Қазақстан 30 жыл ішінде орта держава деңгейіне көтерілді – саясаттанушы

Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанудың нәтижесінде қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр және халық сенімі бар. Бұл пікірді саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым Kazinform агенттігінің «BIZDIÑ ORTA» подкастында келтірді.

- Халықаралық қатынастардағы оқиғалармен салыстырмалы түрде айтқанда, Қазақстанның сыртқы саясаты бірден көзге түседі. Біріншіден, халықаралық қатынастарда егемендік эрозиясы деген түсінік пайда болды, яғни мемлекет емес әрекет етуші субъектілер пайда болды. Жалпы адамдар мен мемлекет арасындағы байланыс, қоғамда болып жатқан үрдістер қатты әсер етіп жатыр, соның әсерінен түрлі саяси идея, құндылықтар бойынша бөліну жиілеп кетті. Осындай ортада қоғамына қолайлы саясат жүргізу өте қиын, - деді Риззат Тасым әңгімелесу барысында.

Саясаттанушының пайымдауынша, Қазақстан ұлттық мүддені қорғап, көпвекторлы саясатты лайықты атқарып келе жатыр.

- 30 жылдан астам уақыт ішінде, шынымен де халықаралық қатынастар субъектісінде енді ғана тәй-тәй басқан мемлекет орта держава деңгейіне дейін көтерілді. Бұл Қазақстанның өзіндік мойындауы емес, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанның деңгейін мойындауы. Екіншіден, ішкі аудитория тұрғысынан қарасақ, Қазақстан жүргізіп отырған көпвекторлы саясатты мен толықтырушы едім, прагматикалық көпвекторлы саясат десек, оған қоғам ішінен ішкі сенім пайда болды. Өйткені, кез келген сыртқы саясаттың мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, - дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы көпвекторлы саясат, қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырғанын, соның арқасында халық сенімі барын айтып отыр.

- Қазір кез келген саяси билік Қазақстандағы сыртқы саясатты біржақты, бір мемлекеттің мүддесіне қарай ығыстыратын болса немесе сондай ой тастағанның өзінде, ең қызығы бұған халықтың өзі қарсы болады. Бұл көпвекторлы саясатты ұстанушыларға үлкен мысал, екінші жағынан халықаралық қауымдастықта да Қазақстанға деген, Қазақстанның саясатына деген сенім пайда болды, яғни осы уақыт аралығында халықаралық қауымдастықтың Қазақстан ұсақ, қысқамерзімді пайда үшін ұзақ мерзімді стратегияларды құрбандыққа шалмайтынына көзі жетті. Керісінше, байыпты, байсалды саясат жүргізе алады, онымен ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатуға болады, одақтастық мәселелер бойынша да сенім артуға болады дегеннің арқасында Қазақстан жаһандық мәселелерге араласып отыр, - деп толықтырды Р. Тасым.

Осыған дейін саясаттанушы Денис Жиляевтің Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға сапарына қатысты пікірін берген едік.