Қазақстан 2014 жылдың соңына дейін құрылыстың нормативтік базасын еуропалық нормалармен 90% сәйкестендіруді жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 2014 жылдың соңына дейін құрылыстың нормативтік базасын еуропалық нормалармен 90% сәйкестендіруді жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін ТМД мемлекеттерінің құрылыс қызметіндегі ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық кеңестің XXXVI отырысында ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Владислав Галиев айтты.

«Былтыр Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылыс саласындағы нормативтік базасын реформалау тұжырымдамасын бекіткен болатын. Оның іске асуы өңірлік және әлемдік интеграциялық процестер есебінен құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың көмегімен жүзеге асырылатын болады. Осылайша, 2014 жылдың соңына дейін Қазақстан құрылысының нормативтік базасын 90%-ға жуық еуропалық нормалармен үндестіруді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Еурокодтардың жаңа нормаларын қолдануға мүмкіндік береді», - деді В. Галиев.

Айта кетейік, отырыс барысында 10 мәселе қаралды. Сонымен қатар, нормативтік-техникалық құжаттарды үйлестіру міндеттері талқыланып, Кеден одағы және ТМД елдерінде Еурокодтарды ұлттық қосымшалармен қолдану, Ресей Федерациясының құрылысындағы техникалық реттеу жүйесін дамыту әлеуеті ұсынылды, ғимараттардың энергетикалық тиімділігі саласындағы Қырғыз Республикасының тәжірибесі және басқа да мәселелер қарастырылды.