Қазақстан 2012 жылға дейін парникті газдарды шығаруды 1992 жылғы деңгейден асырмайды

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан Киота хаттамасындағы міндеттемелерін орындау бойынша ерікті түрде 2008-2012 жылдары парникті газдарды шығаруды 1992 жылғы деңгейден асырмайды.

Бұл жайында бүгін Алматыда өткен "Төмен көміртекті даму: стратегиялық тәсілдер және нақты шешімдер" деп аталатын ұлттық конференцияда айтылды.

«Климаттың өзгеруі салдарын жұмсарту және оған бейімделуде Қазақстан Үкіметіне көмек» жобасының менеджері Салтанат Жәкенованың айтуынша, Қазақстан былтыр Киота хаттамасын бекіткен соң парникті газдарды шығаруды 1992 жылғыдан 2020 жылы - 15, ал 2050 жылға қарай 25 пайызға дейін азайтуға міндеттеме алды. Киота хаттамасын Қазақстанда жүзеге асыруды үйлестіретін уәкілетті орган - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі, Жұмыс органы - Қазақтық экология және климат ғылыми-зерттеу институты боп тағайындалды. Институттық шараларда - Парникті газдарды шығаруды бағалаудың ұлттық жүйесі, Ұлтық парникті газдарды шығарудың регистрі мен көміртекті бірліктердің реестрі жасалуда. Саясат пен шарада Төмен көміртекті дамуға көшудің тұжырымдамасы, Климаттың өзгеруіне бейімделу бағдарламалары тұжырымдамасы және Квотамен ішкі сауданың жүйесі әзірленуде.

"Климаттың өзекті салдарын жұмсартуда БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесіп бірнеше жобаларды жүзеге асырады. Біріншісі, ғимараттардың энерготиімділігін арттыру жобасы. Екіншісі, Қазақстан Үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы және Ғаламдық экологиялық қормен бірлескен жел энергиясын дамыту жобасы. Енді бұлардан бөлек, энергияүнемді жарықтандыруды ілгерілету жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Онда біртіндеп сынапты шамдардан бас тарту көзделген", дейді Салтанат Жәкенова.