Қазақстан 26 мұнай-газ учаскесін аукционға шығарады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану, яғни мұнай-газ учаскелерін игеру құқығын алу үшін электрондық аукцион өткізеді.

Фото: Pixabay.com

Аукционға шығарылатын учаскелер Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Павлодар, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарының аумақтарында. Сауда 2026 жылдың 18 қарашасында e-qazyna.kz сайтында өтеді. Ал өтінімдер аталған порталда 5 қазанға дейін қабылданады. Аукционға қатысу үшін 100 АЕК мөлшерінде жарна төленуі керек.

Сонымен қатар, Қазақстан бірқатар шарт қойып отыр. Мұнай-газ учаскелерін игерушілер:

• Көмірсутектерді өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушының өткен жылдың қорытындылары бойынша көмірсутектерді өндіруге жұмсаған шығындарының 1%-ы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруы тиіс;
• Өткен жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіру кезеңінде шеккен өндіру шығындарының 1%-ы мөлшерінде Қазақстан Республикасының аумағында өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруы керек;
• Келісімшарт бойынша көмірсутектерді өндіру кезеңінде өткен жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушы шеккен өндіруге арналған шығындардың 1%-ы мөлшерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға қаржы салуы қажет.

Бұдан бөлек көрсетілетін қызметтер, тауарлар және кадрлық құрамға қатысты қойылған нақты талаптар бар.

Айта кетейік, бұған дейін жер қойнауын пайдалану саласында 40 млн долларлық инвестициялық жоба қолдау тапқанын жазғанбыз.