«Қазақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы өзінің жаңа жобаларымен таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы аясында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылады. Олар: «Жасыл сабақ», «Инновациялық жобалардың ұлттық олимпиадасы», «Зияткер ұрпақ», «Қоғамдық шеберханалар», «Краудсорсинг», «Solicitous Oil Worker», «Ұжымдық еріктілік» және «Корпоративтік оқыту бағдарламасы» жобалары.

Аталған жобалар ойлау қабілетінің трансформациялануына, адамдардың мінез-құлық моделінің өзгеруіне және азаматтық қоғам институттарының дамуына ықпалын тигізетін шара кешендерінен тұрады. 

«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы өкілдерінің айтуынша, биылғы жұмыстың негізгі бөлігі білім беру жобаларына арналады. Бұл азаматтарда әлеуметтік-жауапкершілікке деген ерекше көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізеді.

Барлық жобалардың арасынан таңдап, «Зияткер ұрпақ» жобасын ерекше бөліп айта кету керек. Жоба аясында 3 жыл ішінде 20 000 - нан аса мектеп оқушылары қамтылып, 350 ашық сабақтар өткізілді. Оларды еліміздегі түрлі кәсіп саласының табысты өкілдері жүргізген. Биік белестерді бағындырған бұл азаматтардың өнегесі жас түлектерге үлгі болып, оқуында әрі болашақ мамандығы бойынша жетістіктерге жол бастаған.

Сонымен қатар, Қозғалыс азаматтарды «ашық Үкімет» электронды порталымен таныстыратын, азаматтардың мемлекеттік басқару процессіне қатысуға жағдай жасайтын, халық пен билік арасындағы тиімді диалогты реттейтін   «Ашық арна»  жобасын дайындады. Бұл жоба да өзінің стратегиялық маңыздылығымен ерекше болмақ.

«Жасыл сабақ» жобасы аясында қазіргі уақытта өте маңызды мәселелердің бірі - табиғи ресурстарды тиімді пайдалану көтеріледі. Бұл жобаны бүкіл республика бойынша білім беру мектептерінде   100 000 -нан аса бастауыш мектеп оқушыларын қамтып жүзеге асыру жоспарланған. Әдістемелік қүралдар ретінде анимация элементтерімен балаларға оңай түсіну үшін бейімделіп жасалған 5 тақырыптық бейнесабақтар шығарылады.

«Қоғамдық шеберханалар» қоршаған ортаны сақтауға бағытталған тағы да бір жоба. Қазір істен шыққан тұрмыстық техника үлкен проблема болып отыр.   «Қоғамдық шеберханалар» сынамалы жобасы бұл проблеманы шешуге өз шешімдерін ұсынбақ: шеберханада техниканы жөндеу және арнайы қайта өңдеу пункттеріне жөнелту мүмкіндігі бар.

«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы - бүгінгі таңда он мыңнан аса қазақстандықтарды біріктіре алған прогрессивті азаматтық бастамалардың хабы. Қазірдің өзінде ұйымның белсенділер саны 12 000-нан асады. Қозғалыс еліміздің дамуына жүйелі үлес қоса алатын жаңа буын өкілдерінен және жоғары дәрежелі мамандардан тұрады. «Казақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы аясында өткен 4 жыл ішінде 40-тан аса әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Олар 1 миллион азаматты қамтып, яғни әрбір 17-ші қазақстандықтың  өміріне ықпалын тигізді. 

Естеріңізге сала кетейік, жалпыұлттық қозғалыс құру идеясы Мемлекет басшысының ұсынысы еді.

2013 жылы 29 қарашада «Болашақ»  стипендиясының 20-жылдығына арналған Форум өткен болатын. Онда Елбасы Н.Ә. Назарбаев:  «Қазақстан-2050» Стратегиясы - бұл біздің 21 ғасырдағы ұлттық идеямыз. Ол біздің халық ұмтылатын ұлы істерге бастайды. Мен сіздермен бұрыннан беру ойда жүрген идеяммен бөліскім келеді. «Болашақ» бағдарламасы негізінде «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын», - деген еді.

Бұдан кейін 6 желтоқсанда Астанадағы Назарбаев университетінде бастамашыл азаматтар тобы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының құрылғанын мәлімдеді.