Бүгін Астанада БҰҰ Даму бағдарламасының «Оңтүстіктің өрлеуі: алуан түрлі әлемдегі адами прогресс» атты ғаламдық баяндамасының аймақтық тұсаукесері барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков осылай мәлім етті.
Министр орынбасарының айтуынша, 14 наурызда Мексикада «Оңтүстіктің өрлеуі: алуан түрлі әлемдегі адами прогресс» атты жаһандық баяндаманың ресми тұсаукесері өткен. Ал жаһандық баяндамамен қатар, өңірлік баяндаманың тұсаукесерлері қазір әлемнің бес елінде ұйымдастырылып жатса, соның бірі бүгін Астанада өтуде. «БҰҰ ДБ биылғы адам дамуы жөніндегі баяндамасы нақты факторларға, жеткен жетістіктерге сараптама жасай отырып, әлемдік даму түсінігіне айтарлықтай үлес қосады, сондай-ақ жаһандық басқарудағы саяси басымдықтарға жол ашады деп білеміз», - деді А. Волков. Оның айтуынша, аталған аймақтық баяндама негізінен Шығыс Еуропа мен Шығыс Азия елдеріне негізделген.
«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев ұсынған Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуы да ең алдымен, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын артыруға бағытталған. Сондықтан да, бұл стратегия Адам дамуы индексінің базалық түсінігімен және мәнімен терең үйлеседі. Біз стратегияны табысты жүзеге асырған сайын, Қазақстанның Адам даму индексінің көрсеткіші де жоғары болмақ», - деді А. Волков.