Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында еліміздегі туризм саласын дамыту мәселесі бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Бүгінде ҚР Сыртқы істер министрлігі дамыған 34 елге қатысты визалық режімнен бас тарту бойынша жобаны іске асыруда. Біздің пікірімізше, бұл жұмысты жеделдету қажет», - деді министр.
Осы орайда, Ә. Исекешев мұндай шаралар Қазақстандағы туризм саласын дамытуға негізделіп отырғандығын жеткізді.
«Жалпы өткен екі жылда туризм саласында оң қарқын байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 161 пайызға артты. Осы салада қызмет көрсетіп жүрген компаниялардың үлесі 2 есеге өсіп, 128 млрд. 600 млн. теңгеге жетті. Дегенмен де, мұны үлкен жетістік деп айтуға болмайды. Алда көптеген міндеттер тұр. Елбасының тапсырмасына сәйкес аймақтарда бірнеше ірі жобаларды іске асыру жоспарланған»,-деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, 2011 жылы елге келген туристердің саны 5 млн. 600 мыңнан астам адамға жетті. Ал, ішкі туристер 5 млн. 300 мыңнан астам адамды құрады. Туристік салада көрсетілген қызмет көлемі 74 млрд. теңгені немесе 500 млн. АҚШ доларына жуық қаржыны құрады.