Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

— Қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет қолжетімді. 3G базалық станцияларын жаңартып, 4G-ге көшіріп жатырмыз. Қалалар мен ауылдарда 5G желісін де кеңейтіп келеміз. 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарланған. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нəтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады, — деді ол.

Вице-премьер әкімдіктер базалық станцияларды орнатуға жер учаскілерін уақтылы бөліп, электр желісін тартуы тиістігін баса айтты.

— Бұл операторларға мобильді байланыс желісін тезірек кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы міндет — республикалық жəне облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Ол үшін антенна орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Əзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы «Транстелеком» құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, отырыста телекоммуникация саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.