Қазақстан 2015 жылы Жапония, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция елдерін қуып жетеді - депутат К. Бұрханов

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - 2015 жылға қарай Қазақстан халық табысы жағынан дамыған елдердің қатарына қосылады.

Бұл туралы бүгін Астанада ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов мәлім етті.

 «Еліміздің экономикалық дамуы аса қарқынды. Жан басына шаққанда ЖІӨ сомасы 11 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Қазақстан Шығыс Еуропаның Болгария, Румыния және тағы басқа бірқатар мемлекеттерін басып озып, Польшаны қуып жетті. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, біз орта табысты елдердің қатарындамыз. 2015 жылға қарай біздің мемлекеттік стратегияға сәйкес, ЖІӨ-нің деңгейі 15 мың АҚШ долларынан асуы тиіс. Дүниежүзілік банк бойынша, Қазақстан халық табысы жоғары мемлекеттер тобына енеді. Онда біз Жапония, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және басқа да дамыған елдерді қуып жетеміз», - деп атап көрсетті ол.  

 Қазақстан-Ресей университетінде өткен «Егеменді Қазақстанның қалыптасуындағы жас ұрпақтың жетістігі мен рөлі» атты II-республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Астана, Қарағанды, Семей, Қызылорда, Тараз, Павлодар, Талдықорған, Алматы қалаларынан колледж және ЖОО-ның студенттері қатысуда. Шара барысында 200-ден астам ғылыми баяндамалар тыңдалмақ.

 Оның басты мақсаты - білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысының жаңа түрлері мен әдістерін талқылау, өзін-өзі басқаруды дамыту, сонымен қатар жастар қоғамдық бірлестіктерінің өзара қарым-қатынасы бойынша нұсқаулықтар дайындау.

 Конференцияға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Орталық сайлау комиссиясы қатысуда.