«Қазақстан» 100 пайыз қазақшаға көшті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 2 қыркүйек, жұма күні республикалық басылымдарда жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 4-ші сайланған Парламент депутаттарының 5-ші сессиясын ашты. Елбасы онда еліміздің бүгінгі даму қарқынына тоқталып өтіп, бүгінгі жаһандық үдеріс, әлемде қалыптасып отырған жағдайлар туралы баяндай келе, осындай кезеңде Қазақстанның қандай бағыт ұстнауы қажет және еліміздің алдағы қиындықтар мен қауіп-қатерлерді еңсере отырып, одан әрі өркендей түсуі үшін нендей шаралар атқару қажет деген мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөліседі. Сондай-ақ Президент мемлекет дамуы жолында Парламент рөлі мен атқарған істері мен еліміздің экономикалық жетістіктеріне тоқталды. Осы мәселелердің барлығы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Төрге оздырған төрт басымдық» атты тақырыппен жарияланды.

Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Коммуналдық саланы жаңғыртуға бетбұрыс» атты мақала жарияланды. Басылым таратқан мәліметтерге қарағанда, бүгінде қалыптасқан жағдай бойынша, еліміздегі жылу жүйелері мен қондырғыларының 63 пайызы, электр тарату желілері мен жабдықтау қондырғыларының 73 пайызы және газбен жабдықтау жүйесінің 54 пайызы шұғыл жөндеуді қажет етеді. Көп пәтерлі тұрғын үйлер де жетісіп тұрған жоқ. Кондоминиум ны­сандарының (көп пәтерлі тұрғын үй) 32 пайызы немесе 50 миллион шаршы метрі күрделі жөндеуді немесе түбегейлі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуді талап етеді. Ал қолданыстағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің 3,8 миллион шаршы метрі немесе 2 пайызы толықтай бұзып тастауды қажет ететін апаттық жағдайда тұр. Осы мәселелерді қалай шешуге болады және мемлекеттің бұл бағыттағы жоспарлары қандай? деген мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі нөміріне өзек болған.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Қазақ мектебін көбейтуге не кедергі» деген тақырыппен мақала басты. Аталмыш мақалаға тіл мәселесіне байланысты басылым ұйымдастырған басқосуда көтерілген мәселелер арқау болған. Жиынға тіл саласының мамандары мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары қатысқан. Олардың Мемлекеттік тіл мен оның бүгінгі жай-күйі және болашағы туралы пікірлерін «Айқын» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.

Аталмыш басылым бүгінгі санында қаржыгер Ғалым Байназаровпен болған сұхбатты жариялады. Оның айтуынша, Қазақстан өте қолайлы жерде орналасқан, Еуразияның кіндігі, Шығыс пен Батыстың қақ ортасында тұр. Құдайға шүкір, саяси ахуалымыз, экономикалық жағдайымыз да өзгелерге қарағанда тұрақты. Ұлы даламыз сияқты кең мінезді халықпыз. «Елбасының табанды халықаралық саясаты арқылы Қазақстан әлемге танымал елге айналды, халықаралық форумдар өтетін ой тоғыстырар орын, тілектес ел қатары көбейіп, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болдық. Индустриялық-инновациялық экономика құру біздің қазіргі таңдағы таңдауымыз болып отыр. Ал ХҚО өзі де сол үздік инновациялық технологиялар өнімі, келешекте экономикаға шынайы инновациялық әр беретін орталық. Ол біздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламамызды күшейтіп, соның заңды жалғасы болып кетуі әбден мүмкін. Осылайша жоба мен біздің мақсат-мүддеміз тоғысып тұр. Сондықтан таңдау бізге тиіп тұр»,-дейді қаржыгер маман. Оның қазақстанды халықаралық қаржы орталығына айналдыру мәселесі төңірегінде ой-пікірлерін «Қазақстан - Халықаралық қаржы орталығы болуға лайықты ел» деген тақырыпен жарияланған сұхбаттан білесіздер

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Қазақстан» 100 пайыз қазақшаға көшті» деген тақырыппен мақала жариялап, ақжолтай жаңалықты жеткізіпті. Басылымның жазуынша, бұл өзі көптен бері

исі қазақтың көкейінде жүрген, жауабы қиын сауал болатын. Бұған дейін ақпарат құралдары арқылы сан мәрте талқыға түсіп, биік мінберлерден қайта-қайта айтылып келе жатқан осы мәселе ақыры Елбасының тікелей түрткі болуымен өз шешімін тапты. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, жарнаманың қуатты құралға айналып кеткені соншалық, бүгінгі қоғамды онсыз елестете алмайтын болдық. Алайда осы өнімдерде біздің ұлттық құндылықтарымыз насихатталып жатыр деу қиын. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, көшедегі билбордтар мен дүкен маңдайшаларындағы жарнамаларды туған тілімізде қатесіз жаза алмай қиналып келеміз. Орыс тілінде жазылғандарымен «жауласып» жүргенімізде, сауда нүктелерінің маңдайшасына «маған не істейсің» дегендей таза ағылшын тілінде жарнама ілетіндер де жетерлік болып шықты. Бұл мәселемен «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Жарнамалар кімнің мүддесін көздейді?» атты мақаладан кеңірек танысуға болады.

***

Кеше, 1-ші қыркүйекте еліміздің барлық мектептерінде «Денсаулығыңды нығайтуға үйрен» атты ұранмен Денсаулық сабағы өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бастамасын Білім және ғылым, Туризм және спорт министрліктері мен облыс әкімдіктері және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері қолдады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған Денсаулық сабағы - 2011 шарасының негізгі тақырыптары дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысу, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерге қарсы тұру, күнделікті өмірде және жолда жүру кезінде қауіпсіздікті сақтау сияқты маңызды мәселелерге арналды. Шара барысында мектеп оқушыларының алдында қоғам қайраткерлері мен әйгілі спортшылар, денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының басшылары көпшілік алдына шығып сөз сөйледі. Аталмыш шара «Казахстанская правда» басылымының бетінде «Мықты, белсенді боламыз» атты тақырыппен жарияланды.