Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауға дайын -Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті

АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахд ас-Сабахтың пікірінше, Қазақстандағы 7-Қысқы Азия ойындары өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ол бұл пікірін бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.

«Астана мен Алматы қалаларындағы бұл жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстан Азия ойындарының арқасында кез-келген жарыстарды қабылдауға әзір екенін көрсетті. 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Қазақстанның мүмкіндіктері мол. Қазақстан Олимпиада ойындарын қабылдауға дайын», -дейді шейх Ахмад әл-Фахд ас-Сабах.

Азия Олимпиадалық кеңесі президентінің пайымдауынша, бұл көрсеткішке Қазақстан 7-Қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырудың нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Ол ойын кезінде жанкүйерлердің реакциясын да көрген соң оған деген сенімі де беки түскен. Азия Олимпиада кеңесі бұл бағытта Қазақстан Үкіметімен ықпалдаса жұмыс істеуге дайын.