«Қазақстан-2050» Стратегиясы - аса маңызды, ел болашағын әріден ойлаған құжат - БҰҰ-ның тұрақты өкілі

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - БҰҰ атынан мен «Қазақстан-2050» Стратегиясының аса маңызды, ел болашағын әріден ойлаған құжат екенін атап өткім келеді, дейді Мемлекеттік басқару академиясында өткен «БҰҰ-ның Қазақстанда болуына 20 жыл» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты өкілі Стивен Тулл.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы мен БҰҰ арасындағы өзара қарым-қатынас динамикалық түрде дамып келеді. Іс жүзінде Қазақстан - БҰҰ-ның барлық мамандандырылған мекемелеріне, ұйымның екі бірдей өңірлік комиссияларына (ЕЭК және ЭСКАТО) мүше.

«Биыл Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болды. Сонымен қатар, Мыңжылдық даму мақсаттарының да бірқатарына қол жеткізді. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел алдында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария етті. БҰҰ атынан мен сол құжаттың аса маңызды, ел болашағын әріден ойлаған құжат екенін атап өткім келеді.

Бұл стратегияның негізгі мақсаты және біздің де мүддеміз - Қазақстанның ішкі жағдайының жақсаруы, сондай-ақ жаһандық кеңістікте аймақтық ірі күшке айналуы», - деп атап өтті С. Тулл.

Айта кету керек, аталған семинарға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов, ҚР-дағы БҰҰ-ның тұрақты өкілі Стивен Тулл және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдармандары, ғылыми және академиялық топ, БҰҰ мен БАҚ мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысты. 24 қазан - Халықаралық БҰҰ күніне орай шара барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бейнеүндеуі жолданды.