Бұл туралы елордада Астана клубының үшінші отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің сыртқы саясаттың ұстанымдары белгілі, сондықтан жоғары дайындығы бар осындай аудиторияның алдында тыңғылықты таныстыруды қажет етпейді. Бүгінде Қазақстан адамзаттың барлық өзекті мәселелері бойынша халықаралық диалог алаңы болып отыр. Бұған қазіргі кезде көрнекті дәлел ретінде биыл жазда өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін еске салған жөн. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты, көрмеге 4 миллионнан астам келді. Біз соңғы кезде әлем керек болып тұрған қажеттіліктерді енгізуге тырысудамыз. Яғни жаһандық мақсаттарды шешу үшін бірігуді, ауызбіршілікті, толеранттылықты алға тартудамыз», - деді Елбасы отырысқа қатысушыларға қаратып айтқан сөзінде.
Осы орайда Мемлекет басшысы қазақстандық дипломатияға диалог, келісім және өзара тиімді әріптестік философиясы тән екенін айта келе, бұл тұрғыдағы қадамдар Сириядағы жағдайды реттеуді, ядролық қаруға қарсы бастамаларды, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогқа қосқан үлесті, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша күн тәртібін әзірлеуді қамтып отырғанын еске салды.
«Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, 1 қаңтардан бұл ұйымға төрағалық етеміз. Қауіпсіздік Кеңесі отырыстарына қатысу халықаралық қатынастар жүйесінде болып жатқан қозғалыстарды айқынырақ көруге мүмкіндік берді», - деді Президент.
Айта кетейік, Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының үшінші отырысы басталды . «Форумның жұмысына Түркияның экс-презденті Абдолла Гүл, Чехияның экс-президенті Вацлав Клаус, Словенияның экс-президенті Данило Тюрк, сондай-ақ көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, әлемнің жетекші сарапшылары, белгілі саясаткерлер мен дипломаттар қатысып отыр.