Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
«Электр энергетикада біз баламалы және жаңартылатын энергияның үлесін 2030 жылға қарай - 30, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу мақсатын қойып отырмыз»,- деді ол.
Министрдің атап өтуінше, энергия тиімділікті жоғарылатуға бағытталған шараларды жүргізу нәтижесінде электр қуатын өндіру қажеттілігі 2030 жылға қарай - 13, ал 2050 жылға қарай 10 пайызға азаятын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 мамыр күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. «Жасыл экономика» еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып саналада. Аталған тұжырымдама аясында 2050 жылға қарай ЖІӨ 3 пайызға артып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Тұтастай алғанда, «жасыл экономикаға» көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызын құрайды. Ал бұл жылына 3-4 млрд. АҚШ долларына тең.