Қазақстан 2020 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға шамамен 3 трлн. теңге жұмсайды

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан 2020 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға шамамен 3 трлн. теңге жұмсайды. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-де Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламаның жобасын талқылауға арналған жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты.

«2020 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жалпы сомасы 2 трлн. 977 млн. теңге бөлінеді. Оның 14 пайызы АӨК-лерді мемлекеттік қамтамасыз етуге және 14 пайызы саланы қаржылай сауықтыруға бөлінеді», - деді А.Мамытбеков жиын барысында.

Оның айтуынша, бағдарлама аясындағы жұмыстар 4 бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: қаржылай сауықтыру, тауарлар, қызметтер мен жұмыстардың АӨК субъектілеріне қол жетімділігі, АӨК субъектілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін арттыру, мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру.

«Бағдарламаның басым үлесін тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру, яғни нақтырақ айтсақ субсидия ұсыну бойынша іс-шаралар құрайды», - деді А.Мамытбеков.