Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресей президенттерінің Тәуелсіздік сарайындағы келіссөздері аясында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, инвестициялар көлік-логистика саласындағы жобалармен қатар екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың да негізі болып қала береді.
– Тыңайтқыштар саласында «Еурохим-Қаратау» жобасы Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатыр. Мұндай жобалар бізде көп. Сондықтан Ресей Федерациясы тарапынан 20 жылда салынған 29,3 млрд доллар және Қазақстан тарапынан салынған шамамен 9 млрд доллар – біздің экономикалық ынтымақтастығымыздың негізі, – деді С.Жұманғарин тілшілерге берген сұхбатында.
Министр қос тараптың көлік саласындағы ынтымақтастықты да дамытып жатқанын және өзара тарифтік жеңілдіктер ұсынып отырғанын атап өтті.
– Атап айтқанда, алдағы жылдары қазақстандық әуе компаниялары 130-ға дейін тар және кең фюзеляжды ұшақ, соның ішінде шамамен 40 жүк ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жағдайда біз тарифтік жеңілдік емес, импорттық кедендік баж салығын толық алып тастауды алдық. Өз кезегімізде біз балық өңдеу, теңіз кемелерін, газ тасымалдаушы кемелерді әкелу және басқа да бағыттарға қатысты тиісті жеңілдіктер ұсынып отырмыз, – деді ол.
Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей кеме қатынасы мен көлік дәліздерін дамыту мәселесін де талқылап жатыр.
С. Жұманғариннің айтуынша, Ертіс өзені бойынша әзірленіп жатқан бас жоспар су теңгерімін реттеуге, болашақта өзенді кеме қатынасына бейімдеуге, сондай-ақ Еділ-Дон каналы арқылы логистиканы жеңілдетуге мүмкіндік береді.
— Бүгін Еділ–Дон каналы арқылы кеме қатынасын Қазақстан үшін ыңғайлы ету мәселесі де көтерілді. Жалпы, біз кеме қатынасы туралы келісімді қарастырып жатырмыз. Көлік-логистика саласы өте маңызды. Үшінші елдерге қатысты кедендік транзит туралы келісім қазірдің өзінде ратификациялау кезеңінде, — деді Серік Жұманғарин.
Министр атом энергетикасын болашақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Бұдан бөлек, тараптар гуманитарлық саладағы бірлескен жобаларды, соның ішінде Қазақстан мен Ресейде мектептер салу бастамаларын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин «Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды.