазынашылық күн бар. Әрине, осы аралықта пайда көлемi артады, ал игерiлген шығындар ұлғаяды", - деп атап өттi ол жылдың алдын ала қорытындыларын жариялау барысында.

Р. Дәленовтiң хабарлауынша, бюджеттiк дефицит 770 млрд. теңгеден аспайды деп жоспарлануда. Бұл көрсеткiш IЖӨ-нiң 2,2 пайызына тең болмақ. Сонымен қатар брифингте Ұлттық қордың табысы жайында ақпараттар жарияланды."Жыл басынан 26 желтоқсан аралығында Ұлттық қорға салық есебiнен 3 трлн. 343 млрд. теңге аударылды. Ал Ұлттық қордан бөлiнген қаражат көлемi 1 трлн. 401 млрд. теңгенi құрады. Ұлттық қордың салықтан түскен таза кiрiсі шамамен 2 трлн. теңгеге жетiп қалды", - дейдi ол.