Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясын тұтынудан артық өндіруді көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров Қызылорда облысының тұрғындарымен, кәсіпкерлерімен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің іске асырылу барысын талқылады.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында Халық кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов және облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Мақсұт Нәлібаев болды.

Кездесулер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айқындалған экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері қаралды.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 123 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндіріледі. Алайда бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан еліміз электр энергиясының бір бөлігін импорттауға мәжбүр.

Осыған байланысты Президент 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемін тұтыну деңгейінен асыру міндетін қойды. Ол үшін жаңа электр станцияларын іске қосып, қолданыстағы энергетикалық желілер мен жабдықтарды жаңарту қажет.

Депутат халық пен кәсіпорындарды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуде сала мамандарының кәсібилігі мен жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.

Бұдан кейін ақпараттық-түсіндіру тобы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесті. Жиынға шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларының өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлер салық саясатын жетілдіру, әкімшілік жүктемені азайту, ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін арттыру мәселелерін көтерді.

– Бүгінде кәсіпкерлерге ең алдымен тұрақты әрі түсінікті жұмыс ережелері қажет. Президент өз Жолдауында әкімшілік қысымды азайту, салықтық реттеуді жетілдіру және бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойды. Біздің мақсатымыз – осы бастамаларды іске асыру үшін қажетті заңнамалық негіз қалыптастыру. Бұл ретте қабылданатын шешімдер кәсіпкерлердің, соның ішінде өңірлердегі бизнес өкілдерінің нақты қажеттіліктерін ескеруі маңызды, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутат Мемлекет басшысының 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жаңа үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі бастамасына да тоқталды.

Сонымен қатар кездесуде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланды. Қатысушылар отандық кәсіпорындарды жобаларға тарту, жергілікті өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктерін қарастырды.

Ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс сапарын Шиелі ауданында жалғастырды. Аудандық «Арман» мәдениет үйінде өткен кездесуде тұрғындарға Жолдаудағы әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру міндеттері түсіндірілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін 13,3 ГВт жаңа электр қуатын іске қосу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. Бұл елдің электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етіп, генерациялау қуатының 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.