Қарсы алу салтанатына боксшылардың туыстары, достары және спорт жанкүйерлері жиналды. Санжар Тәшкенбай осы байрақты бәсекеде қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдірді.
«Өз нәтижеме көңілім толады. Жалпы, жарыс қиын болды. Бәрі де Олимпиадаға барғысы келеді. Енді оны уақыт көрсетеді, мен барымды саламын. Барша жанкүйерге алғыс айтқым келеді», - деді боксшы БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Осы орайда, Санжардың әкесі Тәкен Шалдыбаев ұлының жеңісіне қатысты пікір білдірді.
«Қазақстан 4 «алтын» алды дегенде жүрегім жарылып кете жаздады. 3 қыз, 3 ұлым бар. Мен өте бақытты адаммын. Міне, болашақ спорт жұлдыздары өсіп келе жатыр. Сезім ерекше, толқып тұрмын. Қазір жастарға барлық жағдай жасалған. Соның арқасында осындай мықты жастар өсіп келе жатыр», - деді чемпионның әкесі Тәкен Шалдыбаев.
Ал, келесі чемпион Нұрбек Оралбай келер жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысу және онда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.
«Алда Олимпиада ойындары бар. Оған бар күшімізді саламыз. Мен өткен Азия ойындарында иорданиялық спортшыдан ұтылып, 3-орын алған болатынмын. Осы жолы ширек финалда сол боксшымен қайта кездестім. Бұл жолы ревенш жасап, жеңіп алдым», - деп пікір білдірді Нұрбек Оралбай.
Еске салайық, бүгін сағат 13:20-да елорда әуежайына Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен чемпиондардың алғашқы легі келді. Атап айтқанда, алтын медаль иеленген Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегер Дулат Бекбауов елге оралған болатын.