Қанат Бозымбаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының үшеуі де жаңғыртылудан жақын жылдары өтіп бітетіндігіне тоқталды. Зауыттар толық жобалық қуаттылығына өткеннен соң, ішкі нарық алғаш рет отандық жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етіледі. Бензин, дизель, әуекеросин импорттау тоқтатылады.
«Оның үстіне жанар-жағармай өнімдерін сырт елдерге экспорттауды бастаймыз, себебі Аи-92 бензиніне деген мұқтаждық мүлдем болмайды. Осылайша, 2018 жылы біз өзімізді-өзіміз толықтай мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете аламыз. Бұл біздің тарихымызда алғаш рет орын алайын деп жатыр», - деді министр.
Оның сөзінше, жаңартылған зауыттар 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын болады. Бензин, дизель, әуекеросинін шығару ұлғайып, мазут өндірісі азайтылады.
«2017 жылы біз 3 млн тонна бензин, 4 млн тонна дизель отынын, 3 млн тонна мазут, 300 мың тонна әуекеросинін шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстан қазіргі уақытта жоғары октанды бензиннің 30 пайызын және дизельдің 15 пайызын Ресейден импорттауға мәжбүр.