Қазақстан 2027 жылдан бастап электр энергиясы профицитін қалыптастыруды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2027 жылдың басынан бастап электр энергиясына деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, кейіннен электр энергиясы профицитін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті.

Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның энергожүйесі 254 энергия көзінен тұрады, оның 172-сі жаңартылатын энергия көздері. Елдегі жалпы орнатылған қуат 27,1 ГВт-ты құрайды.

— Белгіленген қуаттың негізгі бөлігі дәстүрлі генерация көздеріне тиесілі. Атап айтқанда, 13,7 ГВт — көмір, 7,1 ГВт — газ, 2,5 ГВт — ірі су электр станциялары. Жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 3,8 ГВт-ты құрайды, — деді министр.

Оның мәліметінше, өткен жылы электр энергиясын өндіру көлемі 123,1 млрд кВт/сағатты, ал тұтыну 124,6 млрд кВт/сағатты құраған. Биыл бұл көрсеткіштердің өсуі күтіліп отыр, болжам бойынша өндіріс көлемі 126,5 млрд кВт/сағатқа жетпек.

Сонымен қатар министр электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтықтың біртіндеп қысқарып келе жатқанын атап өтті. 2035 жылға дейінгі энергетиканы дамыту жоспары аясында жалпы 26,3 ГВт жаңа генерация қуатын іске қосу көзделген. Оның ішінде 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат енгізіледі. Оның 7,4 ГВт-ы базалық генерацияға, 5,9 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

— Бұл 2027 жылдан бастап ішкі электр энергиясына деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге және кейіннен профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар министр жаңа қуаттар жасанды интеллект және деректер орталықтары сияқты энергияны көп қажет ететін салалардың дамуына жағдай жасайтынын атап өтті.

— Көмір генерациясын дамыту ұлттық жобасы аясында жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3, Курчатов ЖЭС, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш жылу электр орталығы бар, — деді ол.

Атап айтқанда жобаға 19 энергетикалық жоба кіреді, оның 8-і жаңа құрылыс, 11-і жаңғырту және кеңейту жобалары.

Сонымен қатар министр елде газдандыру жұмыстары 2035 жылға дейінгі бас схемаға сәйкес жүргізілуде. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газдандыру деңгейі 64,2%-ды құрап, табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген деп түйіндеді.

Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі қаралатынын жазғанбыз.