Қазақстан 7 тамызда Олимпиадада медальдар санын жетіге жеткізді
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 7 тамызда Қазақстан құрамасы медальдар санын жетіге жеткізді.
Ең әулелі грек-рим күресінен 77 келіге дейінгі салмақта Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалында жапониялық балуан Нао Кусакаға есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ал тағы бір 87 келі салмақта ел намысын қорғаған балуанымыз Нұрсұлтан Тұрсынов ширек финалда Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының чемпионы Жан Беленюктен (Украина) жеңіліп қалды.
7 тамыз күнгі Олимпиада ойындарының соңғы нүктесін бокстан 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай қойды. Ол Париж Олимпиадасының финалында Александр Хижнякқа (Украина) есе жіберіп, ел қоржынына үшінші күміс жүлдені сыйлады. Шиеленісті өткен жекпе-жектің есебі – 2:3.
Осылайша, ел қоржынына бір күнде екі күміс медаль түсіп, жалпы медальдарымыз саны 7- ге жетті.
Өкінішке қарай, өзге спорт түрінен сынға түскен спортшыларымыз жарқын жетістіктерімен қуанта алған жоқ.
Атап өтсек, велотректен спринт бағдарламасының іріктеуінде сынға түскен Андрей Чугай 30-орынға табан тіреп, келесі кезеңге шыға алмады. Уақыт көрсеткіші – 10.047 секунд.
Таэквондошымыз Самирхон Абабакиров (58 кг) алғашқы айналымда Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Вито Делль'аквилаға (Италия) жол берді. Есеп – 1:2.
Байдарка мен каноэде есуден ел намысын қорғаған Сергей Емельянов каноэде 1000 метрге жарыстың іріктеуінде өз тобында 4-орын алды.
Байдаркада 1000 метрге ескек есуде жекелей сынның іріктеуінде отандасымыз Бекарыс Раматулла мәреге соңғы болып жетіп, жартылай финалға тікелей жолдама ала алмады. Енді ол ширек финалда тағы жүлде үшін бақ сынайды.
Осылайша, Олимпиаданың он екінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.
Естеріңізге сала кетсек, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып жатыр.
Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.