Қазақстан 2050 жылға дейін төмен көміртекті дамуға көшеді

None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен БҰҰ Даму Бағдарламасының бірлескен жобалары шеңберінде Қазақстанның 2050 жылға дейін төмен көміртекті дамуға көшуінің Тұжырымдамасы жасалды.

Бұл туралы бүгін «Тұрақты энергетика және төмен көміртектітехнологиялар» атты конференция барысында БҰҰДБ/Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жобасының қоғамды ақпараттандыру жөніндегі сарапшысы Айгүл Есенеева мәлім етті.

Оның айтуынша, қазба көмір отыны мен мұнайға негізделген Қазақстан энергетикасы ауаға шығарылатын парник газдардың 88 пайыз үлесін құрайды.

«Сонда да болса көмір, таяу онжылдықта елдің энергетикалық секторында жетекшілік орнын сақтап қалады. Осыған байланысты, өндіру және пайдаланудан туындайтын көмір қышқылы газын айтарлықтай қысқарту проблемасы айырықша маңыздылыққа ие болуда», - деп атап өтті ол.

Сарапшының сөзіне қарағанда, эмиссияның қысқаруына қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Қазіргі заманғы таза көмір технологиялары ластайтын заттардың тасталуын ең төменгі көрсеткішіне дейін немесе тіпті жоюға мүмкіндік береді.

«Мысалы, АҚШ елі 2012-2015 жылдарға қарай зиянды заттарды мүлдем шығармайтын өте таза көмір электр стансасын салуды жоспарлауда», - деді сарапшы.

А. Есенееваның атап өткеніндей, төмен көміртекті экономиканың басқа маңызды бағытарының бірі энергияның жаңартылған көздерін (ЭЖК) - жел, күн арқылы дамыту болып табылады.

«Оның әлеуеті Қазақстанда жеткілікті түрде пайдаланылмай отыр. Қазіргі уақытта елдің энергиялық балансындағы ЭЖК үлесі 1 пайыздан да төмен. Мысалы, Германия мен Данияда бұл көрсеткіш 20 пайыз шамасында. ЭЖК үшін отандық шағын қондырғылар өндіру, оларға қызмет көрсететін сервистік компанияларды дамыту, жаңа «жасыл» жұмыс орындарын құру қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартатын бірден бір тетіктердің бірі», - дейді ол.

Ертең де жалғасатын конференцияда ЭЖК даму перспективалары, энергия үнемдеуді көтеру және алдыңғы қатарлы көмір технологиясына шетелден тікелей инвестиция тарту мәселелері талқыланбақ.

Шараны ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, БҰҰ Даму Бағдарламасы мен БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясының аймақтық жобасы және Дүниежүзілік Энергетикалық Кеңестің қазақстандық комитеті бірлесіп ұйымдастырды.