«Қазіргі уақытта локомотив паркі 1 мың 807 локомотивтен тұрады. Тозу деңгейі – 61%. Жылжымалы құрамның жұмыс қабілетін қамтамасыз етіп, парктің тозу деңгейін төмендету үшін биыл 185 локомотив сатып алынды. Келесі жылы 187 бірлік сатып алу жоспарланған. Ал одан кейінгі үш жылда тағы 257 локомотив жеткізіледі», - деді министр.
Марат Қарабаевтың сөзінше, бұл локомотив тапшылығын толық жоюға ықпал етеді.
«Жүк вагондарына тоқталатын болсақ, жалпы парк 139 мың вагоннан тұрады. Бұл нарықта 300-ден астам жеке оператор жұмыс істейді. Оның ішінде «Қазақстан темір жолына» 38 мың вагон тиесілі. Олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни елдің энергетикалық секторына және халыққа көмір жеткізуге жұмылдырылған. Бұл ретте, 2026 жылға дейін Ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 800-і биыл пайдалануға берілді», - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында теміржол вокзалдарының жай-күйіне тоқталған еді. Онда министр 59 теміржол вокзалының 54-і жөндеуді қажет ететінін атап өтті.