Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Әуеғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетов мәлім етті.
«2016 жылдан бастап, республикалық бюджет аясында мемлекеттік органдармен және ұйымдармен жерді қашықтықтан зондтау жүйесі арқылы ғарыштан түсірілген суреттер тегін берілуде. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, ағымдағы жылы ғарыштан 10 млн. шаршы шақырым жер түсірілген. Олардың коммерциялық құны 6,27 млрд теңге», - деді Шаймағамбетов.
Оның сөзі бойынша, 2015 жылы құрылған ҚР Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ауыл шаруашылығы, геодезия, экологиялық зерттеулер мақсаттарына және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі сапалы суреттерді алуға мүмкіндік берді.
«Жалпы жүйе іске қосылғалы бері 280 млн. шаршы шақырым жер суретке түсірілді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға 7,4 млн. шаршы шақырым жердің суреттері тегін тапсырылды. Олардың нарықтық құны шамамен 5,4 млрд. теңгені құрайды», - деп атап өтті комитет басшысы.
Сонымен қатар Е. Шаймағамбетовтың ақпараты бойынша, Kazsat ғарыштық байланыс жүйесі 2011 және 2016 жылдары аралығында 15 байланыс операторы мен Қазақстан ұйымына қызмет көрсеткен.
«5 жыл ішінде Kazsat жүйесі шетел операторларының қызметін алмастыра алды, оның импорт алмастыру көлемі шамамен 18 млрд. теңгені құрайды», - деп түйді сөзін комитет басшысы.