Қазақстан 2036 жылға дейін биотехнологияларды дамытудың жаңа жүйесін қалыптастырмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ғылыми идеядан бастап, зертханалық әзірлемені өндіріске енгізу мен практикалық қолдануға дейінгі толық циклді қамтитын биотехнологияларды дамытудың жаңа моделі қалыптастырылмақ, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан Республикасында биотехнологияларды дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Алматыда өткен бірлескен отырысында талқыланды.

Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, академиктер, медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Ақмарал Әлназарова биотехнологияларды дамыту ғылыммен қатар, елдің технологиялық дамуы үшін де маңызды бағыт екенін атап өтті.

– Бүгінде біздің алдымызда жекелеген ғылыми әзірлемелерден білім мен технологиялар нақты тәжірибеде қолданылатын толыққанды жүйеге көшу міндеті тұр. Қазақстанның ғылыми әлеуеті жоғары. Ендігі міндетіміз – отандық әзірлемелердің сұранысқа ие технологияларға айналып, азаматтарымыздың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға қызмет етуіне жағдай жасау, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, бұл бағытта ғылым, білім, денсаулық сақтау және өндіріс мүмкіндіктерін біріктіру маңызды. Перспективалы әзірлемелер зертхана деңгейінде қалып қоймай, диагностикада, емдеуде, өндірісте және адам өміріне тікелей әсер ететін басқа да салаларда практикалық қолданысқа енгізілуі тиіс.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев стратегияның негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанда толық технологиялық цикл жүйесін қалыптастыру екенін айтты.

– Стратегияның басты нәтижесі – тек жаңа технологияларды әзірлеп қана қоймай, әлемдегі үздік шешімдерді жедел игеруге, оларды ұлттық жағдайға бейімдеуге, ел ішінде өндіруге, қолдануға және одан әрі жетілдіруге қабілетті тиімді жүйе құру, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Отырыс барысында Ұлттық ғылым академиясының академиктері Вячеслав Локшин, Ерлан Тұрыспеков, Аманкелді Саданов және ҰҒА Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының басшысы Марлен Есіркепов медициналық, аграрлық және өнеркәсіптік биотехнологияларды дамыту бойынша ұсыныстарын таныстырды.

Сарапшылар ғылыми инфрақұрылымды дамыту, кадрлар даярлау, флагмандық ғылыми бағдарламаларды іске асыру және отандық әзірлемелерді тиімді енгізу тетіктерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Денсаулық сақтау саласында биотехнологияларды дамыту медициналық ғылым, диагностика, фармацевтика және өмір туралы ғылымдардың басқа да бағыттарына жаңа мүмкіндік бермек. Бұл еліміздің технологиялық әлеуетін нығайтып, заманауи отандық шешімдердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Отырыс қорытындысында стратегия жобасы қолдау тапты. Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстарды қарастырып, негізделген бастамаларды стратегия мен оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жетілдіру кезінде ескеру ұсынылды.

Құжатты әзірлеу жұмысы мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жалғасады.

Айта кетейік, 2027 жылға дейін Қазақстан өңірлерінде жаңа травматологиялық орталықтар ашылады.