Бұл қазақстандық бокстың тағы бір кезекті жеңісі. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Бүгін Ыстамбұлда АИБА Халықаралық бокс қауымдастығының Атқарушы комитеті бұған дейін таныстырылымы жасалған Қазақстанның әлем біріншілігін өткізу туралы өтінімін мақұлдады. Әлемде танымалдылығы шапшаң артып отырған спорт түрінен әлем чемпионатын өткізуге бізден бөлек Қытай, Англия, Ресей секілді мемлекеттер ниет танытып, олардың әрқайсысы Қазақстан үшін мықты бәсекелес болған еді. Алайда, АИБА атқарушы комитетінің мүшелері қазақстандық таныстырылымға тәнті болып, 20 дауыстың 18-і біздің еншімізге түссе, 2-еуін Қытай иеленді», - делінген баспасөз хабарында.
Тоқтала кететін жайт, 2016 жылы Қазақстанда ұйымдастырылатын әлем чемпионатында Риода өтетін Олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады, сондықтан да бұл доданың маңызы арта түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, Қазақстан бұған дейін бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатын (Астана, 2011 жыл) және ересектер арасындағы әлем чемпионатын (Алматы, 2013 жыл) өткізген болатын. Ал осыдан төрт жыл бұрын әйелдер арасындағы бокстан құрлықтық чемпионат та Қазақстанда өткен еді.