Қазақстан 100 мың теңгелік күн панельдерін өндіруді бастайды

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында күн панельдерінің отандық өндірісін жолға қою жоспары жөнінде мәлімет берді. 

Фото: Pexels

«HIT» (heterojunction with intrinsic thin layer) және «PERC» (passivated emitter rear cells) технологиясы бойынша күн панельдерін өндіретін зауыт салу бағытында жұмыс жүріп жатыр», — делінген министрлік мәліметінде. 

Сондай-ақ, жауапта өндіріске қажет қондырғы 1-1,5 айдың ішінде жеткізілетіні айтылған. 

«Осылайша күн панелі өндірісінің желісі іске қосылып, қысқа уақыттың ішінде қуаты 50 МВт болатын толыққанды зауыт пайда болады. Жоба жетекшілері бір панельдің бағасы 100 мың теңге болады деп жоспарлап отыр. 2024 жылы 300 дана панель, 2025 жылы 6 мың панель, 2026 жылы 6 мың панель өндіру жоспарда бар. Келешекте зауыт қуатын жылына 30 мың күн панелін өндіретіндей етіп кеңейту жоспарланған. Әлемде мұндай панельдер Германияда, Жапонияда, Қытайда шығарылады», — деп жазылған жауапта.