«Қазақстан 2020» атты Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері зиялы қауым өкілдерімен кездесті

АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Алматыда «Қазақстан 2020» атты Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына мүше болған қоғамның танымал тұлғалары сайлауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда.

Саяси партия, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құрылған бұл топ Қазақстан президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөнінде ғылым және шығармашыл бағыттағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Білім және ғылым деңгейін көтеруде Елбасының көрсетіп жатқан қолдауы айтылды. Қазіргі таңда аталған мәселелер Елбасының назарында тұрғаны сөз етілді.

«Елбасы өнер саласына да, жазушылар қауымына да жат адам емес. Ол кісінің жазып жүрген еңбектерін елдің бәрі жақсы біледі. Тіпті өлеңдері де бар. Мен ғалым ретінде Н.Назарбаевтың индустриялды-инновациялық стратегиялық жоспарына қатысты тоқталғым келеді. Кез келген мемлекет индустриясын өсірмей, экономикасын өсіре алмайды. Тек қана ауылшаруашылығы өнімімен ешбір мемлекет бай болған емес. Олай болатын болса, ең бай мемлекет Үндістан елі болатын еді. Олар жылына төрт рет өнім жинайды. Бірақ, олар кедей елдердің бірі. Енді ғана экономикасын жөндеп келеді. Индустриясын құрып отыр. Сондықтан, Елбасының Қазақстанда индустрияны дамыту туралы бағыты еліміздің болашағына, әл-ауқатына ең керек сала. Ал енді индустрия саласы ғылымсыз жүре алмайды. Себебі, кез келген өндіріс ғылыми жаңалықтар енгізіліп отырмаса, қалып қояды. Сондықтан, ғылымға да көңіл әрқашан бөлінуде. Мысалы, білімге деген қаржы 5 есеге, ғылымға 3,5 есеге көбейіп отыр. Ал, 2020 жылы ғылымға деген қаржы 8 есеге көбейеді деп жоспарлануда. Қазір ғылымға бөлінетін қаржының жалпы ішкі өнімі 0,26 пайызды құрайтын болса, 2020 жылы ол 2 пайызды құрайтын болады. Бұл, Еуропалық деңгейдегі көрсеткіш деген сөз» - дейді, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.

Сонымен қатар, «Қазақстан 2020» атты Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында, ірі кәсіпорындардың бірі - «Рахат» кондитерлік фабрикасының жұмысшыларымен, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері, сондай-ақ, Алматы қаласының кәсіпкерлерімен кездесті.